• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Қараша, 2021

Байтақ баба бейнесі

728 рет
көрсетілді

Бабатанымға салсаңыз, байырғы қазақ өркениеті ғасырлар тізбегінде айшықты із қалдырып, асқақ арманы жолында аршынды қадам басып, аңызға бергісіз ғұмырлық пәлсапа түзген. Ертегідей көрінген мифтік оқиғалар желісі ақиқаттан алыс емес. Оны тарих тізбегі дәлелдеп-ақ келеді. Сенбесеңіз, белгілі суретші Ағымсалы Дүзелхановтың «Қызыр баба – төрт түлік» картинасына қараңызшы.

Ескі әпсана есті шығармаға арқау болғандай. Туынды мифологиялық жанрға жатады. Тіпті, оқырман ежелгі флора мен фаунаның құдайларын еске түсіруі мүмкін. Композицияның орталық бейнесі – Қызыр баба. Негізгі культ осы.

Қазақы таным шеңберінде Қыдыр (Қызыр) ата – халықтың қорғаушысы, қайырымды әулие, көріпкел ретінде елес­тейді. Халық Ұлыстың ұлы күні әр үйдің босағасынан еніп, ақ батасын беріп, жақ­сылық алып келеді деп ойлаған. Сон­дықтан оны жаңарудың, жаңа күннің символы ретінде қадір тұтады. Сондай-ақ көктемнің келуі тек соның келбетімен сипатталады.

Суретші сурет ортасында қарт Қы­зыр бабаның мүсінін бейнелеген. Оң қо­лында асатаяғы бар, оның үстіне гүлдер құлпырып, екінші қолынан өзен ағып тұр. Аңыздардың бірінде Қыдыр ата жерасты әлеміне барғаны айтылады. Онда тірі су көзін тауып, сол судан ішіп, өлмеске ай­нал­ғаны туралы баяндалған.

 Келесі бір әпсанаға сүйенсек, Қыдыр ата шөл далада тамағы құрғап, ыстықтан өліп бара жатқан саяхатшыларды құтқарып қалған екен. Шығармада кенеп бойымен су ағындары тасып жатқанын байқаймыз. Оның шешек атқан ағаштарды, шырынды шөптің арасында жайылып жатқан жануарларды суғаруға келгенін көреміз. Әртүрлі образда тіршіліктің тамыршысы ретінде Қыдыр ата картинаның мазмұнын жандандырып тұр.

Фонға көз салсақ, байтақ бабаның төрт түліктің қамқоршысы екенін анық көруге болады. Зеңгі баба – сиырдың қамқоршысы, Шопан ата – қойдың қамқоршысы, Ой­сылқара – түйе қамқоршысы және Қам­бар ата – жылқылардың қамқоршысы. Әрқайсысының қасында өзінің сүйікті жануарлары бейнеленген. Суретші жиынтық бейне арқылы қазақтың ескі аңызына жан бітіреді.

Композиция кейіпкерлері симме­триялық түрде теңдестірілген және көлең­ке мен жарықтың қарама-қайшылығы бай­қалады. Картинадағы нысандардың өлшемі мифологиялық жанрдағы кескін­демелерге сай жазылған.