Жаздыгүні жоғары оқу орнынан кейінгі білім алудан түрлі себеппен қалыс қалған талапкерлерге жаңа мүмкіндік туып тұр. Биыл алғаш рет магистратура мен докторантураға бір жылда екінші рет құжат тапсыруға болады. Кешенді тестілеуге құжат қабылдау 1 қарашада басталды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында магистратура мен докторантураға түсу бойынша қабылданған шешім туралы жазды. Сондағы ақпаратқа сүйенсек, бұдан былай оқуға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Байқауға жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын кешенді тестілеуден өтпегендер де қатыса алады.
Ал Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев жақында мұндай шешім талапкерлердің қажеттілігі мен мүддесіне қарай қабылданғанын жеткізді.
«Мұндай маңызды шешімдерді қабылдау кезінде министрлік студенттердің мүдделерін әрқашан бірінші орынға қояды. Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантқа үміткерлер жылына екі рет, дәстүрлі түрде – жазда және қосымша қыста тестілеуден өте алатынын хабарлаған болатын. Соған сәйкес талапкерлер 1 қарашадан бастап магистратураға түсу үшін екінші мәрте өткізілетін кешенді тестілеуге құжаттарын тапсыра алады. Тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда үміткерлер жаз айында оқуға қабылдау қорытындысы бойынша бөлінген гранттарды ұтып ала алады», министрдің орынбасары.
Енді емтиханға тіркелу, мамандықтар бөлінісінде гранттардың санына тоқталсақ.
Ең әуелі екінші кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында өтеді. Құжат қабылдау 2021 жылдың 1-15 қарашасы аралығында жүргізіледі. Кешенді тестілеу 2021 жылдың 18 қарашасынан 11 желтоқсанына дейін жалғасады.
Магистратураға грантқа үміткерлер дәстүрлі түрде шет тілі, білім беру бағдарламалары тобының бейіні және оқуға дайындығын анықтау бойынша тест тапсырады. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификаты бар адамдар автоматты түрде шет тілі бойынша тестілеуден босатылады. Тест нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Нәтижелерімен келіспеген жағдайда қатысушылар емтихан аяқталған соң 30 минуттан кейін онлайн-апелляцияға өтініш бере алады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл – 75, бейінді магистратураға түсу үшін 50 баллды құрайтынын атап өткен жөн.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Магистратураға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.
Магистратураға түсушілер барлығы 3 мыңнан аса мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады. Мамандықтар бөлінісінде ең көп грант «Химия» (172 грант), «Ветеринария» (169), «Механика және металл өңдеу» (156), «Металлургиялық инженерия» (137), «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын мен конструкцияларын өндіру» (132 грант), «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» (130) және басқа мамандықтар бойынша бөлінген.
Биыл докторантураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілген еді. Енді докторантураға қабылдау «1 талапкер – 1 компьютер – 1 камера» қағидаты бойынша өңірлік тестілеу орталықтарында электронды форматта өтетін түсу емтиханының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Бұл емтихан тапсыру кезінде ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, қабылдау емтиханы эссе жазу, докторантурада оқуға дайындық тестілеуі және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихандардан тұрады.
Екінші рет өткізілетін докторантураға түсу емтиханына қатысу үшін де сол Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында тіркелу керек. Мұнда да магистратурадағыдай қабылдау емтиханы 2021 жылдың 18 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында, оқуға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді. Айта кетейік, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде оқуға түсу үшін өту балы 75 баллды құрайды.
Докторантурада білім беру гранттары жоғары оқу орындары бойынша бөлінген. Оның ішінде ең көбі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне (87 орын) тиесілі. Мұнда «Педагогика және психология», «Информатика педагогтерін даярлау», «Әлеуметік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау», «Философия және әдеп», «Тарих және археология», «Әлеуметтану», «Саясаттану және конфликтология», т.б. мамандықтарда оқуға мүмкіндік бар. Грант бөлінісі бойынша екінші орында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi тұр. Аталған оқу орнына «Исламтану», «Шығыстану», «Филология», «Журналистика және репортер ісі», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», тағысын тағы түрлі бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша 78 орынға грант берілген. Жоғарыдағы қос ЖОО-дан бөлек тағы 41 отандық университет әртүрлі мамандықтар бойынша докторанттарды даярлайды. Бұл туралы толығырақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған деректен білуге болады.