Бокстан Сербия астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар әзірше сәтті өнер көрсетуде. Жарыстың сегізінші күнінде Қайрат Сәтжанов басшылық ететін Қазақстан құрамасының алты бірдей өкілі 1/16 жекпе-жектерін өткізіп, барлығы да ширек финалға шықты. Сөйтіп, кеше 10 боксшымыз жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салды.
Ширек финал жолдамасына таласқан алты боксшымыздың жеңісті жолын 57 кило салмақтағы Серік Теміржанов бастап берді. 2016 жылы Павлодарда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған ол үш жарым жылдың ішінде ересектер арасындағы додаларда да өзін жақсы қырынан көрсете бастады. 2018 жылы Қазақстан чемпионатының күміс медалін, 2019 жылы Мажарстанда өткен халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленген жерлесіміз биыл Токио Олимпиадасында өнер көрсетті. Өкінішке қарай, екінші айналымда әлем біріншілігінің күміс жүлдегері америкалық боксшыға есе жіберген еді. Енді, міне, Сербиядағы әлемдік сайыста бақ сынап, турнирдің ширек финалына дейін жетіп отыр. 23 жастағы отандасымыз әлем біріншілігінің 1/16 финалында өзінен бойы да, қолы да ұзын үндістандық Рохит Мормен жұдырықтасты. Арақашықтықты сақтай отырып бокстасқан Теміржанов жекпе-жекті өз пайдасына шешті.
Серіктен кейін шаршы алаңға шыққан ұлттық құраманың капитаны, 67 кило салмақтағы саңлағымыз Абылайхан Жүсіпов те жанкүйерлер сенімін ақтап, ширек финалға шықты. Құрама сапындағы екі әлем, екі Олимпия ойындарына қатысқан жалғыз боксшымыз бұл сында польшалық Дамиан Дуркачты 5:0 есебімен айқын жеңді.
Қазақстандық боксшылардан күндізгі сессияны 75 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 21 жастағы Нұрқанат Райыс түйіндеді. Бұған дейін жастар арасында болсын, ересектер арасында болсын бірде-бір рет әлем біріншілігінде жұдырықтасып көрмеген отандасымыз ширек финалға жолдама беретін айқаста Босқындар құрамасының өкілі Сулиман Асламимен кездесіп, әріптестерінің жеңісті жолын жалғады. Тіпті жерлесіміз екінші раундта қарсыласын бір рет есеңгіретіп те алды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Нұрқанат төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті – 5:0.
Кешкі сессияның шымылдығын әлем чемпионатындағы жарқын жеңісінің арқасында Қазақстанның ғана емес, әлем жанкүйерлерінің ықыласына бөленген Сәкен Бибосынов ашып берді. Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, Үндістанның үкілеп қосқан тәжірибелі боксшысы Депакпен шаршы алаңда жұдырықтасқан Бибосынов үш раунд бойы қарсыласының адымын аштырған жоқ. Сөйтіп, төрешілердің шешімі бойынша айқын басымдықпен жеңіске жеткен отандасымыз жүлделі орындарға қарай тағы бір маңызды қадам жасады.
Әлем чемпионатындағы тамаша жекпе-жектерімен бокс мамандарының назарын өзіне аударған Санатәлі Төлтаев (63,5 кг) кеше тағы бір жарқын жеңісімен жанкүйерлерін қуантты. Отандасымыз жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері украиналық Денис Песоцкийден айласын асырып, сыңары Саматәлімен бірге ширек финалда жұдырықтасатын болды.
Құрамамыздағы тағы бір егіздің сыңары Нұрбек Оралбай (80 кг) артық күш жұмсамай ширек финалға жолдама алды. Мажарстаннан келген Пал Ковачты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, үздік сегіз спортшының қатарына кірген оныншы қазақстандық боксшы атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының боксшылары 13 салмақтың онында ширек финалға шығып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жайғасты. Екінші орында ¼ финалға 8 боксшысы шыққан Ресей құрамасы тұр. Ал алты боксшысы қалған Өзбекстан, Куба және АҚШ құрамалары үшінші орынды өзара бөлісіп тұр. Сонымен қатар ширек финалға Үндістан мен Таиландтың – 5, Әзербайжанның 4 боксшысы жолдама алды.