Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Парижде (Франция) өтіп жатқан ерлер арасындағы ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады.
Ол алғашқы айналымда әлемнің 24-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен күш сынасты. Бірінші партияда қазақстандық теннисші жеңілді – 2:6. Есесіне екінші сетте күш алып, қарсыласынан 7:5 есебімен басым түсті. Ал шешуші үшінші партияда есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасады. Әйтсе де ойынға доп қосу сәтінде жиі қателесіп, қарсыласы таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен, А.Бублик екінші мүмкіндігін мүлт жібермей, тағы да 7:5 нәтижесімен жеңісті жұлып әкетті.
Тартысты өткен матч 2 сағат 15 минутқа созылды. Бәсеке барысында А.Бублик 24 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді. Осылайша Қазақстан өкілі өзінің спорттық жолында алғаш рет Париж мастерс турнирінің екінші айналымына шықты. Енді ол жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын жарысты жалғастыру үшін әлемнің сегізінші, осы доданың 6-ракеткасы норвегиялық Каспер Руудпен күш сынасады.