• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2014

Елорданың ертеңгі биігі – ЭКСПО-2017

519 рет
көрсетілді

Болашақ көрмеге біздің үлесіміз

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келешекте сұраныс артатын салалардың бірі қуат көзі екенін үнемі айтып келеді. Биылғы Жолдауында да дамыған 30 елдің қатарына енуді жоспарлаған еліміздің аталған мүмкіндіктерді – энергияға сұраныстың артуын жіті пайдалануы қажеттігін жеткізді. Жолдауда алдағы бесжылдық даму кезеңдерінде болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салу қажеттілігі айтылды. Бұл – 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының алғашқы кезеңіндегі басым­дықтардың бірі. Сондықтан, біз бұл мін­детті жүзеге асыруды жеделдетуді өзі­мізге үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш санаймыз. Елімізде келешектің энергиясын іздеу бағытындағы Елбасы тапсырмасын жүзеге асырудың алғышарттары жүзеге асып жатыр деуге болады. Өскемен қаласының іргесіндегі «Қазақстан SOLAR SILIKON» ЖШС аталған бағытта құрылған болатын. Өткен жылы Индустрияландыру күні аясында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жобаларының тұсау­кесеріне арналған жалпыұлттық теле­көпір ба­рысында Өскемендегі фотоэлектрлі плас­­тиналар шығару зауыты іске қосылды. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы құрамындағы инновациялық, жоғары технологиялық кәсіпорын әлемнің ең озық технологиясымен жабдықталған. Бұл жерде күн батарея­ларына қажетті, күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұя­шық­тар жасалады. Кәсіпорынның қуаты 60 мегаваттан кем емес. Аталған өндіріске 23 миллиард теңге инвестиция салынды. Былтыр маусым айында Елбасы Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында зауыт құрылысымен танысқан болатын. Аз уақыт өткен соң, телекөпір барысында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы отандық күн батареялары өндірісінің циклін әзірлеп шыққанын қуана хабарлағанбыз. «Қазақстанда шығарылған» деген жазуы бар күн батареялары толықтай дерлік елімізде ғана өндірілмек, яғни кремний шикізатын игеруден бастап дайын тауар жасауға дейінгі үдерістердің бәрі өзімізде іске асырылады. «Астанадағы дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек», деді Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында. Яғни Президентіміз ерекше назарда ұстап отырған «Қазақстан SOLAR SILIKON» инновациялық-жоғары технологиялық кәсіпорны ЭКСПО-2017 көрмесінің айрықша тауарлық бренді болмақ. Бұл туралы Елбасы да айтқан болатын. «Жасыл экономика» бағдарламасы аясындағы жобаны жүзеге асырып жатқан кәсіпорында Еуропа елдерінен жеткізілген озық үлгідегі күрделі қондырғылар орнатылған. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, француздың «ЕСМ» және «SEMCO» фирмалары шығарған негізгі технологиялық құрылғылар алғашқы сынақтан сәтті өтті. Зауытта еліміз үшін мүлдем жаңа өнім, яғни күн батареяларының басты бөлшектері – фотоэлектрлі пластиналар шығарылады. Францияның өндірістік технологиясы бойынша жұмыс істейтін зауытқа қажетті кремний шикізаты Алматы облысының аумағынан қазылып алынады. Мұндай таза кремний әлемде екі-ақ жерде Австралияда және Қазақстанда кездеседі. Пластиналар осы жерден Астанадағы зауытқа жөнелтіледі, күн батареялары елордамызда құрастырылады. Әлемдік бәсекеге қабілетті дайын өнім шығаратын заманауи зауыт ұжымы Жол­дауда белгіленген міндеттер үдесінен шығу үшін еңбек ете бермек. Василий ЛИ, «Қазақстан SOLAR SILIKON» ЖШС директоры. ӨСКЕМЕН.

Ғасырлар тоғысындағы көрме

ЭКСПО шежіресі: Париж, 1900 жыл

ХХ ғасырдағы алғашқы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі 1900 жылы 15 сәуірден 12 қараша аралығында Париж қаласында өтті. Ғасырлар тоғысындағы бұл көрме жалпы Халықаралық көрмелер тарихындағы ең танымал көрменің бірі болып табылады. 1900 жылғы Париж көрмесін 7 ай ішінде 50 миллионнан астам адам тамашалады. Ғасырлар тоғысындағы бұл көрме шын мағынасында ХІХ ғасырда бүкіл әлемде қол жеткізілген жетістіктерді паш еткен көрме ретінде тарихта қалды. 1900 жылғы Бүкіләлемдік көрмені халықаралық еңбек, прогресс және өркениет мерекесі деп атады. Көрмелер тарихында алғаш рет әлемнің ең дамыған 35 мемлекеті көрме қалашығында өздерінің павильондарын тұрғызды. Бұл павильондарда сол мемлекеттің тарихын, мәдениет және өнер саласындағы жетістіктерін көрсететін жәдігерлер кеңінен көрініс тапты. Ғасырлар тоғы­сындағы көрмеде сол уақытқа дейін жаһандық өндіріс сахнасында адамзат баласы қол жеткізген барлық жетістіктер  үлгісі паш етілді. Көрме жалауы желбіреген 7 ай ішінде әлем халқының көз алдында шын мәніндегі өнер, ғылым және техника жетістіктерінің айшықты шеруі салтанат құрды. Көрме қалашығы орналасқан Марс жазығында ғылым мен техниканың небір жетістіктері көрініс тапты. Мұнда кен игеру жұмысының металлургия, машина жасау өндірісінің үлгілері, энергетиканың табыстары көр­ме­ге келушілердің назарына ұсынылды. Енді бір павильонда сәулет өнерінің жетістіктері, көлік және химия өнеркәсібінің заттары қойылса, енді бір жерде тоқыма және жібек маталардан тігілген ғасыр тоғысындағы ғажап киім үлгілері орналасты. Сондай-ақ, көрме қалашығында жаңа ғасыр басында әлемдегі білім беру саласында қол жеткізген жаңалықтар мен медицина саласында ашылған ғылыми ізденістер кеңінен таныстырылды. Көрме қалашығының енді бір бөлігінде фотография, баспахана және сахна өнері жетістіктерінің жаңалықтары көрсетілді. Бұл көрменің осыған дейінгі өткен көрмелерден тағы бір ерекшелігі мұнда тауарды қайта өңдеу технологиясы көрермендерге кеңінен таныстырылды. Қайта өңдеу өнімдерін шығаратын машиналар мен жабдықтар көрермендердің көз алдында жаңа өнім түрлерін өндірді. Сонымен бірге, техникалық жаңалықтар көрмесінде белгілі бір салада ашылған жаңалықтар шежіресі таныстырылды. Мә­селен, А.Лавуазьенің хи­мия­­­лық аппараттарының, Л.Пас­тердің микроскоптарының, Робердің қағаз шығаратын машиналарының, жасанды алмас жасайтын А.Муассанның аппараттарының техникалық даму шежіресі көрмені тамаша­лаушылардың көңілінен шықты. Электр энергетикасының, кинематографияның және автомобиль саласы өндірістерінің ғылыми табыстары ғасыр тоғысындағы өнеркәсіптің жоғары жетістіктерін айшықтады. 1900 жылы Парижде өткен бұл көрме туралы сол күндері жарық көрген «Технолог» журналы былай деп жазды: «Автомобильдер аттарды айырбастап, қалалардың және деревнялардың өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Пайдалы жұмыстың 15-20 пайызын ғана атқаратын бу машиналарының орнын жылу машиналары (дизель отынымен жүретін), электр жарығы майшам жарығын жаппай алмастырып, өндірістің барлық саласына кеңінен еніп барады. Сымсыз телефон және телеграф, рентген аппараттары ғылыми жетістіктердің небір үздік үлгілерін көрсетуде». Бүкіләлемдік көрмелер тарихында алғаш рет Ресей 1900 жылғы көрмеге бұрын-соңды болып көрмеген белсенділікпен атсалысты. Сол бір жылдары Ресей мен Франция мемлекеттері арасында қалыптасқан шынайы достық қарым-қатынастар Париж көрмесінде Ресей елінің өндірістік, ғылыми және өнер саласындағы табыстарын кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Көрме қалашығындағы Ресей мемлекетінің павильондары 24 мың шаршы метр аумақты алып жатты. Осы көрмеге қатысу үшін Ресей сол бір кезең үшін орасан зор қаржы – 5 226 895 рубль жұмсады. Ресей тарапынан бұл көрмеге Д.И.Менделеев бастаған көптеген ғалымдар қатысты. Д.И.Менделеев осы көрмедегі Халықаралық қазылар алқасы төрағасының орынбасары болды. «Ғасыр бағасы» атты 1900 жылғы Париж көрмесінде ХІХ ғасырда адамзат қол жеткізген ғылым және өндіріс табыстары толығымен паш етілді. Міне, осыдан кейін көрмелер шежіресінде өнеркәсіптік төңкеріс әсері бәсеңдеп, технология мәселесі көрмелердің басты тақырыбынан түсе бастады. Сөйтіп, 1900 жылғы Бүкіләлемдік көрме ЭКСПО тарихындағы ғылыми жетістіктер барынша кеңінен көрініс тапқан көрме болды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл жетістікті ешқандай көрме қайталай алған жоқ. 1900 жылғы 30 қазанда тура түн ортасында Эйфель мұнарасы алқызыл түске бөленіп, самаладай жарқ етті. Осы жарықпен бірге ондаған зеңбіректің оғы түнгі аспанды тілгілеп, дүрс-дүрс атылды. Бұл ХІХ ғасырда адамзат қол жеткізген ерен жетістіктерді әйгілеген Бүкіләлемдік көрменің салтанатты түрде жабылғанын төрткүл дүниеге таратқан хабар еді. Үздік ондыққа енген жоба Біздің колледж өткен жылы бірқатар шығармашылық табыстарға қол жеткізді. Алматы қаласында  өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған «Болашақ осында басталады» атты бірінші республикалық инновациялық жобалар байқауына қатысқан біздің колледждің «Арнаулы пәндер» оқытушылары мен студенттері алғыс хатпен марапатталды. Жалпы, республика бойынша бұл шараға 47 жоба қатысты. Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің оқытушылары мен студенттерінің дайындаған жобасы «Үздік он жобаның» қатарына енді. Жобаның жетекшілері «Арнаулы пәндер» оқытушылары Ільяс Сахитжан мен Жандәулет Алманиязов және студенттер Олег Кузнецов, Андрей Бедный болатын. Жоба «Арнаулы пәндердегі тәжірибелік-зертханалық жұмыстарда бақылау-өлшеу аспаптары ретінде жеке компьютерлерді қолдану» деп аталды. Жобаны дайындаудағы мақсат – көп каналды сандық осциллограф ретінде тасымалданатын жеке компьютерді (ноутбукты) пайдалану болып табылады. Мұнда электрлік өлшеу жұмыстары кезінде стандартты өлшеу аппараттары – осциллографтар, вольтметрлер, өлшеу генераторлары және өлшеу аппаратураларының қосымша құрылғылары қолданылады. Бұл аппараттардың көлемдері мен салмақтары үлкен. Сондықтан да профилактикалық іске қосу зертханалық және басқа өлшеу жұмыстарында бірлестіріп пайдалану қиындық тудырады. Осы проблеманы шешу үшін ұстаздар осы жобаға жетекшілік жасап, студенттермен бірге дайындады. Қорытынды байқаудың нәтижесінде біздің колледжіміз жеңіске жетті. Лаура Махамашова, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің оқытушысы.

Қазақстан – Мадрид көрмесінде

Үстіміздегі жылғы қаңтар айының соңында Мадрид қаласында 34-халықаралық атақты  «FITUR» туристік көрмесі болып өтті. Оған Қазақстан тарапынан Астана ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрме тақырыбына арналған тақырыптық көріністер қатысты. Халықаралық «FITUR» туристік көрмесі әлемдік туризм саласындағы айтулы шаралардың бірі болып табылады. Бұл көрмеде туризм саласында қол жеткізілген жетістіктер жаңа қызмет түрлері мен тауарлар үлгілері қойылады. Сонымен бірге, осы көрме шеңберінде мамандар тәжірибе алмасып, оқу-тәжірибелік тренингтері өткізіледі. Міне, осы шара­лардың бәрінде еліміздің туристік саласы белсене қатысты. «FITUR» туристік көрмесіне келушілер IFEMA көрме кешені залында орналасқан қазақстандық жәдігерлермен жан-жақ­ты танысты. Олар­дың тарапынан Астана ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты қойылған тақырыптық стенд ерекше қызығушылық туғызды. Осы шаралар аясында көрмені тамашалаушылар үшін Астананың және жалпы Қазақстанның туристік мүмкіндіктері кеңі­нен паш етілді. Халық қол­өнершісі Берік Әлібай  көш­пенділер қолөнерінің небір тамаша үлгілерін көрсетті. Қ.Байжанова атындағы «Аққу» өнер бірлестігі ұлттық на­қы­ш­тағы әуезді әуендерімен келушілерді баурап алды. Статистика деректері бо­йынша, Мадридте өткен көр­меде 9 мың компанияның жетістіктері паш етілген. «FITUR-2013» көрмесі өткен 5 күн ішінде оны 91 мыңнан астам адам тамашалады. Жарас Сәдуақасов.

Туризмге қосар үлес толайым

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстанның 160 жылдан астам тарихы бар ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын иеленуі дер едім. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, ЭКСПО сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүние жүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені, елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ЭКСПО көрмесін өткізген мемлекетке қыруар инвестиция құйылып, туризм саласында көп септігін тигізді. Мысал ретінде мен әлемге әйгілі Эйфел мұнарасын атап айта аламын. Ол – ЭКСПО көрмесіне арнайы салынған нысан. Қазіргі таңда ғашықтар мұнарасымен танылып кеткен Эйфел мұнарасы туристердің ең көп баратын орнына айналды. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі туризм дамуының бір бағыты болатынына сенемін. Бұл жерде мемлекет пен көрме өтетін қала­ға шетелдік туристерді тартуға үлкен мүмкіндіктер туындайды, сонымен қатар, туризмді аса жоғары деңгейде ұйымдастыру шеберлігін меңгерер үлкен тәжірибе алмасу алаңы болады. Осы көрме арқылы шетелден келген туристерді қазақ елінің тарихымен, мәдениетімен және де тамаша табиғатымызбен қызықтыра аламыз. Бұл өз кезегінде шетелден келген туристердің санын көбейтіп, отандық экономикаға мол инвестиция қосар еді. Елбасымыз атап көрсеткендей, болашақ жастардың қолында. Сондықтан ЭКСПО-2017 жоғары деңгейде өтуіне барлығымыз да атсалысып, еліміздің көркеюіне, отандық туризмнің дамуына өз үлесімізді қосайық. Асқар АЛДАМЖАРОВ, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.

Арнайы бетті әзірлеген

«Егемен Қазақстан»  газетінің шолушысы

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.