• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:50

Солтүстік экономикасындағы серпіліс

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұр­лыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Солтүс­тік Қазақстан облысына барып, өңірде жүзе­ге асырылып жат­қан өнеркәсіп­тік, инфра­құ­рылым­дық, энер­гети­калық және аграр­­лық жобалардың бары­сымен танысты.

Петропавл қаласында Нұр­лы­бек Нәлібаев трансформаторлар мен электротехникалық жабдықтардың құрамдас бөлік­терін өндіруге маманданған «Петропавл электротехникалық зауытына» барды. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 200 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндіріс қуаты жылына 13 мың дана өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары өңірдегі теміржол жылжымалы құрамын өндіретін ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі «ЗИКСТО» ЖШС қызметімен танысты. Былтыр мұнда жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын жаңа зауыттың құрылысы аяқталып, роботтандырылған заманауи технологиялық желі іске қосылған. Жобаның жалпы құны 25 млрд теңгені құрады, 300 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бұған қоса Н.Нәлібаев CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауыты, «Масло-Дел» ЖШС май экстракциялау зауыты, «Зеленый Север» ЖШС жылыжай кешені мен «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да болды. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, шикізатты терең өңдеуге бағытталған.

Сапар барысында энергети­калық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Петропавл ЖЭО-2 нысанында Премьер-министрдің бірінші орынбасары 2026–2027 жыл­дардағы жылыту мау­сымына дайындық, жөндеу мен инвестициялық бағдарла­малардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Анатолий Казановскийдің айтуынша, 2022 жылы кәсіпорында 103 технологиялық бұзушылық тіркелген. Ауқымды жөндеу бағдарламаларының нәти­жесінде 2024–2025 жылдары бұл көрсеткіш 55-ке дейін төмендеді, ал өткен жылу беру маусымының қорытындысында тек 23 жағдай тіркелді. Қазір жаңа жылыту кезеңіне дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр инвестициялық бағдарламаның көлемі 15 млрд теңгені құраса, биыл бұл мақсатқа 16,2 млрд теңге қарастырылған.

Нұрлыбек Нәлібаев Петро­­павл қаласындағы Универ­сальная көшесіндегі жол өт­келі құрылысының жобасымен де танысты. Бүгінде нысан 90%-ға дайын. Бұдан бөлек, Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары Пестрое көлі жаға­лауындағы эко-паркке бар­ды. Жоба рекреациялық инфра­құры­лымды дамытуға, ішкі туризм­ді қолдауға, қалалық орта­ның сапасын арттыруға бағытталған.

«Эко-парк – тұрғындар мен ба­лалы отбасылар үшін қо­лай­лы демалыс орны. Мұнда веложолдар мен жаяу жүр­гіншілер аймақтары қарас­тыры­­лып, халықтың жайлы дема­луына барлық жағдай жасал­ған. Мемлекет басшысы атап өткен­дей, қалалар таза әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Петро­павлда халық игілігі үшін ауқым­ды жұмыстар атқарылуда. Ендігі міндет – жобаны сапалы аяқтап, осындай бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру», деді Н.Нәлібаев.

Одан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Новоникольское ауы­лын­­дағы «Зенченко и К» КС-нің заманауи тауарлы сүт фермасына барды. Заманауи нысан 8 мың басқа арналып «Карусель» қондырғысымен жабдықталған. Жобаның жалпы құны 9 млрд теңгені құрайды. Ал өндіріс орны биыл тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Бүгінде «Зенченко и К» КС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің үлгісін көрсетіп келеді. Кәсіпорын қара­жаты есебінен Новоникольское ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Кейінгі бес жылда әлеуметтік жауапты бизнес ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында 3,2 млрд теңгеден астам қаржы бағыттады.

Аталған жобалардың жүзеге асырылуы Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік әрі аграрлық әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.