• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Қараша, 2021

Онның жартысы – жартылай финалда

250 рет
көрсетілді

Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақ елінің бес былғары қолғап шебері жолдама алды. Бұл – биылғы әлем чемпионатында дәл осынша боксшымыз жүлдеге қол жеткізді деген сөз. Бірақ оның нешеуі алтын медаль болатынын алдағы жекпе-жектер анықтап береді. Өкінішке қарай, жартылай финалға жолдама беретін жекпе-жектерде тағы бес боксшымыз қарсыластарына есе жіберіп, жүлделі орындарға жете алмай қалды. Десе де жерлестеріміздің бәрі таза жеңілді деп айта алмаймыз. Төрешілердің кейбір жігіттерімізге қатысты төрелігі күмән туғызғаны рас.

Сонымен, Қазақстан құрама­сының боксшыларынан жартылай финалға Теміртас Жүсіпов (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Мах­­мұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг) және Абылай­хан Жүсіпов (67 кг) жолдама алды. Байқасаңыздар, жартылай финалға тек жеңіл салмақтағы отандас­та­рымыз ғана шықты. Ал ауыр сал­мақтағы жігіттеріміздің көбі ширек финалға жетпей сүрініп жат­ты. Демек ұлттық құрама бас бапкері Қайрат Сәтжановтың ал­дағы уақытта ауыр салмақтағы бокс­шылармен көбірек жұмыс істеуіне тура келеді.

Сейсенбі күні өткен ширек финал жекпе-жегін қазақстандық спортшылардан бірінші болып 48 кило салмақта тәжірибелі бокс­шымыз Теміртас Жүсіпов бастап берді. Алғашқы айқасында ринг қожайыны Омер Аметовичтен 4:1 есебімен айласын асырған жер­лесіміз ширек финалда өзінің бас­ты қарсыласы – өзбекстандық Но­диржон Мирзах­медовпен кез­десті. Бұл жекпе-жек Теміртас үшін тек жартылай фи­налдың жолда­масын сарапқа салатын айқас қана емес, осыдан санаулы ай бұрын Ресей шаршы алаңында кеткен есесін қайтаратын тамаша мүмкіндік болатын. Сондықтан ол бұл кездесуде қалайда жеңіске жетуі тиіс еді. Бірінші раундтан бас­­тап арақашықтықты сақтап, қа­рым­та шабуылмен жұмыс істеген Жү­сіпов қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Екінші және үшінші раундта да белсендігін бір сәтке де төмендетпеген жерлесіміз қарсы соққымен қарсыласын күтіп алып отырды. Теміртас шаршы алаңда еркін қимылдап, Мирзахмедовтің бірде-бір соққысын өзіне дарытқан жоқ. 2019 және 2021 жылдары екі дүркін Азия чемпионы атанған өзбек боксшының көп соққысы ауа қармап қалып жатты. Сөйтіп, үш раунд қорытындысы бойын­ша төрешілердің бірауыздан ш­ығарған шешімімен жеңіске жеткен отандасы­мыз кеткен есесін де қай­тарды. Ен­­ді Теміртас финалға жол­дама бе­­­­ретін бәсекеде Беларусь өкілі Ев­­­гений Кармилчикпен жұ­ды­рық­тасады.

51 кило салмақтағы өкіліміз Сәкен Бибосынов екі жыл бұрынғы ерлігін қайталады. 2019 жылы Ресейде өткен әлем біріншілігінде қола медаль иеленген жерлесіміз биыл тағы да жартылай финалға шықты. Енді Бибосынов қалған жекпе-жектерінде де аянып қал­мас. Ол ½ финалда таиландтық Танарат Саенгфетпен кездеседі.

Ересектер арасында тұңғыш рет әлем чемпионатына қатысып жат­­қан 54 кило салмақтағы Мах­мұд Сабырхан ширек финалда бразилиялық Майкл Тринидадпен кез­десіп, өте тәжірибелі қарсы­ла­сынан айласын асырды. Осы­лайша, 20 жастағы отандасымыз алғашқы әлем біріншілігінде-ақ жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр. Енді ол финал жолдамасын үндістандық Акаш Кумармен сарапқа салады.

Олимпиададағы сәтсіздігінен кейін қателігімен жұмыс істеп, жеңі­лісінен сабақ алған 57 кило­дағы Серік Теміржанов әлем бірін­шілігінде тәуір жұдырықтасып жүр. Барлық қарсыласынан 5:0 есе­бімен басым түсіп келе жатқан павлодарлық боксшы бұл кезде­суінде де Ресей чемпионы Эдуард Саввинді 5:0 нәтижесімен айқын ұтты. Енді жартылай финалда қазақ­стандық боксшыны ку­балық Освел Кабальеро Гарсия күтіп тұр. Бұл осы әлем бірін­ші­лігіндегі Қазақ­стан және Куба бокс­шы­лары­ның алғашқы жекпе-жегі болмақ.

Ел қоржынына жартылай фи­нал­дың соңғы жолдамасын Қа­зақ­­стан құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіпов салды. 67 кило салмақта жұдырықтасатын отандасымыз 1/4 финалда моңғолиялық Чинзориг Баатарсухты еліне қай­тарды. Шаршы алаңда өз үстем­дігін көрсеткен Жүсіпов төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсіп, осы біріншіліктегі моңғолдардың соңғы үмітін жарыс жолынан шы­ғарып жіберді. Абылайхан жартылай финалда 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері жапониялық Севонрец Оказавамен күш сынасады.

Өкінішке қарай, ширек финалда өнер көрсеткен тағы бес бокс­шымыз жаһандық додадағы жек­пе-жектерін аяқтады. Атап айт­қанда, ағайынды Саматәлі (60 кг) және Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг) және Нұр­бек Оралбай (80 кг) жүлдеге сы­нық сүйем қалғанда жеңіліп, елге медальсіз оралатын болды. Де­генмен, төрешілердің шешіміне қа­ра­­мастан, Санатәлі Төлтаев, Нұр­­қанат Райыс және Нұрбек Орал­байды жеңілді деп айта алмасақ керек. Тіпті бокстан мемлекеттік жат­тықтырушы Бақтияр Артаев төрешілерге Санатәлі Төлтаевтың жекпе-жегін қайта қарауға шағым түсірген. Алайда қазылар алқасы бұл шағымды қараудан бас тарт­қан. Жалпы бүгінге дейін әлем чемпионатында бапкерлер тарапынан төрешілердің жұмысына 17 рет шағым түсірілген екен.

Айта кетейік, жартылай финал жекпе-жектері бүгінге, ал фи­­налдық айқастар 5-6 қарашаға жос­парланған.