• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қараша, 2021

Қолайлы қоңсы

5898 рет
көрсетілді

Қоғамдық құндылықтар, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы сөз қозғалғанда, бұрынғымен салыстырып қарап, бүгінгіге көбіне көңілтолмаушылық байқалып жататыны бар. Мұндайда «Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме?» дейтін жаттанды сауалдың қойылуы да заңдылыққа айналғаны қашан?! Қалай дегенмен де заманды жасайтын да, заманда жасайтын да  адам. Ал уақыт өткен сайын буын алмасып, жаңа адамдар, жаңа көзқарастар туады.

Айталық, қазіргі тәуелсіз еліміз басқа да, осыдан отыз жыл бұрынғы заман мүлдем басқа. Әлбетте, заманның өзгеруімен халық та, халықтың ой-санасы, таным-түсінігі де біршама өзгерді деуге болады. Өйткені бүгінде Қазақстанның 19 млн халқының жартысы жастар, дәлірек айтқанда, 30 жасқа дейінгілер екен. Яғни халықтың бұл тобы – тәуелсіздік алғаннан кейін туған азаматтар. Ал осы азаматтардың көзқарасымен алғанда қоғамдық құндылықтар өзгерді ме? Бұл ретте жақында жарияланған Фридрих Эберт қорының қолдауымен жүргізілген «Қазақстан жастары: құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау – 2021» зерттеу жұмысы біраз сауалымызға жауап бола алады.

Аталған зерттеу жобасын жүргізу барысында сауалдамаға еліміздің түкпір-түкпірінен 14-29 жас аралығындағы 1 мыңға жуық жас қатысыпты. Онда жастардың құндылықтарына, саяси көзқарасына, отбасына, қоғамға, үкіметке қатысты ұстанымына жан-жақты талдау жасалған. Біз бұл кең ауқымды сараптамадағы «Құндылықтар мен көзқарас» атты бөлімінің ішіндегі «Көршілерге сенім» деген кішкене бөлігіне ғана тоқталғымыз келіп тұр. Өйткені осынау көршілермен қарым-қатынас арқылы да қоғамдағы ауызбірлік, қамқорлық, бауырмалдық қаншалықты екенін бағамдауға болатын сыңайлы.

Сонымен, әлеуметтік сауалдамаға қатысқан жастардың 30,9%-ы ғана көршілеріне сенетінін айтқан, ал 39,2%-ы сенбейтінін білдірген. Көршілеріне сенім деңгейі жастардың этносына байланысты ерекшеленеді, онысы қазақ пен орыс ұлттарының күнделікті қонақжайлығындағы айырмашылығына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, қазақ жастарының 36,3%-ы, орыс жастарының 23,2%-ы ғана көршілеріне сенеді екен. Сондай-ақ қазақ жастарының 34,5%-ы мен орыс жастарының 42,3%-ы көршілеріне мүлде сенбейтінін және сенімі аз екенін айтқан.

Бұған қоса қала мен ауыл жастарының көршілеріне сенім деңгейінде де айтарлықтай айырмашылық бар. Қала жастарының 25,1%-ы­­­­­­­­ ғана көршілеріне толықтай сенемін десе, ал ауыл жастарының көрсеткіші – 38,6%. Мұндай айырмашылықтың себебі әртүрлі болуы мүмкін. Бұған, бір жағынан, қала жастарының өмірге икемділігі немесе қалада көршілердің жиі көшуі ықпал етеді. Сол сияқты қала тұрғындарының ауыл тұрғындарына қарағанда бір-бірін жете танымайтыны да себеп болады.

Зерттеу жұмысы жастардың өзге әлеуметтік топтарға, әсіресе әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған топтарға, аз этностарға және ЛГБТК+, яғни бір жынысты қатынасқа деген көзқарасын талдауды да мақсат тұтыпты. Мұны да көршілерімен қарым-қатынасы арқылы анықтаған. Нақты деректі алға тартсақ, қазақ жастарының 65,8%-ы босқындармен көрші болуға келіспейтін болса, 9,9%-ы ғана қарсы емесін айтқан. Ал орыс жастарының 46,5%-ы келіспесе, 22,1%-ы келісетінін білдірген. Жастардың ЛГБТК+ туралы көзқарасы да осыған ұқсас екен. ЛГБТК+ өкілімен көрші тұруға жастардың 71,2%-ы қарсылық танытқан. Әсіресе жас жігіттердің гомофобиялық көзқарасы жоғары. Жігіттердің 77,6%-ы, әйелдердің 64,8%-ы бір жынысты қатынасты қолай көретіндермен көрші болуға үзілді-кесілді қарсы болған.

Жастардың басым көпшілігі көп балалы немесе зейнеткерлер отбасымен көрші болуға қарсы емес. Ондайлардың саны 74,4%-ды құраған. Ал көп балалы отбасымен көрші тұруға қарсы болған жастар – 4,9%, зейнеткерлер отбасымен көрші болуға қарсы болғандар – 5,6%.

«Қоныс сайламас бұрын қоңсыңды сайла» дегендей, адамдар үй аларда тұрағының ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған, мейірім тұнған мекеннен табылғанын қалайды. Ал жақсы көршісін қимай, жылы орнын суытпай, көшпей қалып қоятын кісілер де бар. Дегенмен «туыс – атадан, көрші – Алладан» дейтін қазақ халқы қандай болса да Құдай қос­қан көршісімен қашан да тату-тәтті, жақ­сы тұруға тырысқан. Қазақ қасына қоңсы қо­нып, жаңадан көшіп келіп үйренісе алмай тосырқап жүрген көршісін үйіне шақырып, дәм ұсынып ерулік берген. Өкінішке қарай, халқымыздың кеңпейіл, жомарт, қонақжай қасиетін көрсететін бұл дәстүр бүгінде ұмы­ты­лып барады. Ізгілікке бастайтын мұндай дәстүрімізден айнымай, тамырымыздан ажырамай адамгершілік құндылықтарына адал болуымыз керек-ақ. Ал сіздің көршіңізбен сәлеміңіз түзу ме?