Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшуді тапсырған болатын. Осыған орай әр министрлік өз жобасын әзірледі. Мұның маңызы – келер 5 жылда сол саладағы даму жоспары мен нақты міндеттердің айқындалатынында. Соның ішінде кезекші әлеуметтік сала – Білім мен ғылымның алдағы бағыты қандай? Қай жолға бет алмақ? Дәл қайсы тұсын дамыту, жетілдіру қолға алынады? Осы сұрақтарға Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова жауап берді.
– Сіздер дайындаған ұлттық жобаның түпкі мақсаты не?
– Президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын әзірледі. Бұл – білім беру мен ғылым саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспарын айқындайтын маңызды құжат. Ұлттық жоба білім берудің барлық деңгейіндегі білім алушылардың оқу сапасын арттыруды көздейді. Ұлттық жобаның түпкілікті мақсаты оның мазмұнынан да анық көрінеді. Айталық, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 4 бағыттан тұрады: мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; орта білім; техникалық және кәсіптік білім; жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде ұсынылатын қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етеді. Екіншіден, өңірлер, ауыл мен қала арасындағы білім сапасы бойынша алшақтық қысқарады. Сонымен қатар ұлттық жобаны іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе ұлттық жобаның мақсатына қол жеткізу арқылы жастарды тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіп, NEET санатындағы жастардың үлесі қысқарады деп күтілуде. Ал жоғары оқу орындарында зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдай жасалады.
– Нақты жоспар бар, мақсат айқындалған. Енді осы белгіленген межеге жету үшін қандай міндеттер қойылып отыр?
– Ұлттық жоба 4 бағыттан ғана емес, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Ең әуелі, мектепке дейінгі білімде біз мемлекеттік тапсырысты «ақша – балаға» принципі бойынша ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастырып, балабақшалар желісін дамытамыз. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде барлық мектепке дейінгі ұйымдарда баланы дамытудың жаңа моделі (жаңа парадигма мен тәсілдер) енгізіледі. «Ойын арқылы оқыту» принципі бойынша мемлекеттік білім беру стандарты өзгертіледі.
Екінші міндет – орта білім беру сапасын Қазақстанның өңірлер, қала мен ауыл арасындағы оқу сапасындағы алшақтықты азайту (PISA) арқылы арттыру. Сондай-ақ 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланған. Бұл бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізу, жаңа оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларын бекіту міндеті тұр. Оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін «Цифрлы ұстаз» жобасы іске асырылады. Қазақстандық білім алушылардың PISA – based Test for Schools зерттеуіне қатысуы жоспарланған. Оның нәтижелері бойынша әлсіз жақтар анықталып, білім алушылардың оқу, математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын арттыруға бағытталған әдістемелік ұсынымдар әзірленеді.
– Газетіміз осы айтулы саладағы өзекті мәселелерді үнемі назардан тыс қалдырмай келеді. Былтыр «Көлеңкеде қалған қосымша білім» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап едік. Осы жайт жобада ескерілді ме?
– Әлбетте, бұл да осы екінші міндетке кіреді. Міне, биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс беріледі. Мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде мемлекеттік және жеке ұйымдар да орындай алады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелер, секциялармен қамтуды үлкен шығынсыз 90%-ға дейін ұлғайтуға көмектеседі. Қосымша білім беру шеңберінде әртүрлі пәндер мен құзыреттіліктер бойынша қосымша сабақ алу арқылы оқушылар оқу деңгейін көтеруге мүмкіндік алады. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша нормативтер қабылданды.
Осы ретте ұлттық жобаның екінші міндетіне кіретін тағы бір мәселені қоса кетейік. Мұғалімдерді қолдау жалғасады. Педагогтердің біліктілігін арттыру жайы әрдайым назарда болады. 2025 жылға қарай 75 мыңнан аса педагог жаңа дағдыларды игеріп шығады. 2023 жылы педагогтердің орташа жалақысы 331 730 теңге болады, ең төменгі жалақы 224 236 теңгені, ең жоғары жалақы 447 505 теңгені құрайды. Осыған қоса «Мобильді мұғалім», «Қамқор жанұя», «Оқуға құштар мектеп», «Нәтижелілігі төмен мектептерге мықты мектептердің «қамқорлығы», Iqanat және «Тайбурыл» сияқты жобалар бұдан кейін де іске асырылады.
Бұдан бөлек шағын жинақты мектептерді ресурстық орталықтарға бекіту жұмыстары жанданады. Елдің 2 000 үздік мектебі шағын жинақты мектептерге оқу-әдістемелік қолдау көрсетеді. Оқулықтар сапасын арттыру шаралары қарқын алады.
– Елімізде сапасы сын көтермейтін мектеп көп. Президенттің 1 000 мектеп жайлы тапсырмасы алдағы міндетке енгізілді ме?
– Иә, бұл ұлттық жобаның үшінші міндетінде қарастырылған. Оқушы орындарының тапшылығын жою және бір, екі ауысымды мектептерге көшу үшін 2025 жылға қарай 1 000 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер толығымен жойылып, апатты мектептердің үлесі 0,1%-ға дейін қысқарады. Сонымен қатар 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5 000 мектеп жаңғыртылады. Бұл – балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһазын жаңарту, мектеп кітапханаларын және асханаларды жаңғырту, күрделі және жөндеу жүргізу жұмыстары. Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен жарақтандырылады және мектептердің 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Осы шаралардың барлығы мемлекеттік білім беру стандартын сапалы іске асыру үшін қолайлы орта мен жағдай жасауға, әрбір оқушының әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде балалардың білім сапасы жақсарады.
– Барлық бала ешбір ерекшелігіне қарамастан сапалы білім алуға құқылы. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулісі де...
– Орынды, бұл қолданыстағы «Білім туралы» Заңмен жолға қойылған. Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтамасыз ету үшін ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізіледі. 43 ПМПК ашылады. Бұдан басқа мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы беріледі.
Әңгімелескен
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»