• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 05 Қараша, 2021

Бәсекелер Бакуде өтеді

128 рет
көрсетілді

14-24 қараша күндері Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде батутта секіруден әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Әр құрлықтың мықтылары бас қосатын жарыста жерлестеріміз де өнер көрсетеді. Аталған додада Қазақстанның намысын ең таңдаулы төрт спортшы қорғайды. Олар – Роман Барков, Игорь Грачёв, Данил Мұсабаев және Диана Угрюмова.

Спорттың бұл түрі Олимпиада бағдарламасына 2000 жылы ғана енгізілгенімен, әлем чемпиона­ты сонау 1964 жылдан бері үздік­сіз ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта 24 мәрте жалауы жел­біреген жарыста ең үздік нәти­жеге Ресей құрамасы қол жет­кізген екен. Олар 198 (94 алтын+54 күміс+51 қола) жүлде алған. Екінші және үшінші орындарда – АҚШ пен Қытай коман­дала­ры. Америкалықтар 183 мәрте (69+62+52) жеңіс тұғырына көте­рілсе, Аспанасты елінің өкілдері 88 рет (51+29+8) дәл сондай құр­метке бөленіпті. Франция (26+23+27) мен Ұлыбритания (20+32+29) үздік бестікті қоры­тындылайды. Сондай-ақ ТОП-10 ко­манданың қатарында Канада (17+27+23), Аустралия (14+15+18), Португалия (11+8+10), Бе­ларусь (10+21+17) және Гер­мания (7+17+13) құрамала­ры бар.

Жекелеген спортшылар жайын­да айтар болсақ, ерлер арасында кезінде америкалық Дэвид Якобс (1967, 1968) пен Уэйн Миллер (1966, 1970), франциялық Ришар Тисон (1974, 1976) мен Лионель Пиолайн (1984, 1986) және КСРО-ның өкілі Евгений Янес (1976, 1978) екі реттен әлем чемпиондары атанған еді. Уа­қыт оза олардың ал­дын Евгений Москаленко орап кетті. Ресейдің Крас­нодар өлкесінің тумасы бұл белесті бақандай бес рет (1990, 1992, 1994, 1999, 2001) бағын­дырды.

Бір кереметі, 2007 жылдан бері ерлердің жекелеген сайысында Қытай құрама командасының мү­шелері алдарына жан салар емес. Сол аралықта шымылдығы тү­рілген 10 жарыстың барлығында да Аспанасты елінің спортшылары айқын басымдық танытты. Ал Данияның Оденсе, Болгарияның София, Ресейдің Санкт-Петербург және Жапонияның Токио қала­ларында өткен соңғы төрт жарыста Гао Лейдің алдына түсер ешкім табылмады. Өзге елдің ең мақ­таулы спортшыларына тек күміс пен қола медальды қанағат тұтуларына тура келді.

Әйелдер арасындағы алғашқы төрт әлем чемпионатында АҚШ өкілі Джуди Уиллс Клайн (1964-68) теңдессіз деп танылды. Уа­қыт оза Ирина Караваеваның шоқтығы биік болды. Ол бес рет (1994, 1998, 1999, 2005, 2007) ал­тыннан алқа тақты. Қазіргі кезде бұрымдылар бәсекесінде Қытай, Канада, Беларусь және Жапонияның өкілдері табыс­ты өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленуде.

Жалпы, спорттың бұл түрінен әлем чемпионатында 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен ерлер мен әйелдердің жекелеген сайыстарынан бөлек, аралас синхронды секіру, шағын трамп, акробатикалық жолақ, же­келеген көпсайыс және осы жат­тығулардың барлығынан ко­ман­далық бәсекелер ұйымдас­ты­рылады. Ал осының алдындағы әлемдік дода 2019 жылы Токиода өтті. Күншығыс елінде мына ел­дер­дің өкілдері жеңіс тұғырына кө­терілді:

Жекелеген сайыс (ерлер):

Гао Лей (Қытай), 2. Иван Лит­ви­­нович (Беларусь), 3. Дун Дун (Қы­­тай). Жекелеген сайыс (әйел­дер): 1. Мори Хикару (Жапония), 2. Дойхато Тисато (Жапония), 3. Ро­занна Макленнан (Канада). Синхронды секіру (ерлер): Тасаки Кацуфуми/Мунэмото Гинга (Жапония), 2. Олег Рябцев/Владислав Гончаров (Беларусь), 3. Михаил Мельник/Сергей Азарян (Ресей). Синхронды се­кіру (әйелдер): 1. Юми Тагаги/Аяно Киси (Жапония), 2. Анна Корнетская/Сусана Кочесок (Ре­­сей), 3. Саманта Смит/Там Рэчел (АҚШ). Синхронды се­кі­ру­ден командалық сайыс (ерлер): 1. Беларусь, 2. Қытай, Ре­сей. Синхронды секіруден ко­ман­далық сайыс (әйелдер): 1. Жа­пония, 2. Ұлыбритания, 3. Ка­нада. Акробатикалық жо­лақ (ерлер): 1. Александр Ли­сицин (Ресей), 2. Элиот Браун (Ұлыбритания), 3. Кейден Браун (АҚШ). Акробатикалық жолақ (әйелдер): 1. Виктория Даниленко (Ресей), 2. Шэнис Дэвидсон (Ұлыбритания), 3. Кейли Меган (Ұлыбритания). Акробатикалық жолақтан командалық сайыс (ерлер): 1. Ұлыбритания, 2. Ресей, АҚШ. Акробатикалық жолақтан командалық сайыс (әйелдер): Ұлыбритания, 2. Ресей, Фран­­ция. Шағын трамп (ерлер): 1. Михаил Заломин (Ресей), 2. Рубен Падилла (АҚШ), Алек­­сандр Генкерт (АҚШ). Ша­ғын трамп (әйелдер): 1. Лина Строй­берг (Швеция), 2. Дибб Бронвин (Аустралия), 3. Алек­сандра Бонарцева (Ресей). Шағын трамптан командалық сайыс (ерлер): 1. Ресей, 2. АҚШ, 3. Пор­тугалия. Шағын трамптан коман­далық сайыс (әйелдер): 1. АҚШ, 2. Ұлыбритания, 3. Ресей. Жеке­леген көпсайыс: 1. Ресей, 2. АҚШ, 3. Қытай.

Батутта секіруден Олимпия ойын­дарында небәрі екі жүлде жиынтығы ғана сарапқа салынады. Бұл ретте өзгелерден Қытай­дың көші ілгері. Бес ғаламдық доданың нәтижесі бойынша Аспанасты елінің өкілдері 4 алтын, 4 күміс және 6 қола медальмен шашаларына шаң жұқтырған емес. Одан кейінгі орындарда Канада (2+3+2), Ресей (2+2+0), Бела­русь (2+0+0), Украина (1+1+0), Германия (1+0+1), Ұлы­британия (0+1+1), Аустралия (0+1+0), Жаңа Зеландия (0+0+1) және Өзбекстан (0+0+1) құра­малары. Биыл Токиода алау­ы тұтанған Олимпиаданың ерлер бәсекесінде беларусьтық Иван Литвинович бас жүлдені олжалады. Ол Қытайдың екі бірдей дүлүлді – Дун Дун мен Дилан Шмидті артта қалдырды. Бір кереметі, Олимпия ойындарында Беларусь өкілдері қатарынан екінші мәрте алтын тұғырға кө­терілді. Осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен жарыста Владислав Гончаров топ жарған еді. Ал әйелдер сайысында қытайлық Чжу Сюэин мен Лю Линлин алтын мен күміс медальды өзара бөліссе, ұлыбританиялық Бриони Бейдж қолаға қол созды.