• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қараша, 2021

Жұрт сенімі жұмысқа серпін береді

194 рет
көрсетілді

Қоғам алдында үлкен жауапкершілік арқалап, ел тыныштығын күзеткен полиция еңбегі жұртшылықпен тығыз байланыста жұмыс істегенде ғана жемісті болмақ. Қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту, олардың алдын алу бүгінгі қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Бұл мақсатта өңірде атқарылған шаралар туралы Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан тарата айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жол­­­дауында да осы бағытта атқарылған жұмыс­тар сараланып, алдағы міндеттер белгіленді.

Департамент басшысының айтуынша, өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты. Қылмыстың төмендеу тенденциясы байқа­лады. Биыл 9 айда тіркелген жалпы қыл­мыстар саны 6 пайызға, оның ішінде ұрлық – 14, мал ұрлығы – 28, тонау – 7, бұзақылық қылмыс 30 пайызға азайған.

Қоғамдық орында, көшеде, мас күйін­де жасалған тәртіп бұзушылықтар да бір­ша­ма төмендеген. Былтыр бұрын сотты бол­ған­дар 719 рет қылмыс жасаса, биыл ол көрсеткіш 37 пайызға азайыпты, сол сияқ­ты топтық, отбасылық-тұрмыстық, кәме­летке толмағандар қолымен жасалатын қылмыстар саны азайды. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші жоғарылап отыр.

– Дегенмен жұмысымызға жасалған талдау тұрғындарды мазалап отырған мынадай мәселелер бар екендігін көрсетті. Оның алғашқысы – мал ұрлығы. Бұл бағыттағы ұрлық былтырғыдан төмендегенмен әлі де шешілмеген тұстары көп. Оның бірінші себебі – паданың ұйымдастырылмауы. Қараусыз малға көзі түскендер есебін тауып қолды қылып жатыр.

Ветеринария қызметімен бірлесіп, жол­­дар­да мал тасымалдайтын көлік құ­рал­­дары мен мал құжаттарын тексеру қар­қынды жүргізілуде. Оның барысында малдың төлқұжаты немесе ветеринарлық анықтамасының жоқтығы, таңбалары мен сырғаларындағы нөмірлері сәйкес келмеуі секілді деректер анықталып жатыр. Одан бөлек, көршілес Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз, – дейді департамент басшысы.

Қылмыстардың уақтылы ашылмауына жоғалған малдарын иелері өз бетінше іздеп, полицияға кеш арыздануы да аз әсер етіп отырған жоқ. Малы қолды болған жан дереу хабарласып, ауылдағылар пада ұйымдастырып, малдарды таңбалау, сыр­ғалау, JPS құрылғыларын енгізуі керек. Кейде тіпті ұрланған малдарды табу, тану барысында қиындықтар туындап жатады.

Бектөре Сұлтан қабылданған шараларға қарамастан, облыс көлемінде тіркелген жол апаттарының салдарынан жарақат алғандар мен қайтыс болғандар саны көбейгеніне тоқталды.

Қала, аудан орталықтарында радарларға тыйым салынып, олардың орнына жыл­дамдықты анықтайтын автоматты құралдар алынып жатыр. Өткен жылы жергілікті әкімдіктің қолдауымен қала орталығындағы жол-көлік оқиғалары жиі болатын көше бойларына «АРКАН» стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысының 13-і орнатылды. Қазір тағы жетеуі орнатылып жатыр. Одан бөлек, 5 «Интеллектуалды қиылыс» құрылғысы жұмыс істеп тұр.

«АРКАН» арқылы тоғыз айда 20 727 құқық бұзушылыққа 191 млн 331 мың, «Интеллектуалды қиылыс» құрылғысы көме­гімен 1 687 құқық бұзушылық анықта­лып, 9 млн 979 мың теңге айыппұл салынған.

Есірткімен күрес – ел болып жұмылатын мәселе. Облыста жыл басынан заңсыз айналымнан 143 келі есірткі заты тәркіленіп, 169 қылмыс анықталды. Оның ішінде есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 12, сатудың 21, өсірудің 43, жарнамалаудың 2 дерегі анықталып отыр. Жалпы, есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 90 дерегі белгілі болды.

– Адамды аздыратын әдетті жарнама­ла­­ған­­дардың бірі Қызылорда қаласында тұра­тын 20 жастағы әйел болып шықты. Тергеу кезінде оның көрсетуімен 110 граффити суреті жойылды. Осы мақсатта әлеуметтік желіні пайдаланып, жұртты желіктіріп отырғандар да бар. Олар көбіне желі арқылы тапсырыс қабылдап, тауарларын жасырын түрде саудалайды. Сондай 2 дерек белгілі болып, облыс орталығынан Атырау және Семей қалаларының тұрғындары ұсталды. Тінту әрекеттері кезінде олардың қала ор­та­лы­ғынан жалдаған пәтерлері мен жасырып қойған нүктелерінен синтетикалық есірткі құралдары заттай дәлелдеме ретінде алынды, – дейді облыстық полиция депар­таментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан.

Осы жылғы 4 қазан және 30 қараша аралығында өткізіліп жатқан «Рефлекс» жедел профилактикалық іс-шарасының брысында синтетикалық есірткі сақтау­дың 3 дерегі анықталды. Облыс аумағын­да 1 мау­­сым – 30 қазан аралығында өткізіліп жатқан «Қарасора-2021» арнайы жедел профилактикалық шарасы барысында есірт­кі өсіргені үшін 52 тұрғын ұсталып, оның 30-ы қамаққа алынды. Шара басталғалы бері барлығы 14 мың 360 түп сора өсімдігі жойылыпты.

Департамент бастығы Бектөре Сұлтан полиция жұмысын жаңа сатыға көтеру, азаматтардың құқығын қорғайтын тәртіп сақшысының имиджін қалыптастыру көп ретте қарапайым халықпен қарым-қатынасқа байланысты екендігін атап өтті.

 

ҚЫЗЫЛОРДА