• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Футбол 08 Қараша, 2021

Жауапты матчта жеңілді

122 рет
көрсетілді

Алматының «Қайраты» осыдан бірер апта бұрын футболдан УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңдегі кезекті тур ойынын түзде Әзербайжанның «Қарабах» ұжымымен өткізіп, Алматыға абыройсыз оралған болатын. Дегенмен оңтүстік астаналық клуб Бакуде кеткен есені Орталық стадиондағы ойында қайтарамыз деп өздерін де, жанкүйерлерін де сендіріп еді. Бірақ «Қайраттан» қайрат кете бастаған ба, әйтеуір еліміздің чемпионы былтырғы «Қарабахтан» тағы да жеңіліп, жанкүйерлерін жерге қаратты.

Әрине, «Қарабах» әлсіз, «Қайрат» мықты деуден аулақпыз. Десе де кешегі ойында әзербайжандық клубқа қарағанда «Қайратта» жеңіске деген мотивация жоғары болуы тиіс еді. Сырт алаңдағы жеңілістің есесін қайтаруды айтпағанның өзінде, «Қайрат» футболшылары кездесуді өз алаңында, өз жанкүйерлерінің қолдауымен өткізді. Сонымен қатар жеңіске жетіп, үш ұпайды олжалайтын болса, тұңғыш рет Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне қатысып жатқан алматылық клуб плей-офф кезеңіне шығу мүм­кіндігін де сақтап қалатын еді. Өкініш­ке қарай, жеңіс былай тұрсын, жерлес­те­ріміз тең ойынға да қол жеткізе алмады.

Құрбан Бердыев шәкірттерінің кү­ші тек алғашқы 45 минутқа ғана жетті. Төрешінің ысқырығы естіле сала, «Қай­рат» футболшылары алға қарай ұм­ты­лып, «Қарабах» қақпашысының әбден мазасын қашырды. Сәт сайын Хосе Канте, Небойша Косович, Вагнер Лав қа­­уіпті шабуыл ұйымдастырып, гол соғуға тырысты. Бірақ олардың тепкен до­бы кейде қақпа бағанына тиіп, кейбір сәттерде қақпашы керемет сейвімен көз­ге түсті. Осылайша ойынның бірінші тай­мы «Қайраттың» басымдығымен өтті.

Үзілістен кейін «Қарабахтың» ойыны түрленіп шыға келді. Бірінші таймдағы «Қарабахқа» ұқсамайды. Қорғаныста сақ ойнап, сәті келгенде қарымта шабуылдан гол соғуға тырысты. Уақыт өткен сайын қонақтар ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Нәтижесінде, кездесудің 58-минутында Ибраима Важди «Қайраттың» қорғаныстағы қателігінен кейін Стас Покатиловпен жеке-дара шығып, матчтың есебін ашты.

Арада 10 минут өткенде «Қай­рат­тың» осы маусымдағы ең үздік ша­буыл­шыларының бірі Хосе Канте таразы басын теңестіріп, Орталық ста­дионға жиналған жанкүйерлерін шат­тыққа бөледі. Голдан кейін «Қай­рат» тағы да басымдығын арттырып, қар­сыластарынан жеңісті жұлып алатынына сенімді болғанбыз. Алайда 72-минутта Абделла Зубир тағы да бір-біріне сеніп қалған екі қорғаушымызды қапы қалдырып, допты қақпадан алыстап кеткен Покатиловтың үстінен асыра салды. Гол! «Қарабахтың» екінші голы «Қайрат» жанкүйерлерінің қуанышын су сепкендей басты. Матчтың соңына дейін алматылықтар таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, қо­­нақтар біздің жігіттерге мүмкіндік бер­меді. Қорытынды есеп – 1:2. Сөйтіп «Қайрат» жауапты кездесуде де «Қара­бахтан» жеңіліп қалды.

Осылайша, топтық кезеңнің үш ойынында жеңіліп, біреуінде тең түскен Құрбан Бердыев шәкірттері топтан шығу мүмкіндігінен айырылды. Ал үш матчта жеңіске жетіп, бір мәрте тең ойнаған әзер­байжандық клуб 10 ұпай­мен өз та­ри­хында алғаш рет Еу­рокубок ойын­да­рының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Матчтан кейін «Қайрат» клубының бас бапкері Құрбан Бердыев матч туралы пікірін ортаға салды. «Өте қиын ойын болды. Нысанаға бағытталған дәл екі соққы – екеуі де гол болды. Ойы­ны­мыздың сапасына көңіліміз толады, бірақ нәтиже көңілден шықпады. Біз екі қарсы шабуылды жүзеге асыра алмадық. Мен жігіттерге бұл біз бірге жұмыс істе­ген ең жақсы ойын екенін айттым», деді Қ.Бердыев.

Айта кетейік, «Қайрат» Кон­ферен­ция лигасындағы келесі ойынын 25 қарашада өз алаңында Швейцарияның «Базелімен» өткізсе, екінші матчта «Ка­­рабах» Бакуде Кипрдің «Омо­ния­сын» қабылдайды. Ал 10 желтоқ­санға жоспарланған топтық кезеңдегі соңғы матчта жерлестеріміз Кипрге қонаққа барады.