Қазірдің өзінде әлем экономикасы қалпына келіп жатыр дегенді естиміз. Дегенмен жаһан экономикасын кібіртіктетіп тұрған тәуекелдер әлі де бар. Осының бәрін ескере отырып, Экономиканы қолданбалы зерттеу орталығы (AERC) кезекті макроэкономикалық болжамын жария еткен.
Орталық экономистерінің қисынына сүйенер болсақ, инфляция үрдісіне дамыған елдер де, дамушы елдер де тап болды. Кейінге қалдырылған сұранысқа байланысты өндірушілер барлық биржалық тауар бағасын көтеріп жіберді.
«Жыл басынан энергетикалық тауарлар 1,7 есе, ауыл шаруашылық тауарлары – 11, металл 17 пайызға қымбаттады. Қазанда Brent мұнайы барреліне 86 долларға жетіп (үш жылдан бері алғаш рет – ред), Еуропада газ бағасы 3 есе шарықтады» деп жазады орталық. Әлемде болып жатқан мұндай өзгерістер бізге де салқынын тигізбей қоймайды. Соған қарамастан AERC 2022 жылы Қазақстанда экономикалық өсім 4 пайыз деңгейінде болады деп болжайды. Ал биыл ІЖӨ көрсеткіші 3,7 пайызға өспек.
«2021 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 68,6 доллар, 2022 жылы – 66 доллар болады. Биыл сауда серіктес елдердің экономикасы – 5,3 пайызға, келер жылы 4,3 пайызға жоғарылайды. Қазақстан биыл мұнай және газ конденсаты өндірісін 86 млн тонна деңгейінде аяқтаса, 2022 жылы 86,5 млн тоннаға жеткізбек. Мұнай бағасы 68,6 доллар болған жағдайда доллар курсы (USD/KZT) 426,3 теңге болады. 2022 жылы курс 430,4 теңгеге жетпек» деп хабарлайды орталық.
2021 жылдың қорытындысы бойынша орташа жылдық тұтынушылық инфляция 7,8 пайыз деңгейіне тұрақтамақ. Алайда 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл бірінші кезекте инфляцияны тежеу үшін қазір қолға алынып жатқан шараларға байланысты. Соның өзінде 2022 жылы инфляция деңгейі Ұлттық банктің мақсатты дәлізінің жоғарғы шегінен сәл асуы ықтимал.
Сонымен қатар бүкіл әлем бойынша бастапқы шикізат құнының өсуін ескере отырып зерттеушілер өнеркәсіптік инфляция да жоғары болады деп күтеді. Өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің баға индексі 136,5 пайыз деп болжанады. Бірақ 2022 жылы мұның да беті қайтуы мүмкін.
«Тұтынушылық және өнеркәсіптік инфляция бағаларын есепке ала отырып ІЖӨ дефляторы биыл – 17,8, келесі жылы 14,3 пайыз болуы мүмкін. Тұтынушылық сұраныс, экспорт пен импорт, негізгі капиталды қалыптастыру көрсеткіштерін ескере отырып Қазақстанның реалды ІЖӨ-сі 2021 жылы 3,7 пайызды құрайды. Бұл шілде айындағы бағалаудан (3,8 пайыз) әлдеқайда төмен. 2022 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқыны 4 пайызға көбейеді деп болжаймыз» дейді экономистер.
Орталық сонымен қатар салық түсіміне де назар аударған. Олардың есептеуінше, 2021 жылы салық түсімдерінің көлемі 9,81 трлн теңгеге жетпек. Егер шынымен осы межеге жетсе, онда бұл 2020 жылғыдан 14,6 пайызға артық көрсеткіш болмақ.
«2021 жылы корпоративті табыс салығының түсімі 2,07 трлн теңгені құрайды. Экономиканың негізгі секторындағы өндіріс көлеміне жасалған болжамды қайта қарай отырып, шілдедегі (2,09 трлн теңге) болжам өзгерді. 2022 жылы КТС 2,08 трлн теңгеге көбеймек. Жеке табыс салығының көлемі – 1,01 трлн теңге, 2022 жылы 1,03 трлн теңге болады деп болжанады. Қосымша құн салығы 2,78 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ал 2022 жылы ҚҚС түсімі өсімі 3,7 пайызға жеделдеп, 2,88 трлн теңгеге жетуі мүмкін» деп жазады AERC.