Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қоры Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Алматы қаласындағы жастардың саяси мәдениетінің қалыптасуына ықпал ететін факторлар» атты стратегиялық сессия өткізді.
Сессияның фасилитаторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Нұркен Айтымбетов сөз басында жастардың саясаттағы рөліне тоқталып, белсенді жастардың үлес салмағы Алматыда басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін сөз етті.
Алғашқы болып сөз тізгіні тиген Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әміребаев саяси мәдениеттің ұлттық негіздері бар екенін қаперден шығармауға шақырды. «Саяси мәдениеттің іргесі ұлттық тәрбие арқылы қалыптасады. Оны елемей саяси мәдениетті дамытамыз деу бос әурешілік болады» дейді ол.
Зерттеуші, ғалым Алмасбек Шағырбаевтың ойынша, қазіргі таңда жастардың саяси көзқарасына әлеуметтік желі қатты әсер етіп жатқан жоқ. Ол жақта әртүрлі топтардың мүддесі тайталасып жатқандықтан, жастар оларға еріп, қате саяси ұстанымға ұрынып жатады. Сол себепті жастар өз саяси мәдениетін әлеуметтік желідегі жауапкершіліктен бастау керек екенін атап өтті.
Азаматтық белсенді, былтыр елімізде өткен Парламент сайлауында бақылаушы болған Асылтай Тасболат жастардың саяси мәдениеті еркіндіктің арқасында қалыптасады деп есептейді. «Бала өсе келе ата-анасынан тәуелсіз болып, жеке-дара ұстаным иесі атанатынын ескерсек, жастар да есейе келе мемлекеттің саясатынан бөлек өз бетінше саяси мәдениет қалыптастырады. Оларға мемлекет өз саясатын таңбай, еркін қалыптасуына жағдай жасауы керек. Саяси мәдениет мәжбүрлікпен қалыптаспайды, еркін таңдау идеялары арқылы қалыптасады» деп пікірін білдірді А.Тасболат.
Философия, саясаттану және дінтану институтының тағы бір ғалымы Дамир Фазылжанның сөзіне құлақ түрсек, цифрландыру үрдістерінің жастарға ықпалы орасан. «Жастардың жаңа құрылғылар мен цифрлы бағдарламаларды оңай меңгеруі көңіл қуантатын жағдай, бірақ олар сонымен қатар тұтынушы. Қандай ақпарат алады, соны тұтынады. Нені тұтынады, соның ықпалына түседі» дейді ол.
Сессия соңында фасилитациялық тақта негізінде арнайы ұсыныстар мен шешу жолдары әзірленіп, ол құзырлы мекемелерге жолданатын болып келісілді.
АЛМАТЫ