Есте жоқ ескі заманнан бері мың бұралып қатар аққан Әму мен Сыр Аралдың алып айдынын толассыз толтырып тұрыпты. Өткен ғасырдың белортасынан ауа осы тепе-теңдік бұзылды. Қос дарияның жағасын қоныс еткен халық көбейіп, соның салдарынан теңізге құйылатын су мөлшері жыл санап сарқыла берді. Бей-берекет бөгелген өзен сулары көлемі ұлғайып келе жатқан күріштік пен мақталық алқаптарға жұмсалып жатты.
Осының салдарынан аз жылда айдын жағалауынан жырақтап, балығы тайдай тулаған теңіздің толқынын көзбен ұзатып салған жұрт өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары амалдың жоғынан көштің бетін өзге өңірлерге бұра бастаған еді. Кезіндегі ортақ теңіздің табаны аз жылда құм суырған мидай жазық далаға айналды. Тұзды дауылы жан-жағына қатер төндірген Аралды құтқару – әлемді құтқару екендігін мемлекетаралық деңгейде алғаш көтерген азат Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Теңіз проблемаларына арналған тұңғыш халықаралық конференция 1993 жылы Қызылорда қаласында өтті. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары тартылған теңіз тағдырын әлемдік қауымдастықтың талқысына салу туралы ұсыныс айтты. Конференция барысында Аралды құтқару халықаралық қоры туралы ережеге қол қойылды.
Қатысушы мемлекет басшылары атынан Біріккен Ұлттар Ұйымына үндеу жолданды. Халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру талқыланды.
Осы жиында құрылған Аралды құтқару халықаралық қорының төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осылайша, әлем жұртын алаңдатып отырған алып айдынның проблемасын шешу қадамдары еркіндіктің елең-алаңында жасалып еді.
Бастама баянды болып, көп уақыт өтпей-ақ теңіздің солтүстік бөлігіндегі табанына су жетіп, Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінде біршама толымды тірлік атқарылды. Кепкен теңіздің кенезесін қандырып, у ұшқан ұлтанды телегейге айналдырған Елбасы бастамашы болған идеяны әлем жұртшылығы «ғасыр жобасы» деп таныды.
Қазір Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының бірінші кезеңі толық аяқталды. Осы арқылы теңіз деңгейі 42 метрге көтерілді. Кіші Аралдағы су деңгейін сақтап қалу үшін осыдан 16 жыл бұрын салынған «Көкарал» бөгетінің арқасында теңіздің солтүстік бөлігіндегі су мөлшері 68 пайызға артты.
Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттің қаржыландыруы арқылы жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының алғашқы кезеңіне 85,79 млн доллар жұмсалып, айдындағы су көлемі 15 текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін жетті. Тұздылығы айтарлықтай төмендеді. Сырдария өзенінің қыс айларында су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін ұлғайды.
Арал теңізіне түсетін судың көбеюі өңірдегі тіршіліктің жандануына әкелді. Көлемі 30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көл қалпына келіп, балық шаруашылығын дамытуға жол ашылды. Ең бастысы, бұрын тұзданған теңізден жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болды. Теңіз жағадан жырақтағалы бері атакәсіптен қол үзіп қалғандар шалқарға қайта шығып, балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін жетті. Қаладан қашықтап кеткен теңіз 17 шақырымға дейін жақындады. Қазір өңірден Ресей, Польша, Нидерланд, Германия, Грузия және Литва елдеріне балық өнімі экспортталады.
Кіші Арал теңізі аймақтың экологиялық ахуалын жақсартып, флорасы мен фаунасы қалпына келе бастады. Қалыпқа келе бастаған өңір микроклиматы аймақ тұрғындары арасындағы аурушаңдық деңгейін көп төмендетті. Туберкулез, қатерлі ісік пен қан тамырлары ауруларына шалдығушылар қатары сиреді. Осы жаңалықтың барлығы Елбасы бастамасымен дер кезінде қолға алынған «САРАТС» жобасының жемісі.
Қайтқан теңізді қайта оралтқан бастаманың жалғасы – «САРАТС-2» жобасының алғашқы кезеңіне енгізілген 6 компоненттің төртеуін республикалық бюджет есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осыған орай Дүниежүзілік банк жобаны «Арал теңізін қалпына келтіру және аумақтық даму» деп атауды және Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған компоненттер қосуды ұсынып отыр. Үш компоненттен тұратын жобаның болжамды құны 190 млн доллар. Оның ішінде су шаруашылығы инфрақұрылымын жетілдіру және облыстың тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметін қолдау, су ресурстарын, өңірлік жобалау және жобаны басқаруды жетілдіру бастамалары бар. Былтыр жазда «Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және аумақтық даму» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті мен халықаралық Yecom (Пәкістан, Иран) компаниясы арасында келісім жасалды. Елбасы бастамашы болған жоба өңір жағдайына осындай өміршең өзгерістер енгізді.