Биылғы 9 айда Қызылорда облысына 186 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақта мұнай өндіру көлемі 274 мың тоннаға төмендегенімен кен өндіру өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 62,2 млрд теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,8 млрд теңгеге ұлғайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуы нәтижесінде көрсеткіш 2,6 есеге артқан. Бұл туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев айтып берді.
Былтырдан бастап облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары қабылданып, соған сәйкес 404 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сондай-ақ «Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктері» гайдбугі әзірленіп, оған инвестиция қажет ететін құны 967 млрд теңгенің 35 ірі жобасы енгізіліп отыр.
Инвестиция тарту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жыл басынан бері облысқа 5 роуд-шоу ұйымдастырылды. Оның ішінде, бейнеконференция режімінде Моңғолия және Франция мемлекеттері өкілдерімен 2 кездесу өткізілген. Бұған қоса, Литва, Өзбекстан және Корея елшіліктерінің делегациялары облысқа іссапармен келді.
– Облыста бірнеше қаржы ұйымдары жұмыс істеп келеді. Жергілікті инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қаржылай сүйемелдеу жасайтын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі толықтай қайта құрылды. Атап өту қажет, мекеме несие беруші емес, құрылатын бизнестің толыққанды серіктесі ретінде қатысады, – дейді басқарма басшысы.
Бұған қоса, өңірде «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы жас кәсіпкерлер жылдық үстемеақысы 2%-бен 5 жылға 400 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл несиенің тағы бір ерекшелігі – 1,5 жылға дейін несиелік демалыс алуға болады. Келер жылы жеңілдетілген несиеге бөлінетін қаржы көлемі 500 млн теңгеге дейін ұлғаймақ.
Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларын насихаттау мақсатында жақында Қызылорда облысы әкімдігі және Kazakh Invest Ұлттық компаниясы бірлесіп «Кәсіпкерлік қызмет пен инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында тренинг өткізді. Іс-шараға Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері, даму институттары мен қаржы ұйымдарынан құралған 80-нен астам адам онлайн форматта қатысып, өз сұрақтарына жауап алды.
Инвестициялық преференция алуға құжаттар әзірлеу барысында кәсіпорындарға фронт-офис толықтай сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Фронт-офистің ерекшелігі – 10 мекеменің қызметі бір жерге шоғырланған. Мұнда «бір терезе» қағидасы бойынша жер, сәулет, құрылыс, мемлекеттік кірістер, инженерлік коммуникацияларға қосылу мәселелері және басқа да бағыт бойынша барлығы 90 қызмет түрін көрсетеді. Орталық жұмысын автоматтандыру нәтижесінде техникалық шарт беру мерзімі 1 айдан 5 жұмыс күніне дейін қысқартылып отыр.
Қызылорда облысы