Әдебиетте бейнесі аңызға айналған ақындар болды. Соның бірі – Ахматованың портреттері. Оның суретін Амедео Модильяни мен Кузьма Петров-Водкин, Иосиф Бродский мен Алексей Баталов салған. Өнертанушы Эрих Голлербах айтқандай, «Ахматованың портреттерінде ондаған сыншының кітаптарына қарағанда әлдеқайда көп шындық бар» деседі.
«Түндер» мүсіні
(Модильянидің портреті)
1911 жыл. Жас ақын Анна Ахматова күйеуі Николай Гумилевпен бірге Парижге келеді. Богемалық жұртшылыққа кеңінен танымал «Ротонда» кафесінде ол итальяндық суретші Амедео Модильянимен танысады. Кездесуден ерекше әсер алған суретші Ахматованың портретін жадында сақталған бейнесі арқылы салады. Бұл туралы ақын: «Арамызда болған жағдай оның – өте қысқа, ал менің – өте ұзақ ғұмырымның қайнар бастауы еді. Өнердің шарпыған ыстық демі екеумізді де өзгерте қоймағандықтан, бұл жарқын, елең-алаң сәт іспетті болатын», деп жазды.
Алайда кейін Модильянидің барлық суреттері революция кезінде ақынның Царское селодағы үйінде өрт кезінде жанып кетеді. Тек өзіне аса қымбат – Ахматованың «Түндер» аллегориялық мүсіні түрінде бейнеленген суреті ғана сақталып қалған.
Дәл осы портрет туралы жазушы-тарихшы Николай Харджиев былай дейді: «Ахматованың образы XVI ғасырдың ең әйгілі сәулеттік-мүсіндік туындыларының бірімен үндеседі. Мен бұл жерде Микеланджелоның ең ауқымды және сырға толы әйел образдарының бірі – Джулиано Медичи саркофагының қақпағындағы «Түндер» аллегориялық мүсінін айтып отырмын. Модильяни суретінің композициялық құрылымы өз бастауын сол «Түндерден» алады».
«Оның ақын достары білетін бейнесі»
(Альтманның портреті)
1914 жыл. Ахматованың танылуына жол ашқан екінші жинағы – «Таспиқ» жарық көрді. Натан Альтманның портретінде ол тәкаппар һәм әлсіз болып бейнеленген. Альтманмен бір мезгілде Ахматованы Ольга Делла-Вос-Кардовская да салды.
Суретшінің қызы Екатерина өз естелігінде осы екі картинаны салыстырады: «Көркемөнер тұрғысынан алғанда, менің анам салған портрет өзіме қанша ұнаса да, ақын достары мен табынушылары білетін Ахматова бұл портретте емес, Альтманның туындысында дәл берілген деп санаймын».
Ақын авангардтық портрет пен Натан Альтман туралы «Қасиетті отанның тоғайын тастап кеткенде» («Покинув рощи родины священной») өлеңінде жазған.
«Мұңды сұлу»
(Анненковтің портреті)
1921 жыл. Ахматова Петроградта, күйеуі Владимир Шилейкомен (олар 1918 жылы, Ахматова мен Гумилев ажырасқан жылы үйленді) тұрып жатты. Ақынның достары Борис Анреп пен Ольга Глебова-Судейкина шетелге қоныс аударған болатын. Ал Ахматова кеңестік Ресейде қалып, орын алған өзгерістер мен жақын адамдарымен айырылысудың ауыр кезеңін бастан кешіп жүрді.
Петроградтағы Кирочная көшесіндегі үйде оның суретін Юрий Анненков салды. Ол Ахматованы ауыр ойлардан арылтуға бар күшін салып бақты: «Момын тұтқындай көрінетін мұңды сұлу, әсем ақсүйекше сәнді көйлек жасанған! …Ахматова маған суретін асқан шыдаммен, сол қолын кеудесіне қойып тұрып салдырды. Сеанс кезінде біз бейтарап тақырыптарға сұхбаттасып, майда-шүйдені әңгіме қылдық».
«Рухани портрет» (Петров-Водкиннің портреті)
1922 жыл. Өткен жыл Ахматованың өміріндегі ең қайғылы кезеңдердің бірі болды: оның бірінші күйеуі Николай Гумилев атылды, өзінің ұстазы Александр Блок өмірден өтті. Осы кезде Ахматованың екі жинағы – «Подорожник» пен Anno Domini MCMXXI жарық көрді: оған екі ақынға арналған өлеңдер енді.
Сол жылы ол екінші күйеуімен ажырасты. Кузьма Петров-Водкин Ахматованы осы ауыр кезеңді бастан өткеріп жүрген кезінде салды. Жазушы Мариэтта Шагинян бұл жұмысты икона, рухани портрет деп атады. Ал ақынның өзі: «Ұқсамайды – тым жасқаншақ», дейді.
«Қара періште»
(Тырсаның портреті)
1928 жыл. Бұл кезде Ахматованың шығармаларын жариялау мүлдем доғарылған еді. «Мәскеудегі кештерімнен соң (1924 жылдың көктемі) менің әдеби қызметімді тоқтату туралы қаулы шықты. Мені журналдар мен альманахтарға жарияламады, әдеби кештерге шақыруды қойды».
Осы кезеңде суретші Николай Тырса ерекше материалдар – акварель мен керосин шамы күйесінің қоспасын пайдаланып, Ахматованың үш портретін салды. Суретшінің бұл туындылары Осип Мандельштамға ерекше әсер қалдырды.
«Ақ көйлекпен ақ түнде»
(Осмёркиннің портреті)
1939 жыл. Бұл кезеңде Анна Ахматова тым аз жазып, көбіне аудармамен, Пушкиннің шығармашылығын зерттеумен шұғылданды. Оның ұлы Лев Гумилев лагерьлерде жазасын өтеп жүрсе, досы Осип Мандельштам лагерьде қайтыс болды.
Ақын өзінің портретін салу туралы ұсыныстардан кенде болмады. Ол «бұл тақырып кескіндеме мен графикада маңызын жойған» дегенді жиі айтса да, «Бубновый валет» тобының бұрынғы мүшесі Александр Осмёркинге салуға рұқсатын берді. Суретші 1939 жылдың 21 маусымында мынадай жазба қалдырған: «Анна Андреевнаның үйіне күнде барып, оны ақ түндегі шереметьевтік жөке ағаштарының аясында ақ көйлек киіп отырған күйінде салып жүрмін. Сеансты 11-де бастап, көпірлерге үлгеру үшін 2-де аяқтаймын». Ақын портретке арнап арнайы ақ көйлекке тапсырыс берді, бірақ оны тігіп үлгермеді. Сондықтан жалға алынған көйлекті киюге мәжбүр болды. Өзінің әйгілі шумақтарын ол осы күндері жазды:
Тастай ауыр сөз құлады демімнен
Кеудем – тірі, шыдармын.
Ештеңе етпес, оған дайын едім мен,
Төзетұғын шығармын.
Бүгін менің жұмысым көп, жадымды
Өлтіремін сүймеген
Жаным тасқа айналған соң,
жалынды
Жаңа өмірге үйренем.
Әйтпесе анау тереземнің түбінен,
Жаз жайнап тұр бүр жарып.
Әлдеқашан түсінгенмін, мұны мен,
Үй – ұсқынсыз, Күн – жарық.
(Аударған Р.Қабидолда)
«Идеядан жұрдай бос поэзия» өкілі»
(Сарьянның портреті)
1946 жыл. Бұл жылы ОК-ің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы қаулысы шықты. Михаил Зощенко мен Анна Ахматованың «идеядан жұрдай, идеологиялық зиянды шығармаларының» кесірінен олардың жұмысы «мүлдем нашар» деп танылды.
«Ахматова – біздің халқымызға жат, идеядан жұрдай бос поэзияның өкілі. Оның сарыуайым мен торығушылыққа толы өлеңдері ескі салондық поэзияның талғамдарына сай келеді, өз халқымен қатар жүруді қаламайтын буржуазиялық-ақсүйектік эстеттік пен декаденттік, «өнер өнер үшін» тұғырнамаларында қалып қойған, біздің жастарымызды тәрбиелеу ісіне зиян келтіреді және кеңестік әдебиет оған көнбістік таныта алмайды».
Нәтижесінде, «Ленинград» жабылды, ал «Звезданың» бас редакторы мен редакция алқасы ауыстырылды. Арада бір ай өткен соң «қаулыны түсіндіру үшін» Ленинградта Саяси бюро мүшесі Андрей Жданов баяндама жасады: «Оның поэзиясының ауқымы өте қарабайыр дәрежеде – төсек пен ғибадатхана арасында аласұрып жүрген байбатша әйелдің поэзиясы деңгейінде шектелген. Оның басты өзегі – мұң, уайым, өлім, мистика, мойынсұнушылықпен астасқан махаббаттық-эротикалық сарындар. …Не діндар әйел, не сайқал екені белгісіз, дәлірек айтқанда, сайқалдығына дұға араласқан зинақор монахиня».
Мұндай ауыр баяндамадан соң Анна Ахматова мүлдем жалғыз қалды: кейбір таныстары онымен қарым-қатынасын үзді, ал онымен араласқысы келетіндерге зиянын тигізбес үшін, ақын олардан алыс жүрді. Ал суретші Мартирос Сарьян қуғынға ұшыраған ақынды өзінің Мәскеудегі шеберханасына шақырудан қорықпады. Алайда Ахматованың денсаулығына байланысты жұмыс аяқталмай қалған: суретші ақынның қолдарын салып үлгермеді. Кейін картинаның осы бөлігін кесіп тастамақшы да болған, бірақ әріптестері портретті сол күйінде қалдыруды ұсынды.
«Орыс патшайымы»
(Лянглебеннің портреті)
1964 жыл. Ахматованы қайта жариялай бастады, Кеңес Жазушылар одағындағы мүшелігін қалпына келтірді. Ақын Италияда «Этна-Таормина» әдеби сыйлығын иеленді. Оның ұлы ақталып, 1956 жылы босап шықты.
Сол жылы Моисей Лянглебен Ахматованың ең соңғы портреттерінің бірін салды (ол 1966 жылы өмірден өтті). Суретші оны натурадан бес рет салып, Ахматова сол портреттердің төртеуінде өз қолтаңбасын қалдырған (демек, ұнаған).
Бұл мүлдем басқа Ахматованың портреттері болатын. Суретші әрі жазушы Юзеф Чапскийдің естелігіне сүйенсек, мұнда Анна Андреевна үлкен креслоға жайғасқан, ірі, байыпты, толық, сәл саңыраулығы бар. Олар XVIII ғасырдағы орыс патшайымдарының мінсіз портреттерін еріксіз еске түсіреді.