«Ұлттық нейрохирургия орталығында өте күрделі нейрохирургиялық оталар күнделікті жасалады. Осындай оталардың бірі миында көлемі 7х7 см глиальды ісігі бар 44 жастағы ер адамға жасалды. Бұл операция жоғары технологиялық медициналық қызметке кіреді. Ота МӘМС шеңберінде квота бойынша пациентке тегін жасалды. Мұндай хирургиялық араласу кезінде оң нәтижеге тек заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтары, білікті мамандары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда ғана қол жеткізуге болады» деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Отадан бұрын науқаста бас ауруы, бас айналу, көру қабілетінің төмендеуі, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, сол жақ аяқ-қолдардағы әлсіздік, сондай-ақ конвульсиялық ұстамалар туралы шағымдар болған. Дәрігерлердің айтуынша, ісіктің мұндай мөлшері өте үлкен және науқастың денсаулығына зор қауіп төндіреді. Науқасқа клиникалық декомпенсация сатысында мүйізді денеге өсуімен оң жақ маңдай бөлігінің алып глиальды ісігі диагнозы қойылды. Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері «Оң жақ маңдай-төбе-самай сүйегінің краниотомиясы, МРТ-трактография және нейронавигацияны қолдана отырып, глиальды ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастау» отасын жасады. Алты сағаттық ота сәтті өтті, ісік толығымен алынып тасталды.
«Ісіктің мөлшері үлкен болды, ол миды қатты қысқан. Бізге сау тіндерді миллиметр бойынша бөлуге тура келді. Сонымен қатар біз мидың өмірлік маңызды тамырларын зақымдамауға мән бердік. Бұл жерде осы аймақтарға зиян келтірмеу аса маңызды. Ісікке назар аудара отырып, қимыл-қозғалысқа жауап беретін аумақтарды, сондай-ақ үлкен артерияларды аса сақтықпен айналып өттік. Сондай-ақ ісікті жою дәлдігі МРТ – трактографияның көмегімен алдын ала жасалған координаттарға байланысты болды. Бұл мидың өткізгіш жолдарының (ақ зат трактілері) барысы мен құрылымдық өзгерістерін көрсететін жаңа әдіс, сонымен қатар аэронавигациялық жүйе де қолданылды. Осындай технологиялық жабдық арқылы жоғарыда аталған құрылымдар мен аумақтарға қол тигізбедік және ісікті кейіннен пациентке неврологиялық мұқтаждық туындатпайтындай етіп алып тастай алдық», деді пациентті емдеуші дәрігер Мұратбек Тілеубергенов.
Айта кету керек, бұл операция жоғары технологиялық медициналық қызметке кіреді. Ота МӘМС шеңберінде квота бойынша пациентке тегін жасалды. Мұндай хирургиялық араласу кезінде оң нәтижеге тек заманауи диагностикалық және операциялық жабдықтары, білікті мамандары бар жоғары мамандандырылған орталықтарда ғана қол жеткізуге болады. Отаны көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер жүргізді. Атап айтқанда, Ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, «ҰНО» АҚ профессоры Нұржан Рыскелдиев және нейрохирург-дәрігер Мұратбек Тілеубергенов, сондай-ақ анестезиолог-реаниматолог дәрігер Марс Нұрдинов және ота мейіргері Роза Шауетова қатысты.
Ұлттық нейрохирургия орталығының кәсіби мамандарының тізімін бұдан әрі де жалғастыруға болады. Бұған клиниканың әлеуметтік желідегі парақшаларында пациенттер қалдырған алғыс пен лебіздер де дәлел.
Еске сала кетелік, МӘМС енгізілгелі бері медициналық қызметтердің барлық түрін, соның ішінде қымбат тұратын жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алудың қолжетімділігі мен мүмкіндігі артты. МӘМС жүйесі, жарна көлеміне қарамастан, сақтандырылған азаматтардың барлығына бірдей, тең дәрежеде қызметтер пакетіне қол жеткізуіне негізделген. Бұл ретте міндетті медициналық сақтандыру бойынша көмекке жүгінген кезде пациентке медициналық қызметтердің көлемі мен құнына шектеу қойылмайды.