Елорданың бас қақпасы – Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы арқылы күніне 8 мыңға жуық жолаушы ұшып келсе, осыншама адам кері қайтады. Тәулігіне мұнда 160-тай рейс ұшады. Оның 50-і халықаралық. Әуежай – стратегиялық объект. Сол себепті де әуе нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, келімді-кетімді жолаушылардың құқын қорғау көлік полициясының негізгі міндетіне айналған.
Еліміздің бас қаласына түрлі мемлекеттен ұшып келген жолаушылар ең алдымен ЖПБ полиция қызметкерлерін сынға алып, қазақстандық полиция қызметі туралы пікір қалыптастыратыны анық. Басқаша айтқанда, желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы бүкіл ішкі істер органдарының бет пердесі секілді. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының көлік полицейлеріне жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес. Оның бастысы – әуе көлігі нысанында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тәртіпті сақтау.
Жақында әуежай аумағында Hi-tech жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. 8-14 қараша аралығында іске қосылған операцияның басты мақсаты – жоғары технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы тосқауыл қою. Халықаралық әуежайдағы желілік полиция бөлімі басшысының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Ердос Балтабаев: «Соңғы уақытта тым көбейіп кеткен интернет алаяқтығының алдын алудың стратегиялық нысанда өткізілетін кез келген ақпараттық, үгіт-насихат жұмыстарының берері мол. Себебі әдетте қылмыскерлер арам ойларын іске асыру үшін халық нөпірі қалың жерді таңдайды» дейді. «Қазіргі таңда интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың түр-түрі шыға бастады. Өтірік жарнама беру, қызмет түрін ұсыну, сату-сатып алу туралы жалған ақпарат таратумен қатар, ұялы телефонға хабарласып, қиын жағдайға тап болғанын айтып, ақшалай көмек сұрайтындар да көбейген. Өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, есепшоттағы ақшаны түрлі сылтау айтып, үшінші бір шотқа аудартып алатын әккілер де адам психологиясына қалай ықпал ету керектігін жақсы біліп алған. Әуежайда жолаушыларға түрлі экстремистік, террористік, порнографиялық сипаттағы контрафактілік өнімдерді тарату фактілерінің алдын алуға да ерекше мән беріледі», дейді полиция подполковнигі.
Hi-tech-тің басты мақсатының тағы бірі – қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын, арнайы техникалық құралдар мен ұялы телефондарға арналған зиянды бағдарламаларды анықтау. Ал бұл бағытта белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін компьютердің тілін жетік білетін білікті маман қажет екені түсінікті.
«Көлік полицейлері – ішкі істер органдарында халықпен етене жақын жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің бірі. Сол себепті де біздер Hi-tech секілді жедел операциялардың басты мақсат-міндетін жолаушылар арасында жүріп, жан-жақты түсіндіреміз, жадынамалар таратамыз. Басты мақсат – елімізге келген қонақтар мен азаматтарымызды интернет алаяқтарының қитұрқылығынан сақтау, ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесу», деген Е.Балтабаев интернет алаяқтыққа қатысты қылмыс пен құқық бұзушылық туралы ақпарат бергендерге ақшалай сыйақы төленетінін де еске салып өтті.
Ел көлемінде іске қосылған Hi-tech жедел іс-шарасы барысында 150-ден астам киберқылмыс анықталған болса, оның дені интернет алаяқтыққа қатысты болып отыр. Операция барысында бұрын жасалған 200-ге жуық қылмыстың да беті ашылған. Интернет пен әлеуметтік желіні жаулап алған қылмыстың бұл түрі құрығына кез келген жастағы адамды түсіруі мүмкін. Сол себепті де көлік сақшылары әуежайға келген әрбір жолаушыны қырағы болуға, алаяқтардың оңай әрі тез пайда табасыз немесе арзан болғанымен сапалы қызмет жасалады деген уәдесіне сенбеуге шақырады. Ең бастысы, осындай жағдайлардың барлығын дереу полицияға хабарлау қажет екенін ескертеді.