Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 18 желтоқсанда елордадағы Jekpe-Jek спорт кешенінде қазақстандық боксшылардың қатысумен үлкен кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылады. Кештің басты жекпе-жегінде Данияр Елеусінов жартылай орта салмақтағы IBO белдігі үшін жұдырықтасады.
Әзірше отандасымыздың қарсыласы белгісіз. Дегенмен қазақстандық БАҚ өкілдерінің жазуынша, Елеусіновке мына үш боксшының бірі қарсылас атануы мүмкін. Олар – 32 жастағы америкалық Морис Хукер (27-2-3, 18 КО), 37 жастағы Хосесито Лопес (38-8, 21 КО) және 34 жастағы Себастьян Формелла (23-2, 11 КО). Үш боксшының үшеуі де бұрын өз салмақтарының чемпионы болған. Хукер мен Лопес жартылай орта салмақта WBO және WBA (Super) белдігін иеленген болса, Формелла орта салмақ дәрежесінде IBO тұжырымы бойынша чемпион атанған.
Аталған бокс кешінде Данияр Елеусіновтен бөлек, ауыр салмақтағы Иван Дычко (10-0, 10 КО), супер орта салмақтағы Дәурен Елеусінов (9-1-1, 8 КО), бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) өнер көрсетеді. Сонымен қатар жеңіл салмақтағы қазақстандық Ержан Залилов пен Ескендір Харсан осы бокс кешінде 20 жылдан кейін бірінші рет Қазақстан чемпионы белбеуін сарапқа салады.