• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2014

Сән әлеміндегі «Сымбат»

3791 рет
көрсетілді

Сөз басы

Сән әлемінде ұлттық бояудан бір ажырамаған Сабыркүл Асанова туралы қалам тербер алдында қайта-қайта тежеліп, оның сұлу да мағыналы тағдырының қай қырынан келерімізді білмей кідіре бергеніміз рас. Өйткені, өмірін алуан түрлі жіптермен өрнектеп, өзі «тіккен» жанның кейінгі жас­тарға тағылым боларлықтай көп қыры бізге беймағлұм. Сабыркүл Жайлаубекқызының сән әлеміне сапар шегер алдында, бір мәселеге міндетті түрде тоқ­тала кетуге тиістіміз. Мысалы, қа­зір­гі жастардың көпшілігі дизай­нер, яғни, сән үлгісін жобалаушы болғысы келеді. Яки болмаса, модаға қызмет етуді үлде мен бүл­деге оранып жүрудің бірден-бір жо­лы деп біледі. Расында солай ма? Ешкімнің иығына ілін­беген қиял­дағы көйлекті ойлап тауып, ке­лістіріп пішіп, тігіп шығу оңай ма? – Қиын! Өте қиын. Құлын мүшеге қоса біткендей жарасқан мінсіз көйлек тігу үшін көп тәжі­рибе, көп білім керек! – дей­ді мода әлеміне 45 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Сабыркүл Асанова. Кәсіптің ішіндегі ең көркемін жасау, әрине қиын. Бұл әлемнің бүкіл ұңғыл-шұңғылын бес сау­сағындай білетін біздің кейіп­кері­мізбен әлі де отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуына қатысты талай әңгіме өрбіте жатармыз. Өйткені, Сабыркүл апамызға елі­мізде әлі күнге дейін ине, түй­ме, жіп шығарылмай жатқанда: «Неге көрші Қытайдың киімін киіп жүрміз?», «Түркиядан қа­шан­ғы тау­ар тасимыз?» деген сұ­рақ­тар сан рет қойылған. Өзі үшін таптаурын болған мұндай сауалдардың жауабын Сабыркүл Жайлаубекқызы білсе де, мезі еткен сауалдарға жаттанды жауаптармен құтылу да бұл мәселені шеше алмайтыны тағы да рас. Сондықтан да кейіпкеріміздің осы салаға қатысты ұстанымы – біреу. Мемлекетіміз кез келген кә­сіп­ті кәсіпкерлікке айналдырып, шағын және орта бизнесті дамытуға бар мүмкіндікті тудыруға ұмтылған заманда әркім еңбегі мен ақылына сенсе, екі жақтап алып шықпақ.

Соғыс сұрапылында туған сәби

Ал енді Сабыркүл Асанова сияқ­ты табысқа жетіп, тағдыр­дың абыройлы тәжін киіп, ай­на­ласындағы жандардың өлшеусіз құрметіне бө­лену үшін не істеу­ге болады? Жа­у­ап – жалғыз. Өмір сүру өнерін үй­­­­рену керек. Себебі, елдегі ең ба­йыр­ғы «Сым­бат» дизайн және техно­ло­гия академиясының президенті, тех­­ника ғылымдарының докторы, өнер­­тану профессоры, көптеген оқу құ­­ралдары мен кітаптардың авторы, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері ол Ұлы Отан соғысының жы­л­­дарында дүние есігін ашқан адам. Қасиетті Рамазан айында ту­ған тағдырлы қызды сол кезде бүкіл халықтың басына түскен тау­қыметтің бір де бірі айналып өт­пеген. Соған қарамастан, ол өзі­нің балалық шағын сағына ес­ке алады. Барлық ауыл балалары сияқты таңертең оянғанда шаңырақтан түскен күннің сәулесі, жаңа сауылған сүттің иісі, дәмі ауыздан кетпейтін айран мен қ­а­тықты ұмытар ма... Алайда, со­ғысқа дейін, соғыстан кейін туған балалардың бір де біреуінің тағдыр маңдайынан сипамаған. Буындары қатаймай жатып-ақ балалық шақтары ұрланған ұрпаққа ауыр жұмыстарға араласып, үлкендерге көмектесіп, үйдің шаруа­сын дөңгелетуге тура келді. Тойып тамақ ішпеген, бүтін киім кимеген сол балалар бүгінгі тоқшылық пен баршылықтың қадірін жақсы біледі. «Ойын – өнер емес»,  деп өсірген анасы Рәзия кішкентайынан Са­быркүлді барлық тірлікке икемді етіп тәрбиелеуге ұмтылды. Ол 13 жасында-ақ қара жұмыстың барлығын атқарып қоймай, то­қыма тоқу, кесте тігу, тері илеу сияқты ісмерліктің барлық түрін үйренеді. Әдемі дүниелер қат заманда біздің кішкентай Сабыркүл терезелерге перде, желбіршекті төсекжапқыш, айнаның шетіне шілтер тоқып, сұрқай тіршілікті сәндеуге ұмтылады.

Тағдыр табандыларға ғана бағынады

Балалық шақтың қызығына да қанып көрмеген Сабыркүлге мүшел жастан енді асқан шақта тұрмысқа шығу туралы әңгімені естуге тура келіпті. Үлкендердің айтқанын екі етіп көрмеген ауыл қызына осы кезде бұйығып жатқан асау мінезін көрсетуге тура келеді. Бірінші рет Сабыркүл шешесінің күйеуге бермек болған шешіміне қарсы шығып, оқуымды жалғастырамын деп қасарысып тұрып алады. Есін енді біліп келе бойжеткен өз дегеніне жетіп, Меркідегі интернатта оқуын жалғастырады. Мектепті күміс медальға бітірген табанды қыз Жамбыл технологиялық институтына түсуге толық мүмкіндігі болып тұрғанда, оның өмірін жаңа арнаға бұрып жіберген маңызды оқиға болады. Қабылдау емтиханынан кейін рек­торатқа мектепті үздік бітірген тү­лектерді шақырып, Мәскеу мен Ле­нинградтағы оқу орындарына құ­жат тапсыруға болатындығын ай­тады. Өмірдегі кедергілерді жеңіп үйренуге дағдыланып келе жатқан қа­зақ қызы осылайша негізі 1920 жы­лы қаланған Мәскеу тоқыма инс­титутының түлегі болып шыға ке­леді. Бұл жылдары Одақтағы ең бе­делді осы оқу орнында 500-ге тарта оқытушы, 45 профессор мен ғылым докторы, 250-дей ғылым кандидаттары мен доценттер дәріс беретін еді. Білім деңгейінің қандай бол­ға­нын осыдан-ақ біле беріңіз. Ауыл­дан келген қазақ студентіне өзге замандастырмен тең дәрежеде бі­лім алу үшін ең бірінші тілді мең­­геру қажет еді. Басында орыс­шаға шорқақтау қыз уақыт өте келе көп курстастарының тісі батпаған «Машина тетіктерінің теориясы», «Машина бөлшектері» сияқты қиын пәндерді беске тапсырып, кезінде оған күліп қараған құрбылары Сабыркүлге күні түсіп, оның техникалық кескіндемелерін сұрап көшіре бастайды. Намысшыл да еңбекқор қыз Қазақстаннан Мәскеудегі тоқыма институтына түсуге келген 17 адамнан оқу бітірген 2 түлектің бірі еді. Ресейдің қысы қатал ғой. Мер­кі­ден келген сүйкімді қыз «Балалар әлемі» дүкенінен жылы пальто сатып алып, екі түлкінің терісінен бас киім тігіп, пальтосына ұқсатып жаға салып алады. Осындай жоқтан бар жасайтын ісмерлігі оны Мәс­кеу­дегі әдемі бойжеткендердің қа­та­рына қосады. Институтты үздік аяқ­таған студентті Мәскеудегі «Трикотажница» фабрикасы бір­ден жұмысқа қабылдайды. Са­быр­күл осы жылдары КСРО ас­танасындағы ІІД Жоғарғы мек­тебінде оқып жүрген студент Ес­мұхамбет Асановпен танысып, өмірлік жарын табады. Екеуінің ортасында Балнұр, Айнұр атты балалары дүниеге келді. Қазір Балнұр Асанова еліміздегі танымал дизайнер, өнертану ғылымынын кандидаты, анасының ізін жалғастырушы. Айтқандай, көп ұзамай Мәс­кеу­де бас инженерлікке дейін көтерілген Асанованы Қазақ­станнан тәжірибе алмасуға бар­ған мамандар көріп, өз елі­міздегі «Алмагүл» трикотаж фабрикасына жұмысқа шақырады. 12 жасында-ақ ең алғашқы көйлегін тігіп, өз бизнесін бастаған Сабыркүл Асанова бұл ұжымға 12 жыл жетекшілік етіпті.

Сән әлемінің көшбасшысы

Бұл күнде Сабыркүл Асанова­ны жазбай танитын жұрт оның есімін «Сымбат» сән академия­сынан бөліп қарамайтыны белгілі. Талапшыл да талғампаз жан осы ұжымды 1990 жылдан бері басқарып келеді. Сол жылдары өмір мүлде басқа арнаға бұрылып, бүкілодақтық жүйе бұзылып, жекешелендіру басталғаны белгілі. Нарық келген кезде біздің кейіпкеріміз де өз ұжымымен осы заманға бейімделуге тура келген-ді. Бұл кезде «Сымбат» жеңіл өнеркәсіп тауарлары түрлерін дамыту мен мәдениет және мода орталығы банкрот болып, тараудың алдында тұр еді. Осы жерде «Сымбат» сән академиясын сақтап қалу үшін Сабыркүл апамызға тағы да табандылық танытуға тура келген. Күнкөріс қамымен саудаға, базарға кетіп жатқан мықты мамандарды, технологтар мен инженерлерді қалай да сақтап қалу керек еді. Осы арада айта кететін бір жайт, жеңіл өнеркәсіп саласының сол кездегі Алматы мақта-мата комбинаты, 1 май, Ю.Гагарин атындағы фабрикалар мен Ф.Джерзинкий атындағы фирма ғажап өнеркәсіп орындары еді. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен осы жеңіл индус­трияда сан мыңдаған мамандар қызмет істейтін. Мәселен, өтпелі кезеңге дейін еліміздің өнеркәсіп саласында 400 мың адам жұмыс істейтін. Соның бәрі қайда? 1990 жылға дейін елімізде 47 бірдей фабрика болған екен... Ал «Сымбат» дизайн және технология академиясының негізі 1947 жылы тігін лаборатория­сы ретінде қаланғанын қазір екінің бірі біле бермейді. Есесіне, бұл өнер ордасы бір кездегі мықты мамандарды сақтап және олардың тәжірибелерін кейінгі тәлімгерлерге беріп жатқанымен де мерейлене алады. Тәуелсіздіктен кейін «Сымбат» сән үйі 30-дан астам мемлекетте ұлттық сән үлгі­лерін паш етіп, Қазақстанның абыройын арттырғанын айту парыз. Бізге Кеңес өкіметі тұсында жұрттың бәрі инкубатордан шыққан балапан сияқты бірдей киінген сияқты көрінетін ұғым бар ғой. Алайда, Сабыркүл Жайлаубекқызы олай деп есептемейді. – КСРО кезінде мода болмады деген жай сөз. Мода болды. Сонау 1975 жылдан бастап біз бүкіл еліміздің бетке ұстар адамдарын дұрыс киіндірдік. Еліміздің айтулы өнер жұлдыздарының кезінде жұрттың есінде қалып, жарқыратқан көйлектерінің көпшілігі «Сымбат» сән үйінде өмірге келген, – дейді сән әлемінің патшайымы. Әрине, қазір де шоу-бизнестегі жаңа жұлдыздар «Сымбатқа» келеді, қалағанын тіктіріп жатады. Дегенмен, шет мемлекеттерден келіп жатқан жеңіл өнеркәсіп тауарларының ағыны жақын жылдарда тыйылады деп болжам жасау қиын. Қазір «Сымбат» сән академиясына үлкен бәсекелестік туғызып жатқан да ешкім жоқ. Отандық мода әлемінде жұмыс жасап жатқан дизайнерлер шама-шарықтары келгенше өз айдындарында жүзіп кетуге ұмтылуда. Енді біреулер Қытай мен Қырғызстаннан тасылған киімдерге жалған фирма белгісін жапсырып, жұртты ал­да­мақ болады. Бірақ, барлық қиын­дықтарға төзіп, талмай жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де бар. Жеңіл өнеркәсіптің болашағы осыларда, дейді Сабыркүл апай.

Киінудің философиясы бар ма?

«Адам көркі – шүберек» дегендей, киіне білу де өнер емес пе?! Қожанасырдың: «Же шапаным, же» дейтініндей жөнімен, сәнімен киіну де адам өмірінде маңызды рөл атқаратынын кім білмейді. Тойға баратын киімді қойға, қойға баратын киімді тойға киіп барып көріңізші, соңы не болар екен. Киінудің де өз философиясы бар. Сабыркүл Жайлаубекқызы да киінуді ғана емес, жұртпен тіл табысып, үлкен ұжымды басқаруды да өнер деп есептейді. Ал үлде мен бүлдеге орануға келген, тек өзінің ғана «сұлулығы мен ақылдылығына» сенген ерекше кінәмшіл клиенттерге біреуге жарасатын дүние екінші адамға үйлеспейтіндігін шамына тимей түсіндіру оңай емес. Бұл – әрбір адамның талғамынан табылу өнері болса керек. – Әлі есімде, 80-жылдардың басы болатын, Ол кезде бүкіл саяси элита, шенеуніктердің әйелдері бізден киінеді. Қазіргідей толып жатқан бутиктер жоқ. Маған бірде дөкейдің зайыбы келді. Менің киіп отырған киіміме таңдана қарап, дәл менікіндей тұман түстес костюм тіктіргісі келетінін айтты. Мен ол кісінің бітіміне қарап, оған ондай түс жараспайтынын түсіндіріп бере алмадым. Сөйттім де басым бәлеге қалатынын біліп: – Шешініңіз де менің костю­мім­ді киіп көріңіз, – дедім. Дүниенің тұтқасын ұстап тұр­ғандай болып келген тәкаппар клиент менің костюмімді иығына ілді де, айна алдына барғанда түрі бұзылып кетті. Сөйтті де үн-түнсіз киімімді өзіме қайтарып берді. Біздің өлшеміміз бірдей болғанымен, жаратылысымыз, бейнеміз – түрлі-түрлі ғой. Бұл кәсіп мені шыдамды болуға, төзімді болуға және өз эмоциям­ды игеруге көмектесті дейді кейіп­керіміз. Өмір сүру өнерін үйренген адамдармен сұхбаттасу қашан да тағылымды. «Жақсымен өткізген бір күнің – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген рас-ау. Кей­біреулерге жұртқа қызыл-жасыл көйлек тігіп беріп, содан табыс тауып, танымал болып жүргендей көрінетін Сабыркүл Асанованың терең мінезіне бойлау үшін ол кісіні тек білу, сыйлас болу қажет. Біз де айтары бар адамдардан тағылым аламыз. Жүсіп Баласағұн айтқандай: «Адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та бақыт та қонбайды», деген сөз ақиқат екеніне әрбір аттаған қадамымыз бен жасампаз жандардың үлгісі көз жеткізе түседі. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерде: Сабыркүл АСАНОВА; «Сымбат» сән академиясының үлгілері.