Керек кезінде «малым арымның, арым жанымның садағасы» дейтұғын кеңпейілді, кесек бітімді жұрт қызылды-жасылды дүниеден адамгершілігін жоғары қойған. Ендігі әңгіме де осы төңіректе.
Дүние-малдың бет-жүзіне қарамайтын мәрттікті, арлы адамгершілікті бәрінен жоғары деп есептегендіктен, ұрпағын кісі ақысын жемеуге, ала жіпті аттамауға тәрбиеледі. Солай бола тұра соңғы жылдары ауылдасының ақ адал еңбегімен өсіріп отырған төрт түлік малына түз тағысынан бетер ындыны құрып, көз алартатындардың көбеюі ойландырады-ақ.
2020 жылдың ақпан айынан бастап қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. «Мал ұрлығы» деген жеке бап түзілді, қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді мал ұрлығы азайды ма?
Осы жылдың өзінде облыста 118 мал ұрлау фактісі тіркеліп отыр. Бұл мал иелерінің арыз-шағымы тиісті органдарға жетіп, анықталғаны ғана. Әйтпесе, кеңпейіл қазақтың «бір қой жай да өліп қалады», «бір малды қасқыр да жейді» десіп, жоғын іздемейтін, ұры алыстан келмей, ауылдан табылса, кешіріммен қарайтын кеңдігінің кесірінен жария болмай жатқаны да аз емес.
Наурыз айында облыстық мәслихат төрт түлік малды жаю ережелерін бекітті. Жаңа ереже учаскелік полиция инспекторлары және әлеуметтік желілер арқылы малсақ қауымға жеткізілді. Осы арада тағы бір айта кететін жайт, мал жаю ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өкінішке қарай, мұның өзі де мал иелерінің жауапкершілігін арттыра алмай отырған жайы бар. Осы жылы 3,5 мың бас малдың қараусыз жүргендігі анықталған. Мал иелері жауапкершілікке тартылған. Оған қоса бақташысыз жайылымда жүріп, күре жолдың үстіне шығып кетіп, темір жол тораптарына тұяқ іліктірген үш мыңға жуық мал 182 мал қорасына қамалған. Республикалық және жергілікті маңызы бар жол бойында қараусыз жайылып жүрген мал қанша рет жол-көлік оқиғасының себепкері болды. Адам да, мал да опат болып, әрқилы дене жарақатын алып, бейнетке ұшырап жатыр. Соңғы алты жыл ішінде төрт түліктің қараусыздығынан болған 49 жол-көлік апатында бес адам қаза тауып, 74 адам ауыр жарақат алды.
Ауылдық жердегі малсақ қауымның негізінен малдың сүмесімен күн көріп отырғаны белгілі. Әйтсе де, сол малына мұқият қарау, көзден таса етпеу жағы кемшін. Малы көзінен таса болып, жазатайым айырылып қалған соң ғана опынады. Мұндайда полиция қызметкерлеріне жүгінеді. Бұл арада бір айта кетерлігі, кейбір мал иелерінің тиісті құжаттары толтырылмаған, ветеринарлық төлқұжаттары жоқ. Мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін төрт түлік малды тегіс таңбалау және ен салу қажет. Малды тасымалдаған кезде ветеринарлық анықтама болуы міндетті.
– Мал ұрлығына жол бермеу мақсатында Полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып мал жаюды ұйымдастыру, төрт түлікті таңбалау және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасына қажетті мәліметтерді уақытылы енгізу мәселелері қаралды, – дейді облыстық Полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин. Осы жылы ғана көліктердің малға соғылуы себебінен 7 оқыс оқиға болды. Бір адам қаза тауып, 9 жолаушы жарақаттанды. Мал жолға шығып кетпеу үшін жағалауына 15 мың метр қоршау, Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытындағы автожолға жалпы ұзындығы 10 мың метрден астам тор орнатылды.
Осы арада бір айта кететін дүние, полиция күшінің жеткіліксіздігі. Облыс ішіндегі жол мыңдаған шақырымды құрайды. Демек, мал иелері өз бағымындағы жануарларға жауапты болуы керек. Бұл жайында полиция қызметкерлері де айтып отыр.
Осы арада бір мысал келтіре кетелік, биылғы 24 қазанда Есіл аудандық полиция бөліміне шағым түскен. Онда Свободное ауылының тұрғыны жалпы құны 14 млн теңгеден асатын 49 бас жылқысының жоғалғаны туралы хабарлаған. Іле полиция қызметкерлері 8 іздеу тобын ұйымдастырған. Жоғалған жылқыны іздеуге жергілікті тұрғындар да атсалысқан. Екі тәулік ішінде аудан аумағындағы барлық сай-сала, орман-тоғай сүзіліп шыққан. Көп күш жұмсап, тиянақты іздеудің нәтижесінде жайылымнан жоғалған жылқылар табылды. Сөйтсе олар елді мекеннен 15 шақырымдағы Қызылсу өзенінің жағалауынан табылған. Әрине, мал иесі жылқыларының сәйкестендіру базасында тіркелмегендігінен жауапқа тартылды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Сөз соңында айтарымыз, бар жауапкершіліктің мал иесінің мойнында екенін тағы бір қайталағымыз келеді. Бұрынғыдай «ұзын арқан, кең тұсауға» салынудың ендігі арада еш қажеті жоқ.
Ақмола облысы