• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Бокс 16 Қараша, 2021

Әлем чемпионымен айқасады

111 рет
көрсетілді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова (14-1, 8 КО) өзінің келесі жекпе-жегін 11 желтоқсанда өткізетін болды. Бұл күні отандасымыз жеңіл салмақта әлемнің абсолютті чемпионы ирландиялық Кэти Тэйлор­мен (19-0, 6 КО) кездеседі.

Жекпе-жекті тікелей эфирде көрсететін DAZN платформасының хабарлауынша, кездесу 10 раундқа жоспарланған. Айқас Англияның Ливерпуль қаласында өтеді. 35 жастағы Кэти Тейлор – әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да талай биікті бағын­дырған тәжірибелі боксшы. 2012 жылы 60 кило салмақ дәрежесінде Лондон Олимпиада­сының чемпио­­ны атанған ол бес мәрте әлем біріншілігінде, алты рет Еуропа чемпионатында қарсылас шыдатпаған. Сондай-ақ Еуроодақ чемпионаттарында да бірнеше рет алтын тұғырдан көрінген. 2016 жылдың қарашасында кәсіпқой боксқа бет бұрған Тейлор бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, барлығында басым түскен. 14-ші жекпе-жегін­де өз салмағында әлемнің абсолютті чемпио­ны атанған Кэти қатарынан бес кездесуде бел­беулерін сәтті қорғап келе жатыр. Тейлор ең кейінгі айқасын қыркүйекте америкалық Дженнифер Ханмен (18-4-1, 1 КО) өткізіп, ұпай санымен жеңіске жетті.

Ал 27 жастағы Фируза Шарипова 2012 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы, Сары құрлық чемпионатының қола жүлдегері. 2016 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан отандасымыз бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, оның 13-інде қарсыластарынан басым түскен. Тек бір кездесуінде ғана жеңілген. Шарипова соңғы кездесуін 12 қыркүйекте ресейлік Любовь Беляковамен өткізіп, техникалық нокаутпен жеңген еді.