Түркістанға жолы түскен жандар Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың басына барып, рухына тәу етіп кеткенді жөн көреді. Ер Түріктің бесігі Түркістанға өткен жылы 701 мыңнан астам турист келіпті. Яғни, арғы жылмен салыстырғанда киелі қалаға қыдырып келушілердің саны 15 пайызға артқан деген сөз. Бұл, әрине, Түркістанда туризмнің түтіні түзу ұшып, қала көркейіп, қызмет көрсету деңгейі жыл санап дамып келе жатқанын білдірсе керек.
Қаланың көркейіп, түрленіп келе жатқанын мұндағы құрылыстың қарқынына қарап та білуге болады. Туризмді дамыту мақсатында мұнда қолөнер орталығының құрылысы жүргізіліп, іске қосылған. Бұдан бөлек, 200 орынға арналған туристерге қызмет көрсету орталығы салынуда. Өткен жылы бұл өңірде 3 мектеп ғимараты салынып, 28 мекемеге күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізіліпті. «Балапан» бағдарламасының аясында 5 балабақша пайдалануға беріліп, қала бойынша 3-6 жастағы баланың 65,1 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылған. Әсіресе, ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық емхана іске қосылғаны түркістандықтарды ерекше қуантты. Бұдан бөлек 200 төсектік көп бейінді балалар ауруханасының құрылысы жүргізіліп, 3 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілген. Жергілікті бюджет есебінен орталық кітапхана ғимараты салынды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 10 ауылдық клуб ағымдағы жөндеуден өткен. Енді бүгінде облыс бюджетінен 260 млн. теңге бөлініп «Жабық жүзу бассейнінің» құрылысы жүргізілуде және жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 222 млн. теңгені құрайтын спорттық сауықтыру кешені салынуда. Сондай-ақ, 80 пәтерлі және 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй құрылысының бой көтеріп келе жатқаны Алла бұйыртса, алдағы уақытта бұл қалада бір қауым ел қоныс той тойлайтынын айғақтап тұрғандай. «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы бойынша 11 көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Міне, осынау қаптаған құрылыстың бәрі көне Түркістанның жаңа заманға сай келбетін, сәулетін жасап, ажарын аша түсуде. Ең бастысы, халықтың игілігі үшін жасалып жатқан бұл тірліктердің қарқыны еш толастамайды, жалғасын таба береді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.