Елорда командасы биыл Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 14-ші маусымына қатысып жатыр. Осы жылдар ішінде Гагарин кубогы жолындағы бәсекеде үш мәрте ширек финалға жеткен. Былтыр плей-офф сатысына шыққанымен, 1/8 финалда Магнитогордің «Металлург» ұжымынан айласын асыра алмады. Десе де елордалық клубтың биыл сол нәтижеге жетуінің өзі үлкен жетістік болатын сияқты. Өйткені «Барыстың» қазіргі ойыны көңіл көншітпейді. Юрий Михайлис шәкірттері ҚХЛ-дағы екі айдың қорытындысы бойынша «Шығыс» конференциясында 27 ойыннан кейін 24 ұпаймен 10-орында келеді.
Жаңа үш ойыншымен толықты
Былтырғы маусымнан бастап «Барыс» тізгінін отандық маман Юрий Михайлис ұстағаны белгілі. Кезінде хоккейші ретінде жанкүйерлердің көңілінен шыға білген Ю.Михайлис әзірше бапкер ретінде өзін мойындата алар емес. «Барыс» былтырғы маусымды тәуір өткізгенімен, биылғы өнері жанкүйерлердің көңілінен шықпай тұр. Бұған маусымаралық үзілістен кейін клуб сапынан бірқатар тәжірибелі ойыншылардың басқа командаға ауысып кетуі де себеп болуы әбден мүмкін. Өйткені олардың орнына келген жаңа хоккейшілер командаға бірден сіңісіп кете алмады. Қазанның басында «Барыс» шабуылшы Кристиан Томаспен келісімшартты бұзғанын хабарлады. Ол ҚХЛ-да 9 матч өткізіп, бір мәрте ғана нәтижелі паспен көзге түсе алды.
Юрий Михайлис осылайша өзіне қажетсіз ойыншылармен маусым ортасында қоштасып, «Барыс» сапында бұрын ойнап кеткен хоккейшілерді шақыра бастады. Мәселен, бірер күн бұрын елордаға шабуылшылар Антон Сагадеев пен Линден Вей оралды. Алғашқысы жыл басында Ярославльдің «Локомотивіне» ауысқан болса, екіншісі соңғы кездері Санкт-Петербургтің СКА клубында өнер көрсетті. Бірақ екеуі де биыл өз клубтарында жарқырап көзге түсе алмады. Сагадеев бүгінге дейін 8 рет мұзайдынға шығып, әріптестеріне бір мәрте нәтижелі пас асырған. Ал 2017-2018 жылғы маусымда «Барысты» өрге сүйреген канадалық хоккейші соңғы үш жыл ішінде алдымен Мәскеудің, содан кейін Санкт-Петербургтің әскери командаларында ойнады. ЦСКА құрамында жүріп ол Гагарин Кубогының иегері атанса, биылғы маусымда СКА құрамында 21 матчта мұзайдынға шығып, 11 (5+6) ұпай жинады. Екі ойыншы да «Барыста» жыл соңына дейін өнер көрсетеді.
Сонымен қатар халықаралық үзіліс кезінде елордалық ұжым өз қатарына Словакия құрамасының шабуылшысы Томаш Юрчоны қосты. Словакиялық «Кошице» клубының тәрбиеленушісі әр жылдары ҚХЛ және Америка хоккей лигасындағы «Детройт», «Чикаго» және «Эдмонтон» секілді клубтардың намысын қорғап, біраз тәжірибе жинақтаған. Былтырғы маусымда ол «Вегас» пен «Хендерсон Сильвер Найтс» командаларында ойнап, 13 (5+8) ұпай жинаған. Сондай-ақ ол жуырда ұлттық құрамасымен бірге келесі жылы Бейжіңде өтетін Олимпия ойындарына жолдама жеңіп алды.
Статистика не дейді?
«Барыстың» қазан айындағы ойындарын қыркүйектегі бәсекелермен салыстырар болсақ, шабуылшылардың нәтижелілігі төмендегенін байқаймыз. Қыркүйекте «Барыс» 11 ойында 27 шайба соққан болса, қазанда 14 матч өткізіп, 33 мәрте қарсылас команданың қақпасын дәл көздеген. Ал бүгінге дейін қазақстандық команда 27 ойында 65 шайба соқты (бір ойында орташа есеппен 2,4). Осы көрсеткіш бойынша ҚХЛ-дың көшін «Металлург» клубы бастап тұр. Магнитогор командасының еншісінде 90 шайба бар. Сондай-ақ қақпасына ең аз шайба жіберген де дәл осы «Металлург» болып тұр – 49. «Барыс» бұл уақыт аралығында өз қапасына 74 шайба өткізіп, төменгі орында тұр.
«Барыс» қазан айындағы ең ірі жеңісіне Владивостокта қол жеткізді. Юрий Михайлистің командасы «Адмиралды» 4:1 есебімен жеңді. Ерекше атап өтерлігі, бұл ойында «Барыс» сапынан көзге түскен Дінмұхамед Қайыржан команданың ҚХЛ-да гол соққан ең жас ойыншысы атанды. 18 жастағы шабуылшы биылдан бастап «Барыстың» негізгі құрамында ойнап жүр.
Өткен айдағы ең ірі жеңіліс 24 қазанда «Барыс Аренада» тіркелді. Бұл кеште «Барыс» Череповецтің «Северсталь» клубына 1:5 есебімен жол берді.
Екі айдың қорытындысы бойынша, «Барыс» сапында әзірге Никита Михайлистен озатын шабуылшы табылмай тұр. 27 ойында ол 13 мәрте мергендігімен көзге түсіп, 17 рет әріптестеріне нәтижелі пас асырған. 30 ұпай жинаған Михайлис тек «Барыстың» емес, ҚХЛ-дың үздік сұрмергендер тізімінің үшінші сатысына жайғасқан. Оның алдында 39 ұпайы бар (13+26) «Динамо» өкілі (Мәскеу) Вадим Шипачёв пен «Витязь» шабуылшысы Нико Оямяки (19+11) тұр.
Михайлиспен қатар Дарен Диц те команданың үздік сұрмергені саналады. Ол 27 матчта қарсыластар қақпасына 9 шайба соғып, 10 рет әріптестерінің көзге түсуіне жағдай жасаған. Пайдалылық коэффициенті жағынан Диц те лигадағы үздіктердің бірі. Дарен қорғаушы-бомбардирлер арасында 29 ұпаймен екінші орынға орналасқан. Одан тек Теодор Леннстрём (Торпедо) ғана озып тұр. Ол Дицтен 4 ұпайға артық жинаған.
Алдағы қарсыластарымыз кімдер?
Бұл айда «Барыс» алты ойын өткізеді. Үш ойын сырт айдында, үш матчты «Барыс Аренада». Қарашадағы бәсекені елордалық ұжым кеше сырт айдында «Сочи» клубымен бастады. Бұл – екі ұжым арасындағы осы маусымдағы алғашқы ойын болмақ. Қазіргі таңда «Сочидің» де жағдайы аса мәз емес. Олар «Батыс» конференциясындағы турнир кестесінде 22 ұпаймен 11-орында келеді.
Бұл матчтан кейін жерлестеріміз Мәскеуге қонаққа барып, жергілікті «Спартакпен» кездеседі. Қыркүйекте «Мегаспорт» мұзайдынында өткен ойында «Барыс» 1:4 есебімен жеңіліп қалған еді. «Спартак» «Батыс» конференциясындағы турнир кестесінде 30 ұпаймен 8-сатыға жайғасқан.
Елордалықтар сырт айдындағы ойындар сериясын Череповецте түйіндейді. 24 қазанда «Барыс Аренада» өткен ойында «Северстальдан» 1:5 нәтижесімен жеңілген жерлестеріміз енді «Мұз сарайында» есе қайтаруды көздейді.
Содан кейін қазақстандық хоккейшілер «Барыс Аренаға» оралып, «Динамо Минск», «Торпедо» және «Витязь» ұжымдарымен сынға түседі.