Өскеменде теннистен жас спортшылар арасындағы халықаралық ITF Juniors J3 Kazzinc Open турнирі өз мәресіне жетті. Бір қуанарлығы, өз елімізде өткен байрақты додада қазақстандық теннисшілердің мерейі үстем болды.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, Өскемендегі турнирдің жекелей және жұптық сынында қазақстандық қыздар үздік шықты. Жекелей жарыстың финалында Сандуғаш Кенжебаева мен ресейлік Елизавета Масная бас жүлдені сарапқа салды. Жарыс барысында Масная қазақстандық апалы-сіңлілі Арыстанбековаларды және Аружан Сағындықованы жолдан тайдырған болатын. Әсіресе, 3 сағат 11 минутқа созылған жартылай финалдық матчта Асылжан Арыстанбекованы жеңген еді. Ал Кенжебаева жартылай финалда отандасы Дана Байдәулетпен 2 сағат 41 минут ойнады. Дегенмен соңғы бәсекеде С.Кенжебаева Е.Маснаядан 6:3, 6:4 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты жеңіп алды.
Жұптық сында финалда қазақстандық теннисшілер өзара кім мықтыны анықтады. Осы доданың бірінші ракеткалары Аружан Сағындықова мен Дана Байдәулет Әсем Шойбек пен Стефания Шалахованы 6:1, 6:1 есебімен тізе бүктірді.