1972 жылы сәуір айының жексенбі күні түстен кейін жапонның әдебиет аталымы бойынша тұңғыш Нобель лауреаты Ясунари Кавабата жалға алған көпқабатты үйде өзіне қол жұмсады. Бұл берісі Жапония әдебиеті, әрісі әлем әдебиеті үшін ауыр трагедия еді. Қайғылы оқиғадан соң бірнеше сағаттан кейін есіктен газдың иісін сезген қызметші әйел полицияға хабар береді. Әп-сәттегі ауыр қаза жапондық әдеби ортаны ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүниені дүрліктірді.
Тіпті оның өлімі туралы New York Times газеті бірінші бетінен орын беріп, талантты жазушының бақилық болғанын хабарлады. Жапонияның рухани күретамыры аталған Кавабата өмірімен қоштасарда ешқандай ескерту немесе түсініктеме қалдырмапты, бірақ арада қырық бес жыл өткен соң, оның соңғы және аяқталмаған романы «Бақбақ» оқырманға ұсынылды. Аталған роман Майкл Эммерихтің аудармасымен New Directions басылымы арқылы ағылшынтілді әлемге таралды.
Жазғаны бірегей таланттың соңғы романын оқуға ынтыққан оқырман аз болмапты. «Бұл роман шынымен оқырманды елең еткізетін шығарма» десті әдебиеттанушылар. Жазушы аяқталмаған романын жазып жүріп өз өмірін аяқтады. Сонда «Бақбақ» романы оның өліммен күресінің көрінісі болғаны ма? Романдағы бүкіл оқиға кейіпкердің ғашығы мен оның анасының диалогы арқылы баяндалады. Анасы оны психикалық ауру деп есептейді және емдетуге мұқтаж. Ал ғашығы Куно оның психикалық ауру емес екеніне сенеді, сол үшін оған үйленсе ғана бұл қиындықты жеңеміз деп ойлайды. Осы шығарманы оқып отырып, Кавабата өзінің өмір мен өлім арасындағы жанжалдарын, ауыр сұрақтарын қағазға түсіріп отыр ма деген ойға батасыз. Ол екі кейіпкердің өз ойларымен, сондай-ақ бір-бірімен қақтығысып жатқан әрекеттерін керемет бейнелейді.
«Бақбақ» романының айтар ойы – «сомагнозия» деген аурудан зардап шегетін Инеко атты әйелдің өмірі, ол анда-санда заттарды, адамдарды мүлде көрмей қалады. Талғампаз оқырман оның кейіпкерінің бойындағы бұл құбылысты Оливер Сакстың «Әйелін қалпақ деп шатасқан адам» атты туындысындағы кей оқиғалармен салыстырады. Дегенмен Кавабатаның шығармасындағы эпизоттар тым ауырырақ.
Бұл романның атауы шығарманың бірінші сөйлемінен алынған. Жазушы кейіпкер арқылы Икута өзенінің жағасында гүл ашатын бақбақ туралы жиі айтады. Инеконың анасы мен оның жігіті Куно адамдар арасында тым сирек кездесетін аурудан, «сомагнозиядан», қазақшалап айтқанда, «дене соқырлығынан» зардап шеге бастаған Инеконы құтқаруға кіріседі. Шығармадағы негізгі өзек сомагнозия науқасы жазушы тарапынан ойдан шығарылғанымен, романды оқи келе өмірде сондай ауру болуы мүмкін деген шешімге келесің. Науқастың басқа адамның денесін мүлде көре алмайтыны жанға батады. Бұл сырқатпен күресіп, оның қалай пайда болғанын білу үшін дәрігер де толғанады, ізденеді.
Шығарма Инеконың балалық шағы, ауруының басталуы және екі кейіпкердің тағдыр туралы әртүрлі нанымдары сияқты көптеген тақырыпты да оқырман назарынан тыс қалдырмайды. Кейде олардың әңгімесін пейзаждағы оғаш құбылыстар бұзады, нендей құбылыстар дейсіз ғой, ақ түсті бақбақ, кішкентай шикіл сары баланың әрекеті сияқтылар. Баяндаушының «... көктемнің хабаршысы сияқты көрінбейтін түрде гүлдеді» деген жалғыз сөйлемі бақбақтың бүкіл тіршілігін көз алдымызға жайып салады.
Роман басқа мәселелермен қатар өлілер туралы жазу – өзіңізді қайтыс болғандармен бірге сақтау деген қарама-қайшылықты «көзқарасты» бізге ұсынады. Куно Инеконың анасына: «Мен бәлкім жас шығармын, бірақ мен көптеген адамның өлгенін көрдім, олардың арасында маған өте жақын адамдар да болды» дейді. Әдебиет шынымен де қандай ой айтқанын ұмытып, бірақ авторларын есте сақтаған элегияларға толы. Бұл шығарма Кавабатаның өз өмірінің трагедиясын қағаз бетінде бізге түсіндіріп тұрғандай. Төрт жасында жетім қалған Кавабата Осакадағы ата-әжесімен бірге тұрды. Әжесі жеті жасында, атасы он бес жасында қайтыс болды. Бір-ақ рет кездескен үлкен әпкесі он бір жасында бақилық болды, оның басқа бірде-бір туысы жоқ та еді. Кавабата 1968 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған кезде, ол жапон әдебиетіндегі меланхолия мен суицидтің таралуы туралы ұзақ сөйледі. Екі жылдан кейін оның жақын досы Юкио Мишима өзін өзі өлтірді. Осыдан екі жылдан кейін Кавабата өз өмірін қиды. Осы тұрмыстық трагедиялардың бәрі оның шығармашылығында қайталай көрініс тапты. Яғни жүрек не ойласа, қалам соны жазды. Кавабатаның өміріндегі бұл кездейсоқтықтар оның өзі жазған сомагнозия ауруының бір түрі сияқты. Бір сөзбен айтқанда, өзіңіздің, жақын адамыңыздың өмірдің бір бөлігін көрмеуге тырысу һәм қандай да бір ауыр соққыдан туындайтын соқырлық.
«Бақбақта» Куно мен Инеконың анасы Инеконың ауруының ықтимал көздеріне зерттеу жүргізу керек пе, жоқ па деген сұрақтар төңірегінде ойланады. Инеконың анасы қызының кішкентай кезінде әкесі өзіне қол жұмсау үшін тауға кеткенін, сол уақыттың маңыздылығы туралы айтады. Ол көп ұзамай қайтып оралып, әйелі мен қызына оны бір жас қыздың құтқарғанын баяндайды, бірақ Инеконың анасы күйеуінің бұл сөзіне сенбейді, арада бірнеше ай өткен соң, Инеко әкесімен бірге атқа мініп бара жатқанда, оның жартастан құлап бара жатқанын көреді. Кейіпкердің анасы Кунодан бұл оқиғаның Инеконың сомагнозиясына түрткі болуы мүмкін бе деп сұрайды, өйткені бұл қайғылы оқиға қазір қайталануда дегенді жеткізеді. Бірақ Куно бұнымен келіспейді, себебі Инеконың анасы мен әкесі алғаш кездескен сәттен бастап Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырауына дейінгі аралықтағы кез келген себептерді мысал етуге болады, сол үшін бұл оқиғалар тізбегімен мәлім бір адамның тағдырын анықтауға тырысу қауіпті деп қарсы келеді.
Романдағы қайшылықты бір нәрсе фантастикалық ауру туралы роман жазу тек сол ауруды оқырман үшін қолжетімсіз етіп көрсету үшін ғана деген тұжырым шығады. Зер салып қарасақ, Куно мен Инеконың анасының арасындағы пікірталас біздің өлімнен, әсіресе өзіне қол жұмсаудан себеп табуға мәжбүрлі екенімізді көрсетеді. Кавабата өз өмірін қиғаннан кейін, Йосими Усуйдің «Оқиға туралы есеп» деп аталатын кішкентай кітабына оқырманның назары бірден ауды, ол кітапта Кавабатаның өзіне қол жұмсау себебі ретінде жазушының жас үй қызметшісіне деген жеккөрінішті сезімін дәйек етеді.
Кавабата «Бақбақты» жазу барысында өмірінде кездескен оқиғалардың тізбегін жасап, жиі ойланған сияқты. Өйткені оның бұл шығармасындағы әрбір кейіпкер әйтеуір бір нәрсеге соқырлық танытады. Мүмкін жазушы осы шығармасы арқылы Жапониядағы адамдардың арасындағы алшақтықты айтқысы келген де шығар. Икута клиникасында дәрігерлер науқастарға арналған біртүрлі рәсімін жасайды, ондағы науқастарға күн сайын қала ғибадатханасында қоңырау соғуға рұқсат етіледі. Дәрігерлер мұның әлі күнге дейін анықталмаған емдік мәні бар екенін айтады әрі ерекше нанымды алға тартады, ал емханадағы кейбір жас дәрігерлер қоңыраудың дыбысынан ғана қоңырау туралы бірдеңені түсінуге болады деп ойлайды. Инеконың анасы мен Куно үшін қоңыраудың бірінші сыңғыры «қатты, бірақ тыныштықты бұзған» күйде болады. Біздің білуімізше, ғибадатханадағы қоңыраудың дыбысы оны соққан науқастың эмоциясын, әсерін, өмірге көзқарасын, үміті мен жігерін айтады. Ғибадатханада бір ғана қоңырау ілулі тұр, бірақ оны әр рет соққан сайын әртүрлі дыбыс шығады. Бірақ қоңыраудан шыққан дыбыс тыңдаушыға байланысты болады.
Қоңырау соғу жапон тарихы үшін күш-қуатты қалыптастыру рәсімі болуы мүмкін. Ал ауру адамдардың қоңырау соққанын елестетіп көріңізші. Одан шыққан дыбыстар қалай болмақ? Белгілі деңгейде сырқат адамдардың қоңырауды соққанда шыққан дыбыстар мінсіз естілетін де шығар, бірақ оқырман ретінде сіз қоңырауды кім және қалай соғып жатқанын ешқашан біле алмайсыз. Ақырында, Инеконың анасы мен Куно қаланы кезіп жүргенде, олар Инеконың науқасының басты себебін тұрақтандырғандай болады. Оның әкесі Кизаки Маясукидің кенеттен және кездейсоқ қайтыс болуы, оның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі офицерлікке алынуы, Жапония жеңіліске ұшырағанда қатты алаңдауы, өз өмірін қию үшін тауға қашуы кейіпкер қыздың кездейсоқ сырқатына себеп болған деген ой тұжырымдамасы шығады.
Мен бұл шығарманы бірдеңе оқығысы келетін адамдарға оқуды ұсынамын. Бұл шығарманы оқу – ұқсас бір күн ішінде екі адам арасындағы жалғасып келе жатқан бітпес әңгімені тыңдаумен бірдей. Сонымен бірге бұл романның өзге шығармалардан айырмашылығы – Кавабата шынайы әңгіменің қандай болатынын оқырманға жақсы түсіндіріп береді. Кейіпкерлер әртүрлі қорытындыға келе отырып, ұқсас бір тақырыпты қайталайды және шешім шығарады. Адам өмірінің ең соңында ғана өмір кіршіксіз қалыпта елестеуі мүмкін.
Психиатриялық ауруханадан шығып бара жатып, Инеконың анасы жылап тұрған ағашты байқайды да: «Ағаштың діңінде жарақаттар бар... Жарылған қабық мүк басқан кәрі тасбақаның сауытындай қатты болып кеткен. Бұл ағашты кесу үшін үлкен күш пен табандылық керек. Тіпті ағаш бетіне кей ессіздер өз есімдерін ойып жазып кеткендей көрінеді», деп шер төгеді. Оның бұл сөзіне Куно: «Кейде адамдар сол жерде болғанын дәлелдеу үшін мүмкіндігінше із қалдырғысы келеді», деп жауап береді. Романда жылап тұрған ағаш бірнеше беттен кейін қайтадан назарға ілігеді, Куно Инеконың анасы ағашты неліктен әу баста айтқанын түсінген күй кешеді де: «Ағаш – Инеко, солай емес пе? Сол үшін сізге жылап тұрғандай көрінген болар» дейді. Бәлкім, бұл роман Инеко сияқты өмірдің әртүрлі қиыншылықтарын бастан өткізген адамдардың «Мен осындамын, Мен де тірімін» деген үнін жеткізуге көмектесер. Тіпті Ясунари Кавабатаның өзі жылап тұрған ағашқа айналған шығар.