Беларусь мемлекеті шекарасындағы заңсыз босқындармен қақтығыстардың салдарынан төрт поляк сарбазы зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Польшаның шекара күзетінің ресми өкілі Анна Михалская журналистерге айтып берді.
«Төрт сарбаз зардап шекті. Оларға босқындар лақтырған тастар дөп тиген. Соның салдарынан жеңіл жарақаттар алған», деді Михалская.
Өткен аптада Беларусь пен Польша шекарасындағы орман белдеуінде босқындардың, негізінен күрдтердің стихиялық лагері құрылды, олардың саны 2 мыңнан асты. Осы дүйсенбіде босқындар тікелей Беларусь-Польша шекарасындағы өткізу пунктіне жетті, ал сейсенбі күні олар шекараны бұзуға тырысты, бірақ поляк қауіпсіздік күштері босқындарды арнайы құралдардың көмегімен тоқтатты.
Жақында Литва, Латвия және Польша Беларусь мемлекетімен шекарада Таяу Шығыс пен Африка елдерінен ұсталған заңсыз мигранттар санының өскенін хабарлап, Минскіні көші-қон дағдарысын жасады деп айыптаған еді.