• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қараша, 2021

Есепсіз су – ысырап

521 рет
көрсетілді

Алдағы көктемнен бастап Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзеніне су жіберу тоқтатылуы мүмкін. Осы хабарды естіген Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының тұрғындары алаңдаулы. Бұл мәселені «Egemen Qazaqstan» назарда ұстап, бірнеше мақала жариялаған болатын.

Су саласының ардагері Мырзағали Ерғалиев, КСРО Мемлекеттік сый­­лығы­н­ың лауреаты Алексей Бата­лов, Со­циа­листік Еңбек Ері Бөкен Қыз­ға­рин және «Табыс» шаруа қожа­лы­ғының басшысы Манат Алғам­ба­ров­тың газет редакциясына хат жазуларына 2021-2023 жылдарға арналған респуб­ли­ка­лық бюджеттің жоспарында арнадан су жі­беруге қаржы бөлінбегені себеп бо­­лыпты.

– Биыл көктемде Шідерті өзенінің тө­менгі арнасына 50 млн текше метр су жіберілсе, бұл көлем екі аудан үшін аз. Ақтоғай ауданына су жетпей қалу қаупі бар. Сондықтан жылдағыдай 100 млн текше метр су жайылу қажет, – дейді М.Ерғалиев.

Жалпы, арнаның құрылысы 1962 жылы басталып, 1974 жылы аяқталды. Су арнасы маңызды стратегиялық су шаруашылығы нысанына айналды. Нысан Орталық Қазақстан, Екібастұз өң­і­ріне су жеткізетін гидротехникалық құ­рылыс, яғни қолдан жасалған өзен. Жайылымдарды суару үшін қол­да­нылады. Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нис­тр­лігінің Су ресурстары коми­те­­ті­нің мәліметінше, су арнасы іске қосылғалы бері Қарағанды қаласында су тапшылығы жоқ, машина жасау, химия өнеркәсібі, электр жылу энергетикасы, суармалы егіншілік дами бастады. Қарағанды металлургия комбинатында жаңа өндірістерді кеңе­йту және құру басталды, Ақсу фер­ро­қорыт­па зауыты, Екібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, Қарағанды зауыттары салынды, көмір өндіру артты. Екі телімге бөлінген арнаның бойында 22 сорғы стансасы, 13 гидроторап, 14 бөген бар. Жобалық қуаты жылына 1,9 млрд текше метр су жіберуге жетеді.

Ал Екібастұз ауылдық аумағын­да­ғы Шідерті өзенінің ағыны су жеткізу торабымен реттеледі. Су арнасының Шідерті кентіндегі №112 су торабы салынады. Бұл торап Ертіс өзенінің суын Қарағанды қаласына жеткізеді. Су арнасы салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейді. Жобада табиғи су жайылымының зиянын өтеу ретінде су арнасынан Шідерті өзеніне су жіберу қарастырылады. Сөйтіп жыл сайын көктемгі табиғи мол суға толатын Ақтоғай ауданы, Екібастұз ауылдық аумағының жері керісінше, су жетпей құрғай бастады. Мысалы, Ертіс бассейні инспекциясының де­ректері бойынша, 1975-1982 жыл­дар­ға дейін Шідерті өзенінің сағасына су жіберілу көлемі 96-100 млн текше метр шамасында болған. Ал 1990-1997 жылдарға дейін 27,6 млн текше метр­ден 90,5 млн текше метрге дейін су жіберілді, орташа есеппен 66,5 млн текше метрді құраған. Бұдан кейін, 1999 жылдан 2003 жылға дейін Шідерті жайылымына мүлде су жіберілмеді. Сондықтан Екібастұз қаласының ауылдық аумағы мен Ақтоғай ауданының тұрғындары Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзеніне су жіберу тоқтатылса, 1999-2003 жылғыдай құрғақшылық болып, сусыз қалған жайылымдар қандай күйге түседі деп алаңдаулы. Өйткені су жіберу тоқтатылған кезде ауылдықтар жаппай көше бастады.

– Мысалы, 2000-2004 жылдар аралығында Екібастұз ауылдық аума­ғын­дағы халықтың саны 20 500 адам­нан 11 700 адамға дейін азайды. Жайы­лымға су келмеген кезде малға да, жанға да қатты тиді. Ақтоғай ауда­нының да тұрғындары көшіп кетті, – дейді М.Ерғалиев.

Шаруа қожалығының басшысы М.Алғамбаров егер су жіберу тоқта­тыл­са мал басы азаятынына тоқ­та­лып, ет-сүт өнімдерімен қамта­ма­сыз ететін шаруашылықтар күзгі, қысқы шөп қорын қайдан алатынына алаңдайтынын жеткізді.

Сусыз қалған жұрттың жанай­қа­йы­нан соң 2003-2005 жылға дейін жіберілген су көлемі 30 млн текше метр­ді құраған, 2006-2010 жылға де­йін жіберілген су көлемі 50 млн текше метрді құраса, 2010 жылдан бас­тап қазіргі уақытқа дейін Шідерті жайы­лымдарына жіберілетін су көлемі 100 млн текше метрге дейін жеткен.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, жыл сайын Шідерті-Өлеңті экожүйесінің су ресурстарын өтеу мақсатында Шідерті өзеніне көлемі 100 млн текше метр су жіберу жүргізіледі. Бірақ биылғы жылдың басында еліміздің Қаржы министрлігі тарапынан 39 млн текше метр су жіберуге 1,1 млрд теңге ғана мақұлданды. Облыс әкім­дігі Шідерті-Өлеңті аймағының таби­ғи және экологиялық теңгерімін сақтау мақсатында қосымша су кө­ле­мін бөлу қажеттілігі туралы минис­трл­ікке өтініш ұсынымдар жазды. Нәтижесінде, республикалық бюд­жет­ті нақтылау кезінде 41 млн текше метр көлеміндегі су жіберуге қо­сым­ша 1,1 млрд теңге мақұлданды. Жал­пы, биыл су арнасынан 80 млн текше метр көлемінде су жіберілді (оның ішінде №112 су торабынан 78,5 млн текше метр, №109 су торабынан 1,5 млн текше метр). Суды жіберу кезінде Ақтоғай ауданында 18,9 мың гектардан астам, Екібастұз қаласының ауылдық аумағындағы шабындық алқаптар Ақкөл ауылы – 7 003 га; Екібастұз ауылы – 5 555 га, Шиқылдақ ауылы 896 га су­лан­дырылды. Сонымен табиғатты қор­ғау мақ­сатындағы су жіберу Шідер­ті-Өлеңті табиғи аймағының эколо­гия­лық, биологиялық түрде сақталып қалуы үшін қажет дейміз. Екіншіден, Шідер­ті ­өзенінің жайыл­ма­сына су жі­берілсе­, Екібастұз, Ақ­тоғай аудан­­­дарының жемшөп қоры молая­ды. Үшіншіден, үнемділік деген мәсе­ле бар. «ҚазСушаруашылығы» кә­сіп­орнының жергілікті филиалы су­ды ысы­рапсыз пайдалану бөлі­мі­­нің бас­ты­ғы Серік Мұстафиннің мә­лі­метінше, Шідерті су өткізуші торабы Шідерті магистралды арнасы қазір осы филиалдың қарауына берілген. Жыл сайынғы су жіберу барысы республикалық бюджеттен қаржыландырылады да, жоғарыда айтылған 100 млн текше метр суды бо­са­ту­ға шамамен 2 млрд 980 млн теңге қажет. Айтуға оңай. Бұған дейін суды үнемдеу, тиімді қолдану үшін арнаның суын ақылы түрде пайда­ла­ну тетігі енгізілді. Сондықтан 2000 жылдары Шідертінің төменгі ар­на­сына су жіберу тоқтатылды. Қар­жыгерлер судың да сұрауы бар дей­ді. Ағыл-тегіл тегін жатқан су жоқ. Су арнасы жобасын Кеңес өкіметінің су мамандары өзеннің су ресурс­та­рын тиімді, үнемді пайдалану мүм­кін­дік­теріне сай жасағанын енді түсіне бастағандаймыз.

С.Мұстафинннің айтуынша, кә­сіпорын су ресурстарын үнемдеу үшін биыл Шідерті өзенінің жайыл­ма­сына табиғатты қорғау мақса­тын­да су жіберуді жүргізу жөніндегі ко­мис­сияның хаттамасына сәйкес Екібас­тұз­дың Әулиекөл, Бәсентин көлдеріне су беру көлемі азайтылған. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп Жайылма ауылы аумағында да су ысырабын болдырмау бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл ша­ра әлі де жалғасады.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының мәліметінше, бұған дейін жыл сайын 100 млн текше метр су босатылып келсе, ендігі мә­селе – мол суды ысырап етпей, есеп­пен, ұқыппен, үнеммен пайдала­ну. Мысалы, Шідерті суармалы арнасы бойындағы су құрылғылары, шабындық торларындағы шлюздер су қабылдауға дайын болуы тиіс. Енді құрылғыларды, торларды күтіп ұс­тау, жөндеуді, судың үнемділігін ба­қылауды «ҚазСушаруашылығы» кәсіпорнының жергілікті филиалы атқаратын болады.

Сонымен бірге Шідерті-Өлеңті өзен­де­рі табиғи аумағын сақтау үшін мем­­лекеттік қорық аймағын құру қа­жет, қорық құ­рылса табиғи-эколо­гия­лық барлық қа­жетті тиімді, бұл да суды үнемді пай­да­лану шараларын жасауға мүмкіндік береді.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов бізге берген жауабында былай дейді: «Пав­лодар облысындағы Қ.Сәт­баев атын­дағы су арнасынан Шідерті-Өлеңті табиғи аймағына таби­ғат қорғау мақсатында (Шідерті өзе­ні­нің жайылмасы) өтемдік су жі­бе­ру жағдайына және қосымша қар­жы­ландыруға қатысты жолдаған хаты­ңыз­ды қарап, келесіні хабарлайды: Қаржы министрлігі заңнамада бел­гі­ленген тәртіппен республикалық бюд­­жеттің мүмкіндіктеріне сай, Қ.Сәт­баев атындағы су арнасынан Ші­­дерті өзеніне табиғатты қорғау ба­­ғы­­тындағы өтемдік су жіберуді жүр­­­гізу үшін қаржы бөлуді қарауға дайын. Комитет 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қа­лыптастыру кезінде «Табиғат қор­ғау мақсатында су жіберу» 102 бюд­жеттік кіші бағдарламасы (бұдан әрі – 102 кіші бағдарлама) бойынша 11 облыс бо­йынша табиғатты қорғау мақсатында су жіберуге 8 909,2 млн теңге, оның ішінде Шідерті өзе­ні­нің алқабына табиғатты қорғау мақ­­сатында су жіберуге 3 409 610 млн теңгеге бюджеттік өтінім ен­гіз­ді. Республикалық бюджет комис­сия­сының 18.08.2020 жылғы №23 шешіміне сәйкес: Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Қорғалжын мемлекеттік қорығына табиғатты қорғау мақса­тында су жіберу үшін 1 536,9 млн теңге; Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Тұзды өзеніне табиғатты қорғау мақ­са­тында су жіберу үшін 322 287 мың теңге; Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзенінің алқабына табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 1 110,6 млн теңге қаржы бөлу қолдау тапты. Осыған қоса биыл Ұлттық қор есебінен Қ.Сәтбаев атындағы су арнасынан Шідерті өзенінің алқабына табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 1 153,3 млн теңге бөлінді. Барлығы «ҚазСуШар» РМК Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы филиалына 2021 жылы табиғатты қорғау мақсатында су жіберу үшін 4 123,2 млн теңге бө­лін­ді. 2022-2024 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджетті қалыптастыру кезін­де 102 кіші бағдарламасы бойынша Ші­дерті өзенінің жайылмасына 120 млн тек­ше метр көлемінде табиғат қорғау су жіберулеріне 4 347,9 млн теңгеге Қаржы министрлігіне бюджеттік өті­нім берілді. Қаржы министрлігі 2022 жылға Қ.Сәтбаев атындағы ка­нал­дан Шідерті өзеніне 60 млн текше метр көлемінде табиғатты қорғау өтем­дік су жіберуді жүргізуге қа­жет­ті табиғатты қорғау су жібе­руін жүр­гі­зуге қажетті 2 172,0 млн тең­гені қол­дады. Ко­ми­тетпен 2022 жыл­ға ар­налған рес­пуб­ликалық бюд­жетті нақ­тылау кезін­де Қаржы министр­лі­гіне қосымша қа­ржы бөлу туралы бюджеттік өтінім ен­гі­зілетін бо­лады.

Досбол Бекмағамбетовтің айтуын­ша, Сәтбаев атындағы су арнасы кә­сіпорны қазір «ҚазСуШар» рес­пуб­­­ли­ка­лық мемлекеттік кәсіп­орын­­­ның­ бір бөлімшесі. Дегенмен 50 жыл­ды құ­­ра­й­тын ұзақ пайдалану кезеңінде су арнасы кәсіпорнында да бірқатар мәселе анықталған. Бірақ қиындықтарға қарамастан, барлық пайдалану мерзімі ішінде тұтынушыға су берудің бұзылуы болған жоқ, бұл сөзсіз құрылысшылардың да, су пайдаланушылардың да еңбегі. Арна ұжымының күшімен қазір бар­лық технологиялық жабдықтар жұ­мыс жасауда. Тағы бір маңызды мәселе – кадрлардың тұрақтамауы, су арна­сы­ның ерекшелігін білетін білікті ма­мандардың жаппай кету қаупі бар. Қазір кадрлардың тұрақтамауын бол­дырмау үшін жалақыны көтеру мәсе­лесі қарастырылуда.

Ал «Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы» филиалы энергосыйымды кә­сіпорын, белгіленген қуаты – 355 мың кВА. Филиал нысандарының орташа жылдық электр энергиясын тұтынуы сағатына 280 млн кВт-ны құрайды. 2022 жылдан бас­тап жылына екі сорғы стансасын қайта құру және жаңғырту бойынша жұмыстарды орындау жоспарлануда. Бұл жобаларды іске асыру Нұр-Сұлтан қа­ласы мен Қарағанды-Теміртау өнер­кәсіптік аудандарының, Екі­бас­тұз энергетикалық торабының тұтынушыларын сенімді, үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.