• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 22 Қараша, 2021

Кәсіпкер әйелдерді қолдайтын орталық

267 рет
көрсетілді

Әуелі әйелдердің іскерлігі мен ізденісіне байланысты цифрларды сөйлетсек. Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3 пайызды құраса, оның басым бөлігі осы саладағы жұмыс орындарының 31,4 пайызын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнеспен байланысты екен. Ұлттық статистиканың бұл мәліметі елімізде әйелдердің кәсіпкерлікті дамытуда ерлерден қалыспайтынының даусыз дәлелі.

Биылдың өзінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлерлер палатасы арқылы қаржылай емес қолдау бойынша 188 мың кеңес берілсе, мұның тең жартысы тағы да қыз-келіншектердің еншісіне тиген. «Бастау» жобасы арқылы оқыған түлектердің 50 пайызы да қыз-келіншектер. Әсіресе, Түркістан облысында соңғы жылдары кәсіпкер әйелдер саны көбейіп келеді. Бұл белсенділік ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық күні қарсаңында Түркістандағы кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығы ашылуына түрткі болды.

Оң бастама Азия даму банкінің есебінен қаржыландырылады және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Игі тірлік Ынтымақтастық қоры­ның, Ұлттық экономика министр­лігінің, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында жүзеге асты.

«Қыз-келіншектер кез келген сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, отбасының бюджетін молайта алатынын тәжірибеден көріп отырмыз. Десе де көп жағ­дай­да жеке кәсіпті ашуға білімі жеткіліксіз болып жатады, кейде ынталандыру жетіс­песе, енді біріне кәсіпті бастаған алғашқы кезеңдерде қолдау же­тіс­пейді. Өңірлердегі қолдау орта­лықтары қажетті біліктілік пен прак­тикалық тұрғыдан көмек көр­сететін ортақ алаң болуы тиіс. Табыс табуды үйрен­гісі келген кез келген қыз-келін­шек, ауылдардан болса да, бұл орталықтарда тек кеңес алып қоймай, іс жүзінде қолдау мен көмек алатынын сезінетін болады. Орталықтар қыз-келіншектердің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің экономикасын күшейте түсетініне сеніміміз мол», деді орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, алдағы күндері мұндай орталықтардың ашылуы Алматы және Маңғыстау облыстарында жалғасын таппақ. Ал 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.

«Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін болады. Біз бұл бастаманы Қазақстанның түкпір-түкпірінде қолдауға қуаныштымыз», деп атап өтті БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш.

Қолдау орталықтары арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда практикалық көмек түрлері ұсынылады. Онымен қоса оқыту тренингтері мен мастер-класстар ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген.

 

Түркістан облысы