• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Бокс 22 Қараша, 2021

Жәнібек пен Жанның жарқын жеңістері

175 рет
көрсетілді

Жексенбі күні орта сал­мақта жұдырықтасатын қазақ­стандық боксшы Жәні­бек Әлімханұлы (11-0, 7 KО) мен ауыр салмақ­тағы Жан Кособуцкий (16-0, 15 КО) кезекті жек­пе-жектерін өткізіп, жан­кү­йер­­лерін жарқын жеңі­сімен қуантты.

АҚШ-тың Лас-Вегас қала­сындағы Michelob ULTRA Arena-да өткен бокс кешінде шаршы алаңға көтерілген Жәнібек Әлім­ханұлы орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, шыққан тегі каме­рундық, бірақ Франция азамат­тығын алған Хассан Н’Дам Н’Жи­кам­мен жұдырықтасып, 8-раундта тех­никалық нокаутпен жеңіске жетті.

Кездесу бастала сала ринг қо­жайыны кім екенін аңғарт­қан отандасымыз ардагер бокс­шыны «ә» дегеннен абдыратып қойды. Шаршы алаңның бұрыш-бұрышына қашып жүріп жұдырықтасқан Хассан қалай соққы жасаймын деп емес, раун­д бойы қалай қорғансам екен деп бас қатырумен болды. Ринг­те өзін еркін сезінген Жәнібек үшін­ші раундта бұрышқа қарай ұм­тыла берген қарсыласын ортаға шақырып, жігіттерше айқасуды ұсынды. Ашық бокс кезінде тәуір соққы жасайтын қандасымыз оңтайлы сәтті тиімді пайдаланып, франциялық боксшыны нокдаунға жі­берді. Тез есін жиып үлгерген Хас­сан төрешіге кездесуді әрі қа­рай жа­л­ғастыруға ниетті екенін айтты.

Қарсыласының әлеуеті бел­гілі болғаннан кейін Жәнібек жойқын соққыларын азайтып, жан­күйерлер үшін жекпе-жекті созуға тырысты. Бірақ Хассанның шамасы тек 8-раундқа дейін жетті. Бұл үш минуттықта Н’Жикамның мұрнынан қан, аяғынан әл кете бастаған еді. Соны байқаған төреші Жәнібектің кезекті сериялы соққысынан кейін жекпе-жекті тоқ­татуға мәжбүр болды. Тех­ника­лық нокаут!

Осылайша, 28 жастағы қа­зақстандық боксшы кәсіпқой бокс­тағы 11-жеңісіне қол жеткізіп, өзіне тиесілі WBO Global белбеуін сәт­ті қорғады. Сонымен қатар Жә­ні­бек WBC Continental титулы­ның ие­гері саналады. 37 жастағы Н’Жи­кам осымен алтыншы мәрте жеңілді.

Ал Германияның Гамбург қала­сында өткен бокс кешінде өнер көрсеткен ауыр салмақтағы қазақ­стандық Жан Кособуцкий де до­миникандық қарсыласы Алек­сис Гарсияны техникалық нокаут­пен жеңді. Он раундқа есеп­телген айқас бесінші раундта аяқ­талды. Отандасымыз алғаш А.Гар­сияны төртінші раундта нок­даунға түсірсе, бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Бұған дейін WBA International титулына ие болған Кособуцкий осы жеңісінің арқасында WBC International Silver белбеуін де ие­ленді.