Сыралғы сусын жайында сөз іліксе алдымен әжелеріміздің тобылғымен торсығын ыстап, сүр жаяның, қазының сынық сүйегін салып ашытқан сары қымызы менмұндалайтындай. Саба толы қымызды сапыра шайқап, сәске ауса да сораптап отыратын сәт көз алдыңа келеді. Ұлысты ұлтымыздың осы бір қуатты дәмге құмарлығы көпті сүйсінтеді. Бірақ дейміз-ау, оны өзге ұлт өкілдері де мұнша әспеттеп, қадір тұтатынын енді аңдап отырмыз.
Қымыз арқылы қазақтың көне кейпін, бекзада болмысын көрсеткісі келген суретші Ольга Кужеленконың «Қымыз құятын тостаған» натюрморты ұлт тәрбиесінің өзегі ұлттық тағамда екенін айтып тұрғандай. Тарих сөйледі, қылқалам қуаттады.
Қазақстанның бейнелеу өнерінің қалыптасу уақыты Ольга Кужеленко сынды суретшілердің шығармашылығымен байланысты. Ол 1934 жылы көркемсурет әлеуетін топтастыру үрдісі басталған кезде Днепропетровскіден қазақ даласына қоныс аударды. Алматыға келген соң қалалық, республикалық және бүкілодақтық деңгейдегі барлық көрмеге қатыса отырып, қала тіршілігіне белсене араласты.
Суретші бейнелеу өнерінің барлық жанрын жазды. 1930 жылдары – индустриялық композициялар, 1950 жылдары – тың игеру туралы жұмыстары, колхоз өмірінен сюжеттері, 1950 жылдың соңынан бастап шығармашылығында портрет пен натюрморт орын алды. Сөйтіп, Ольга Кужеленко Алматы алмалары мен керемет гүлдерінің даңқын шығарды.
Оның натюрморты бірте-бірте ұлттық сипатқа ие бола бастады. «Қымыз құятын тостаған» картинасында оюлы кілем фонындағы композиция ортасынан қазақы дөңгелек үстелді көреміз. Оған ақ дастарқан жайылып, үстіне темір жапсырмалармен безендірілген ағаш зерен, сүйек сапты ожау, торсық, кесе сынды қазақтың ұлттық ас үй жабдықтарын қойған және піскен әдемі алмаларды шашып тастаған. Үстелдің жанында ойып өрнектелген сандық, ал оның үстінде әшекейлі жапсырмалары мен жартылай асыл тастар орнатылған тілімшелері бар қайыс белдік жатыр.
Суретші назарын жарыққа, контрасқа және сәндік детальдарға аударып, осылардың көмегімен натюрморт заттарын жабдықтайды. Екінші пландағы кілемнің сәндік фоны тап-таза ақ дастарқанға қарама-қарсы болып тұр. Үлкен зерен шашылып жатқан алмалармен қатар орналасқан. Жарық түсіп тұрған дастарқанның көлеңке жағына торсықты жасырған. Жирен, қызыл түстердің басымдығы тұрмыстық заттардың жылылығын әспеттейді.
Картинадағы детальдардың қанық бояумен әрленуі әлдебір тыныштыққа тартады. Бұйымдардың сәнділігі, безендірілуі және материалы суретшінің асқан шеберлігін көрсетіп тұр. Бұл автордың қазақ тұрмысы мен талайғы тарихына деген жеке көзқарасы.