• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

Қайратты ерге мал тұрар…

289 рет
көрсетілді

Оңтүстікте мал шаруашылығын дамытудың үш жылдық, яғни 2014-2016 жылдарға арналған жоспары әзірленді. Мұндағы мақсат  әр бастан алынатын өнімнің өнімділігін көтеріп, сапасын жақсарту арқылы өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Іс-шараны жүзеге асыруға бюджет, қаржы институттары тарапынан 21,2 млрд. теңге жұмсалатын болады. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша тірідей салмақта ет өндіруде үшінші, сүт өндіруде екінші, жұмыртқа өндіруде алтыншы орында тұр. Бұл салада өнімділікті арттырудың басты жолы сапалы мал азығымен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда егістік алқаптарын әртараптандыру барысында мал азығы дақылдарының егіс көлемін ұлғайтуға басымдық беріліп, 2016 жылға дейін ол 100,0 мың гектарға артық егілетін болады. Осы көлемді игеруге жаңадан 542 техника алуға 2,4 млрд. теңге жоспарлануда. Сондай-ақ, сүтті бағыттағы ірі қара мал саласын дамыту 3 бағытта жүргізілетін болады. 2016 жылдың соңына дейін облыста жалпы 13  тауарлы сүт  фер­маларын ашу жоспарлануда. Қазірдің өзінде 5  тауарлы сүт фермаларының нақты иелері анықталып, 2 650 бас ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. Қазірдің өзінде шетелден сатып алынған 890 бас асыл тұқымды малдың саны 1600-дан асты. Осыған байланысты қосымша мал бордақылау алаңдарын ашу қажеттілігі туындап, іс-шара аясында 10-15 басқа арналған 1151 бірлік мал бордақылау алаңдарын ашу жоспарланды. Жаңадан ашылатын селолық тұтыну кооперациясына 33 477 мың теңге қарастырылып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Ауыл тұрғындарының ауылшаруашылық өнімдерін бірлесіп дайындау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау және сату» бағдарламасы арқылы жылдық 6 пайыздық үстемесімен 1,0 млн. теңгеден бастап, 10 жылға несие алып, жұмыс жасайды. Ірі қара мал етінің әлеуетін арттыруда, облыста жүзеге асырылып жатқан «Сыбаға» бағдарламасы аясында алынған асыл тұқымды бұқаларды бордақылау арқылы өндірілген етті алыс, жақын шетелдерге шығару мақсатында 2016 жылы облыс көлемінде ірі базалық тұтыну кооперациясы құрылуы тиіс. Облыста 3,6 млн. бас қой бар. Алдағы уақытта биязы жүнді етті меринос және құйрықты қылшық жүнді қойының Ордабасы тұқымын көбейту мәселесі де назарда тұр. Өйткені, қойдың Ордабасы тұ­қымының еті мол әрі майсыз, қа­зіргі нарыққа нағыз қажетті өнім береді. Облыс әкімі Асқар  Мыр­захметов бұл жоба осы саланы өріс­тетуге бағытталған маңызды қадам екендігін атап өтіп, аудан, қала әкімдеріне, ауылдық округтің әкімдеріне осы жобаны халыққа жеткізіп, тиімділігі жөнінде кеңінен түсіндіруді жүктеді.  «Қайратты ерге мал тұрар, өнерлі ерге бақ тұрар» деген, Оңтүстіктің шаруаға бейім, қайратты жігіттерінің ширақ қимылдап, үлкен бір тірлікті бастауға осы жоба зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.