Биыл «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясының бастау алғанына 30 жыл толды. 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған халықаралық науқан еліміздегі әйелдер көшбасшылығының бірінші институты болып табылады. Ауқымды акция әйелдерге қатысты әртүрлі дискриминация түрлерін жою туралы Конвенцияға сәйкес жыл сайын ел көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп келеді.
«Бақытты отбасы – бақытты ел» ұранымен қолға алынған іс-шара шеңберінде сонымен қатар Әйелдерге қатысты Халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні аталып өтіледі. Бүгінде үлкен күшке, маңызды іс-шараға айналған науқанның басты көздегені – ана мен баланы қорғау. Акция аясында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы отбасы құндылығын арттырып, қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасында зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізуге баса назар аударылады. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы отбасында қыз-келіншектерге қатыгездік көрсету, күш қолдану, жәбірлеу, тіл тигізу, ар-намысын таптау секілді қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстардың әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық түйінін шешуге бағытталған. Сондықтан да республика бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл іс-шараға тек мүдделі мемлекеттік, үкіметтік органдар емес, бүкіл жұртшылық, БАҚ, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері бір кісідей атсалысып келеді.
Науқанның бастау алғанына 30 жыл толуына орай елордада ұйымдастырылған халықаралық конференцияда да қазіргі кезде қоғамда шешімін таппай отырған көп мәселенің бірі – отбасындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық екені сөз болды. «Қазақстандағы отбасы институты және отбасылық саясат: мәселелері, үрдістері мен келешегі» тақырыбында өткен жиынды ұйымдастырушылар – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ-Әйелдер құрылымы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» атты халықаралық кампанияның осы уақытқа дейін атқарған ауқымды жұмыстарына кеңінен тоқталды.
Конференцияда адам құқықтарына қатысты ұлттық және халықаралық стандарттардың сақталуы еліміздегі басты басымдықтар екенін атап өткен Ұлттық комиссия төрайымы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова: «Зорлық-зомбылықты түбегейлі жою – өте өзекті тақырып. Өкінішке қарай, әйелдер мен балаларға қатысты көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері туралы соңғы уақытта жиі еститін болдық. Сондықтан да зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бойынша жүйелі қадамдар қабылдануы аса маңызды. Отбасыны қорғау мен қолдауда біртұтас жүйе қалыптастырудың қажеттілігі туралы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою бірінші кезекте екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым атап өтуде. Мәжіліс депутаттары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсету шаралары көзделген отбасы институтын нығайту туралы заң жобасын әзірлеген болатын», деді.
«Зорлық-зомбылыққа қарсы бірінші халықаралық науқан осыдан 30 жыл бұрын, 1991 жылы өткізілген еді. Содан бері бұл халықаралық науқан елімізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Халықаралық науқанның осы уақытқа дейін өткізілуінің өзі – әлем бойынша зорлық-зомбылық өзекті мәселе екенін және бұл мәселе түбегейлі шешілмей отырғанын көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, әлемде бірде-бір ел әйелдерді зорлық-зомбылықтан толық қорғай алмауда. Біздің мақсатымыз – заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау, мемлекеттік органдардың ведомствоаралық жұмысын үйлестіру», деді Л.Рамазанова.
Халықаралық жиында Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әйелдердің көбі өз құқығына қатысты қолданыстағы заңнамалар жайлы біле бермейтінін айтып, елімізде COVID-19 пандемиясы кезінде отбасындағы дау-жанжалдардың, әсіресе әйелдердің таяққа жығылып, құқықтарының аяққа тапталуы секілді заңсыздықтардың белең алғанына алаңдаушылығын білдірді.
Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отбасылық және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда тәлім-тәрбиенің алар орнына жан-жақты тоқталды. Білім беру жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берген депутат: «Адамгершілік және ұлт руханиятынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармасы анық. Өтпелі кезеңде біз отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан бала тәрбиесі тек мектептің мойнында деген қасаң түсінік әлі де бар. Өскелең ұрпақтың моральдық, мәдени және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі институт – мектеп. Сондықтан ұстаздың рөлі тек үйрету ғана емес, тәрбиелеу екендігін де естен шығармайық. Бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет. Сонымен қатар адамзатқа жат қатыгездік, масылдық пен менмендік, еріншек мінезден бойды тасалап, мейірімділік, елгезектік, қарапайымдылық сияқты кімге болса да жарасатын қасиеттерді бала бойына дарыту керек. Ұстаздар қауымы өздерінің бұған да жауапты екендерін бір сәт естен шығармауы тиіс», деді Ж.Сүлейменова.
Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін жүйелі іс-шаралар қабылданғанына, арнайы заң қабылданып, бұл бағыттағы заңнамалардың ұдайы жаңартылып отыратынына көңіл бөлді. Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты полиция қызметкерлерінің өкілеттіктері кеңейтілген. Бүгінде тәртіп сақшылары отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылыққа жол берген отбасы тирандарына қатысты нақты міндеттер мен шектеулерді белгілей алады. «Енді полиция қызметкері тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау қаупі болған жағдайда, жанжал шығарушыға жәбірленушіге жақындауға, онымен кез келген амал-тәсілмен, оның ішінде телефон арқылы байланысуға тыйым салуға құқылы. Мұндай шектеулердің қолданылу мерзімі – 1 ай. Тыйым салулар мен шектеулерді бұзса, күдікті әкімшілік жауапқа тартылады, тіпті 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы да мүмкін. Егер тұрмыстық дау-жанжал кезінде ұрып-соғу немесе жеңіл дене жарақаттары болса, құқық бұзушыға 10 немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде қатаң жаза қолданылуы мүмкін», деді ІІМ өкілі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 125 мыңнан астам өтініш пен хабарлама келіп түскен. Тексеру кезінде сот 8,5 мың азаматтың мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгілесе, 40 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шығарылған қорғау нұсқамасының саны 70 мыңнан асып жығылады. Ал шаңырақты шайқалтып, отбасы іргесін сөгетін осындай қылмыстардың негізгі себептері – тұрмыстық тауқыметтен туындаған ұрыс-керіс, қызғаныш, маскүнемдік, құмар ойынға салыну, бұзақылық пен әлеуметтік теңсіздік пен жағдайдың төмендігі.
Полиция қызметкерлерінің күн сайын түрлі тағдырмен бетпе-бет келетінін айтқан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов: «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында жасалған құқық бұзушылықтарды талдау жұмыстары зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – әлеуметтік мәселелер екенін көрсетіп отыр. Оның ішінде, ішімдіктің кесірінен болатын ұрыс-керіс пен дау-жанжал өте көп», деді. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың қоғамды тұрақсыздандырып, әлеуметтік қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзекті мәселе екенін айтқан ІІМ қызметкері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орталықтары, отбасын қолдау орталықтары, сенім телефондары, отбасы мен балаларға әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері, психологиялық, медициналық-әлеуметтік орталықтар, сондай-ақ уақытша немесе тұрақты асырап алушы отбасылар бар екенін атап өтті. «Криминогендік жағдайды сауықтыру, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында республика аумағында «Тұрмыс», «Қадағалау», «Учаске», «Отбасы» секілді профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ішімдікке салыну, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасау, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру сияқты ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуге ерте бастан мән беруіміз қажет», деді спикер.
Жалпы, елімізде қабылданған ұйымдастырушылық және құқықтық іс-шаралардың нәтижесінде осы жылдың 10 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,5 пайызға төмендеген. ІІМ өкілі отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі, оны шешу жолдары барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымның назарында екенін де еске салып өтті.
25 қарашадан бастап әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күрес күні барлық елде басталады. Бұл халықаралық кампания 16 күн бойы өткізіледі. Осыған орай жиында сөз алған Қазақстан заңгерлер одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының төрағасы Серік Беркамалов: «16 күн деген әрине өте аз. Отбасы институтын нығайту, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызы зор мұндай ауқымды акцияны 365 күн өткізсек те артықтық етпейді», деген ойын ортаға тастады.
Халықаралық науқанның басты мақсаттарының бірі – құқықтық ақпарат жұмысын белсенді жүргізу. Сол себепті де конференцияға қатысушылар зорлық-зомбылық мәселелеріне қатысты ағартушылық, мәдени іс-шаралар өткізу жұмыстарына да ерекше назар аударды. Басқосу барысында Ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова, Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова және Ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» атты халықаралық науқан аясында өтетін іс-шаралардың бірлескен жоспарын бекітіп, ортақ құжатқа қол қойды.