Ошақ – қазақ баласы үшін қадірлі ұғым. Кейде «ошағыңның оты өшпесін» деген бір ауыз тілек тұтас өмірдің мәні ме дейсің. Көмейіне отын салсаң гүр етіп, үй ішін құс ұясындай жылылыққа толтыратын бұл бұйым балалық шағымыздың ең аяулы естелігіндей. Осы ошақта анамыз шәйін қайнатып, сүт пісіріп, тіл үйірер тәтті тамағын әзірлеп, үстел үстін жайнатып жіберуші еді. Ойын баласы қыстың суық күндері бүрсеңдеп үйге енгенде жан дауасын қызуы күшті пеш түбінен табатын. Алыста қалған мөлдір шаққа қиялмен сапар шеккенде де барлық береке осы ошақтың айналасында екен ғой деген ойға қаламыз. Жылылық та, мейірім де, тазалық та, сағыныш та сонда...
Өмірден өрілген шынайы шығарманың басты мұраты адам көңілін тербеу, сезімін шымшылау. Жас суретші Нұрболат Асқардың кенебіндегі таныс та бейтаныс бейнелер жанымызға жылылық сыйлады. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде салтанат құрған көрме «Ошақ» деп аталыпты. Атауы мен мазмұны үйлесіп тұр. Жерошағы бықсып, қазаны қайнаған қазақы ауылдың кәнігі тіршілігі, әке тұлғасы, ана бейнесі, ақшамдағы қоңыр кеш адалдықтың исін аңқытады. Суретші кенебіндегі басты тақырып отбасы, отбасылық құндылықтар және күнделікті өмір тынысы. Нұрболат үшін отбасы – адам жан-дүниесінің қалыптасуының негізі. Бұл негіз ішкі әлем мен жеке көзқарасты, тіпті адамдардың келешек тағдырын анықтайды. Өйткені отбасы – бұл махаббат, жеңіс және адамдардың рухани байлығы. Суретшіні әрдайым күнделікті өмірді ерекше мағынамен толтыратын қарапайым өмір сюжеттері қызықтыратынын аңғардық.
Нұрболаттың қолтаңбасы хақында өнертанушы Самал Мамытованың пайымы мынадай: «Кез келген жеке көрменің негізгі мақсаты – суретшінің шығармашылығын мүмкіндігінше толық көрсете отырып, зейінді көрерменді ол жасаған тақырыптардың шеңберіне шығару. Автордың алғашқы жұмыстарынан бастап оның өмір суреттерін әсерлі әрі көңілді қабылдауы стиль ерекшелігін айқындап тұр. Нұрболаттың кескіндемесі – бейнелі кескіндеме мен импрессионизмнің ерекше қоспасы, ол өзіне ұнайтын көріністерді жиі өзгертеді, «жылы» мен «суық» түстерді айқын түрде салыстыра, түрлі-түсті контрасттарды қолдана отырып түс «дыбысын» арттыруға тырысады. Оның туындыларындағы сағымнан бас тартуға композициялық шешімдер, фактураның түрлілігі және ірі жағыстардың ырғағы әсер етеді. Суретші адам жанына қажетті жылулықты, сенім мен мейірімді «Ошақ», «Ана мен бала», «Немере», «Әңгіме», «Ою» және басқа да жұмыстарына арқау етеді. «Ақ дастарқан» және «Төртеу» туындысында дастарқан басында отырған отбасы бейнеленген. Композициядағы жұмсақ жылы түстер жайлылық пен жылылықты беріп қана қоймай, сондай-ақ адамдардың рухани байланысын, бір-біріне деген ілтипат сезімдерін ашып көрсетеді».
Күнделікті өмірден көріп жүрсек те, терең сезіне бермейтін кейбір сәттердің нағыз бақыт екенін қылқалам құдіреті қаперімізге салады. Анаңның ұйықтап жатқан суреті қандай сүйкімді, әкеңнің шат-шадыман боп шалқып отырған жүзі қандай шырайлы. Әке тізесіне басын қойып алаңсыз жатқан сәби неткен бақытты. Ошақ басында жеген ыстық бауырсақ неткен тәтті. Ақшамдағы ауыл кеші сондай әдемі... Бұл Нұрболат кенебіндегі жанымызға шуақ құйған әсерлі көріністер. Көрмедегі ең үздік жұмыстардың қатарына «Қайыңды», «Бозжыра», «Суалма», «Талтүс» пейзаждарын жатқызар едік, онда суретші күн сәулесі мен ауаны барынша тазалық пен қарқындылыққа толтырып береді.
– Бала күнімізде шешелеріміз «ошақты теппе», «ошаққа су құйма», «ошақтың төбесіне шықпа» дегенді жиі айтатын. Біз осыдан-ақ ошақтың шаңырақ үшін үлкен киесі барын біліп өстік, оған құрметпен қарадық. Менің ұғымымда ошақ пен отбасы егіз ұғым әрі бұл татулық пен бақытты өмірдің символы. Шығармама осыны арқау еткім келді. Көбінесе ауыл, отбасы құндылықтары секілді тақырыптар жаныма жақын, – дейді «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрболат Асқар.
Отбасы құндылықтарын дәріптеген шығармалар нәзіктіктен нәр алған. Кенепте көктем күнінің әуезді дыбыстары, дала гүлдерінің хош иісі сезіліп, құстардың үні естіледі. Қарапайым сюжеттік суреттердің өзінен өмір мен болмыс, философиялық толғаныстар, авторлық пайым байқалады. Суретші бүкіл тіршілік бөлшектері мен мәңгілікті, тіпті бір сәттік бояулардың өзін ұстап алуға ықыласты. Әр шығарманың биігі қайталанбас сүйкімділікте жатыр. Сол сүйкімділіктің өзегі – мейірім.
Мейірім шуағы...
АЛМАТЫ