Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жоғары. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың біздің елге қаржы құюға құлшынып тұратыны да сондықтан. Түптеп келгенде мұндай қатынастардың үлкен сенімге құрылатыны белгілі. Ал Қазақстанды әлемдік аренада сенімді ел, сенімді серіктес еткен Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені айтпаса да түсінікті.
Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Осыны жақсы түсінген Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның өз ішіндегі «Алдымен – экономика, одан кейін саясат» қағидатын белгілі бір дәрежеде халықаралық қарым-қатынастарда да тиімді қолданды. Кезінде Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі де сол үшін құрылған болатын.
Бұл туралы Елбасы мен белгілі журналист Сауытбек Абдрахмановтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында жақсы айтылған. «Менің халықаралық сапарларым барысындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болатыны сондықтан. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына құйылған шетелдік төте инвестициялардың көлемі шамамен 200 миллиард долларды құрады. Инвестициялар бізге неге келеді? Себебі инвесторлар бізге сенеді. Бізді әлемде сыйлайды. Күшті экономикасы бар, халықаралық қоғамдастықта лайықты орны бар, уәдесіне берік, шетел инвесторларына тиісті жағдай жасай алатын, қаржының қайтарым беретініне кепілдік ете алатын мемлекет деп сыйлайды. Біз бұл мәртебені бағалаймыз», дейді Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы жарық көрген «Өмір өткелдері» сұхбат кітабында.
«Ақша тыныштықты сүйеді» деген тәмсіл бар. Ақша үшін ойын ережелерінің тұрақтылығы мен заңдардың орындалуы да маңызды. Әсіресе мұның бәрі шетел ақшасы үшін үлкен маңызға ие. Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды аталған талаптарға толық жауап беретін мемлекетке айналдырды. Соның нәтижесінде 30 жылда әлемнің 120-дан астам мемлекеті біздің елдің дамуына 330 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Мұның жартысынан көбі Еуроодақ елдеріне, тағы бір қомақты бөлігі АҚШ-қа тиесілі екенін атап өткен дұрыс.
АҚШ-ты айтқанда, «Ғасыр келісімшарты» деген атаумен әлемге әйгілі болған Қазақстан мен «Шеврон» корпорациясы арасындағы келісім еске түседі. Аталған келісімшарттың талаптарын әзірлеудің өзі үлкен жауапкершілік екенін «Ғасыр келісімшартының» талаптарын жасауға атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері, тура бір жыл бұрын өмірден өткен марқұм Қалық Абдуллаевтың естелігінен оқығанымыз бар. Өйткені бұрын-соңды мұндай келісімшарт жасау мемлекет тарихында болмаған. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығының нәтижесінде Кеңес Одағы құламай тұрып бекітілген «Теңіз» кешені мен «Шеврон» корпорациясы арасында келісімшарт бұзылып, жаңасы жасалды. Жаңа құжатқа сәйкес, мұнайдан түсетін табыстың көп бөлігі Қазақстанда қалатын болды. «Ғасыр келісімшартының» нәтижесінде елімізге үлкен инвестиция келді. Шамамен 300 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Шетел инвестициясымен бірге әлемнің озық технологиясы да елге ене бастады. Сөйтіп мұнай кен орындары игеріле бастады әрі шетелдіктердің біздің елге деген сенімі артты. Бұл Тәуелсіз Қазақстанға салынған алғашқы шетелдік инвестиция болатын.
Біле білсек, Елбасының Теміртаудағы ірі металлургиялық комбинатты шетел инвестициясының арқасында аман алып қалуының өзі ерлікпен пара-пар. Кеңес Одағы кезінде салынған ең соңғы зауыт 90-жылдары біржола тоқырап, мыңдаған адам жұмыссыз қалғаны белгілі. Сол уақытта Елбасы шетелдік инвестор Лакшми Митталмен тікелей келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде зауыт қайта жанданды, халықтың да тұрмысы жақсарды.
Тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі елдің ашықтығының, нарықтық экономикаға бейілділігінің әрі бизнес жүргізуге тартымдылығының басты белгісі саналады. Сондай-ақ бұл – кез келген мемлекеттегі жағдайдың тұрақтылығының айқын дәлелі. Әйтпесе, берекесі қашқан елге инвесторлардың қаржы құюы былай тұрсын, маңайламасы анық. Ал Қазақстан тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жан басына шаққандағы көрсеткіші бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің біріне айналды. Бұл дегеніміз қомақты қаржы ғана емес, бұл – ірі жобалар, жаңа технологиялар. Біздегі шикізаттық базаның молдығы, саяси жүйенің тұрақтылығы, инвестициялық климаттың мықтылығы, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы тікелей шетелдік инвестицияға жол ашып отыр.
Осы орайда Елбасының тікелей шетелдік инвестиция тартуға қатысты екі маңызды қадам жасағанын атап өткен жөн. Оның бірі – Шетел инвесторлары кеңесін құруы, екіншісі – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) ашуы. Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесі 1998 жылдың 30 маусымында құрылған. Кеңес инвестициялық саясатты жетілдірудің маңызды құралына айналды. Аталған кеңестік-консультативтік органның міндеті – Үкімет пен ел аумағында жұмыс істейтін инвесторлар арасында тікелей диалог орнату. Осының нәтижесінде негізінен шетелдік инвесторлардың инвестициялық қызметіне қатысты мәселелер жедел шешіліп келеді.
Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығын Тәуелсіздік тарихындағы ірі жобалардың бірі ретінде қарастыруға болады. Кезінде Елбасы Дубай мен Сингапурдағы, Лондон мен Шанхайдағы секілді халықаралық қаржы орталығы біздің елде де пайда болады дегенде сенімсіздікпен қарағандар көп еді. Қазір АХҚО-ның игілігін тұтас ел көріп отыр. Осылайша, Елбасы елорданы Еуразияның қаржы қақпасына айналдырды. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында халықаралық қаржы орталығы арқылы тартылған инвестиция көлемі 4,4 млрд долларды құрады. Оның 1,2 млрд доллары – портфелді инвестиция. Ал 3,2 млрд доллары – тікелей инвестиция. АХҚО ашылғалы бері шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы арта түсті. Өйткені қаржы орталығы сенімді нормативтік-құқықтық базамен қамтамасыз етілген. Бүгінде іскерлік ортада «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметіне деген қызығушылық өсіп келеді. Олардың жұмысына Президент тағайындаған әлемдік деңгейдегі 10 судья мен 39 халықаралық арбитр тартылған. АХҚО экожүйесінде жоғары технологиялық АХҚО биржасы (Astana International Exchange – AIX) да берекенің ордасына айналды.
Осыдан екі ай бұрын БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасы» жарияланды. Дәл осы баяндамада Қазақстанның инвестициялық әлеуеті жоғары бағаланған. Атап айтқанда, COVID-19 пандемиясының әлем экономикасына теріс әсер еткеніне қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 елдің ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің ең жоғарғы өсімін көрсетті. Әлем бойынша былтыр тікелей шетелдік инвестициялар көлемі ең төменгі көрсеткішке дейін қысқарды. Дәлірек айтсақ, көрсеткіш 35 пайызға кеміп, 1 трлн АҚШ долларын құрады. Бұл – соңғы 16 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ал Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі керісінше 34,9 пайызға өскен. Бұл осы уақытқа дейін жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі!
Ресми дерекке сүйенсек, тікелей инвестиция тарту тұрғысынан биылғы жыл да табысты болмақ. Мәселен, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 30,4 пайызға артып, 11,1 млрд долларды құраған. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінде (57,2 пайыз), саудада (45,8 пайыз), тау-кен өнеркәсібінде (27,1 пайыз), көлік саласында (20,4 пайыз) айтарлықтай өсім байқалып отыр.
Әдеттегідей Қазақстанға инвестиция құюшы негізгі елдердің көрсеткіші артқан. Мәселен, тікелей шетелдік инвестициялардың 3,3 млрд доллары Нидерландқа (өсім 24,5 пайыз), 2,1 млрд доллары АҚШ-қа (өсім 87,7 пайыз), 1,3 млрд доллары Швейцарияға (өсім 86,7 пайыз), 704,9 млн доллары Ресейге (өсім 17 пайыз), 508,7 млн доллары Қытайға (өсім 63,7 пайыз), 459,5 млн доллары Бельгияға (өсім 4,3 пайыз), 388,7 млн доллары Түркияға (өсім 79,9 пайыз), 233 млн доллары Оңтүстік Кореяға (өсім 33,1 пайыз) тиесілі. Ел өңірлері арасынан Атырау облысы (3,6 млрд доллар, өсім 15,4 пайыз), Алматы қаласы (3 млрд доллар, өсім 26,3 пайыз), Шығыс Қазақстан облысы (1,3 млрд доллар, 72,8 пайыз) инвестициялық белсенділік танытқан.
Еске сала кетейік, ел Үкіметі ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыру және оның өсу тұрақтылығын арттыру мақсатында тікелей шетелдік инвестициялар ағынының қарқынын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына дейін жеткізу көзделген. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымды екенін ескерсек, Үкімет белгілеген межені бағындыру аса бір қиындық тудырмауы керек. Оның үстіне инвестицияға қатысты мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Президент инвестицияларды өңдеу өнеркәсібіне қарай бағыттау керектігін тапсырған болатын. Бұл тапсырма да ойдағыдай орындалуда. 2020 жылы жалпы инвестиция көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 19 пайызға жетті. Ал 2010 жылы аталған көрсеткіш 10 пайызды құраған болатын.
Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Қазақстанға 330 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын жоғарыда айттық. Осы орайда Орталық Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың 70 пайызы біздің елге тиесілі екенін атап өту ләзім. Қазақстан экономикалық реформалар, халықаралық саудаға ашықтық, инвестициялар және саяси тұрақтылық тұрғысынан өңірдегі көшбасшы болып саналады. Соңғы жылдары республика инвесторларды қорғауды күшейту, бюрократияны азайту, салық айқындылығын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау бойынша кең көлемді реформалар жүргізді.
Түйіндей келе айтарымыз, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанды инвестициялық тартымды елге айналдырамын» деген асқақ арманы орындалды. Оның игілігі бүгінгі буынға ғана емес, келер ұрпаққа да жететіні зор қуаныш! Өйткені мұның бәрі бір күндік емес, жүзжылдық кезеңге жалғасар игілік.