«Санасы жоғары адамдар идея талқылайды, санасы орта адамдар оқиғаларды талқылайды, санасы төмен адамдар адамдарды талқылайды» дейміз. Елімнің тағдыры – менің де тағдырым деп білетін барлық қазақстандық патриоттар секілді мен де жан-жағымдағы болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаймын. Ойымды айтып, көзқарасымды білдіріп жүремін. Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болады. Осы тұрғыдан алғанда, мен үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының орны қашанда бөлек.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы еліміздің ауыр жағдайын бәріміз басымыздан кештік. Жоқшылық пен тапшылықтан тарығып, тіршілігі тоқтап, үдере көшкен ауыл жұртынан қалмай, қалаға ағылдық. Әлдекімдердің шамасы ірі орталықтарға қоныс аударуға жетті. Жоқ-жұқаналар елсіз, егесіз шағын қалашықтарды паналап, оны қарбаласқа толы үлкен ауылға айналдырды.
Әлі күнге есіме алсам, төбе шашым тік тұрып, құйқам шымырлай жөнеледі. Қалай күн көрдік? Не жарық жоқ. Не жылу жоқ. Не су жоқ. Не жалақы жоқ. Балкондарымызға қойған пештерімізге ескі-құсқы аяқкиімді жағып, ас-ауқат пісірген күндер ұмытылар ма. Сөйтіп жүріп аяқтарын апыл-тапыл басқан егіз ұлымның соңынан дүниеге тағы нәресте келді. Балабақшалар жабылып қалған. Емізулі бөбегімізді көтеріп жүріп те жұмыстан қол үзбедік. Айлап, жылдап алынбаған айлықтан күдер үзіп, мектепті тастап, мұғалім құрбыларым құсап қап арқалап, Қаратау мен Ақмола, Новосібір арасын жол қылып, аралап кетпесем де, нарықтық экономика өз дегеніне көндірген.
Дегенмен, елең-алаң заман өз заңына бағындырса да, ілгергі үміттен көз жазғызған жоқ. Өйткені мен де қалың көпшілік секілді мемлекетімізді бастап алып келе жатқан басшымызға сендім. Тәуекелге басын тіккен Нұрсұлтан Назарбаевтың орнында басқа біреу болғанда мемлекетіміздің халі қандай болатынын көз алдыма елестете алмаймын. Өйткені бірде қатты айтып, бірде жұмсартып, бірде арқадан қағып, бірде қамшылап отырып, халқын экономикалық тығырықтан аман-есен алып шығып, енді ғана аяғына тұрған сәбидей әлжуаз жас мемлекетін ыдырау мен құлдыраудан аман сақтап қалған Нұрсұлтан Әбішұлының өлшеусіз еңбегін әсте жоққа шығаруға болмайды. Кемеңгер көшбасшы мемлекетімізді ауыр сынақтан сүріндірмей өткізіп, жаһандық сын-қатерлер туғызып жатқан әлемдік тәртіптің тұрақсыздығынан зардап шектірмеуге мейлінше тырысып, дамудың қазақстандық жолын салып берген адам. Алтай мен Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр даламыздың шекарасын шегендеп бекітіп берді. Абылай бабамыз армандаған астананы салды. Алты құрлыққа ұялмай көрсете алатын ғажайып шаһарға айналды. Қантөгістерге жол бергізбей, соғыссыз отыз жыл басқарып, елге бейбіт заман орнатты. Өркениетті елу елдің қатарына қосты. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын көтеріп, негізін қалаған Елбасы ел халқын ғана емес, дүние жүзін таңғалдырып, билікті өткізіп берудің өзіндік үлгісін жүзеге асырды. Әлемдік қоғамдастықтағы саяси беделі жоғары, Шығыс пен Батыс елдеріндегі, Ислам әлеміндегі, Түркі елдеріндегі, Орталық Азиядағы, ТМД аумағындағы абырой-атағына ешкім де, ешбір алпауыт мемлекеттер де көзжұмбайлықпен қарай алмайтын, қазақ дейтін халықтың әлем жұрты алдындағы беделі мен абыройы үшін парасат биігінен көріне білген, ұлт болашағы үшін үлкен ерлік, салмақты шешім жасаған Н.Назарбаевтың есімі мемлекетіміздің тарихында сөзсіз алтын әріппен жазылады. Тұңғыш Президент – Елбасы, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесі, халық қамын өз мүддесі санайтын, басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз етуді өз міндеті деп санайтын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, міне, мен үшін осындай ұлы тұлға.
«Қазақстандықтар Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегіне шын бағасын береді, бірақ жарамсақтардың мақтауын халық қабылдамайды. Ол кісі де қабылдамас деймін. Мақтау психологиялық шегінен шыққанда мадақтаған тұлғаға да жағымсыз пікір тудырады, мақтатып отыр дегендей ой қалдырады, айналып келгенде беделіне де көлеңке түсіреді. Осыдан «табынусыз мәдениет болмайды, ал мәдениетсіз табыну – қауіп» деген сөз шыққан. Қазіргі жастар ақпараттық заманның жастары, өзімізді өзгемен салыстырып бағалайды, арзан сөздерге алданбайды. Тарихи тұлғаның беделін бағалау мен оған табынудың арасын айыра білудің саяси мәдениеті бізге жетпей жатыр» деді бірде мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз. Жөн-ақ. Өз басым жол көрсетер алдыңдағы үлкенді әкеңдей сыйлау, ағаңдай құрметтеу, оның дұрыс бағытын қолдап, бастаған игі істерін аяқсыз қалдырмай, соңына дейін жеткізу үшін жалғастыру – жағымпаздық, не жеке басқа табынушылық емес, инабаттылық пен имандылыққа негізделген қазағымыздың ұлттық құндылығы, адами атрибуты деп білемін. Ендеше Елбасының еліміз үшін еткен еңбегі құрметтеуге тұрарлық.
Үміт БИТЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас аудандық
мәслихатының депутаты
Жамбыл облысы