Аргентина құрамасы мен Францияның «ПСЖ» футбол клубының шабуылшысы Лионель Месси жыл үздігіне берілетін «Алтын доп – 2021» сыйлығын жетінші мәрте иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
34 жастағы футболшы өзінің басты қарсыластары Роберт Левандоский мен Жоржиньодан дауыс саны бойынша басым түсті. Жетінші мәрте топ жарғаннан кейін Месси толқып тұрып сөз сөйледі.
«Мен кезекті мәрте осы жерден табылғаным үшін бақыттымын. Жаңа жеңістерге жету жолында барымды салатын боламын. Әрине, мен енді қанша жыл мансабымды жалғастыратынымды білмеймін. Алайда жасыл алаңда ұзақ уақыт доп тепкім келеді. «Барселона», «ПСЖ», Аргентина ұлттық құрамасында ойнайтын әріптестеріме зор алғысымды айтамын. Ұлттық құрамамен Америка кубогын ұтып алғаныма бек қуаныштымын.
Левондовскиймен бәсекелес болу мен үшін мәртебе екені рас. Роберт, сен алтын допты өткен маусымда иеленуге тиіс болатынсың. Оны бәрі мойындайды. France Football сол марапатты саған тапсыруы керек. Сен – жеңімпазсың. Сондықтан сенің де алтын добың болғаны дұрыс», деді Месси өз ойын түйіндеп.