Елордада Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер және келешегі» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын бастады.
600-ден астам шетелдік және отандық сарапшы, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралды трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысады.
Форумға қатысушыларды құттықтай отырып, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұл кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. «Біздің еліміз осы уақыт аралығында ғасырға татитын үлкен жолды жүріп өтті. Ауыр сынақтарды еңсере отырып, халқымыз мемлекеттілігін қайта жаңғыртып, өзінің ғасырлар бойғы тәуелсіздік туралы арманын ақиқатқа айналдырды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойластырылған батыл реформалары қысқа уақыт ішінде халықты ұйыстырып, болашаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Орнықты экономикасы бар табысты, бейбітсүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді», деді Б.Байбек.
Ол Қазақстанның 30 жылдық дамуының басты жетістіктері ретінде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жабу, еліміздің жаңа астанасының салынуы мен ежелгі Түркістанның қайта түлеуі, барлық мемлекетпен тату қарым-қатынас орнатып, 15 мың км мемлекеттік шекараны бекіту, экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша жүргізілген түбегейлі реформалар және Ұлттық қор құру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына бөлінген ауқымды инвестициялар, халық санын ұлғайту сияқты т.б. оң істерді атады. Б.Байбектің айтуынша, бұл жетістіктердің барлығы қауқарлы мемлекеттік қоғамдық-саяси институттардың, дамыған адам капиталының, қазақстандықтардың өмір сүру сапасының жақсаруының, сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында жолға қойылған Nur Otan партиясы секілді үстем саяси күші бар көппартиялы жүйенің арқасында мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, оның пікірінше, еліміздің партиялық-саяси жүйесінің тәуелсіздік жылдарында қалыптасуын негізгі 3 кезеңге бөлуге болады. Бірінші онжылдық – көппартиялықты заңды тұрғыда бекіту, партиялардың институттану кезеңі. Екінші онжылдық – партияның сапалы нығаюы, мажоритарлықтан пропорционалды сайлау жүйесіне біртіндеп көшу кезеңі. Үшінші онжылдық – үстем саяси күші бар көппартиялы жүйенің қазақстандық моделінің қалыптасуы. «Осыдан 10 жылдай бұрын Елбасы көппартиялы жүйенің әрі қарайғы ұзақмерзімді дамуына негіз қалаған «Қазақстан-2050» стратегиясын, ал 2015 жылы Бес институционалдық реформаны ұсынды. Конституциялық реформаның нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Парламенттік партиялар атқарушы билікке ықпал етудің қосымша тетіктеріне ие болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің 60%-дан астамының тәжірибесі бойынша пропорционалды сайлау жүйесіне көшу толық жүзеге асырылды», деді ол.
Б.Байбек атап өткендей, 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүзеге асырып жатқан сабақтастық саясаты аясында жалғасуда. «Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді. Сол сәттен бастап елімізде саяси реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Партиялар үшін тіркеу кедергісі мен Мәжіліске өтуге арналған кедергі заңнамалық тұрғыда азайтылды, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді, парламенттік оппозиция институты бекітілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты, сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны жүйелі «қайта жандандыру» Nur Otan-ға жыл басында Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тиісінше 72% және 82% жинап, айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. Тұтастай алғанда, партиялық тізімдер бойынша сайлауға жүйелі түрде көшу партиялардың сайлауалды уәделеріне жауапкершіліктерін арттыра отырып, олардың барлық деңгейде институционалды нығаюына жағдай жасады. «Биыл алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында Nur Otan округтердің 80%-дан астамында жеңіске жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар халықтың 40%-дан астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйекті бөлігі болғанын атап өтті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанның Мәжілісте – 3, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарда – 5, ауылдық әкімдер деңгейінде 6 саяси партиясы өкілдік етуде. Осылайша, аталған жылдар аралығында қалыптасқан Nur Otan партиясы үстемдік ететін көппартиялы жүйе тәуелсіздіктің маңызды жетістігі деп нық айтуға болады», деді Б.Байбек.
Дегенмен қазіргі проблемалардың жаһандық сипаты бүкіл мемлекеттердің өзара тығыз қарым-қатынас жасап, үйлесе әрекет етуін талап етуде. Осы жағынан алғанда, билеуші партиялар арасындағы ынтымақтастық ерекше маңызға ие. Б.Байбек форумның партиялардың ғана емес, сонымен бірге мемлекеттер мен халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
Форум спикерлерінің бірі Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болды. Ол Nur Otan-ның Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы таяудағы шешімі партиялық жүйе эволюциясының маңызды кезеңдерінің бірі болғанын атап өтті. «Осынау парасатты шешім Қазақстан халқы тарапынан қолдау тапты. Бүгінде біз Мемлекет басшысының жетекшілігімен оның «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты саяси ұраны аясында алға қарай қарқынды қадам басудамыз», деді Д.Абаев.
Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының Бас хатшысы Чо Бён Чжэ Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы жетістіктеріне тоқталды. «Қазақстан көршілерімен ғана емес, сонымен бірге Батыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста. Қазақстан халықаралық ұйымдармен, басқа да партиялармен сындарлы диалог орнатты. Осылайша, Nur Otan партиясы халықаралық қатынастар локомотивтерінің бірі қызметін атқаруда», деді Чо Бён Чжэ.
«Единая Россия» партиясы Бас кеңесі хатшысының орынбасары Андрей Климов Қазақстан мен Ресейдің билеуші партиялары арасындағы достық байланыстарды атап өтті. «Біз өз тарапымыздан Nur Otan партиясының праймериз өткізу тәжірибесін, жастар қанатын дамытуын, азаматтардың өтініштерін қабылдау үшін онлайн-ресурстарды пайдалануын және алаңында осы форум өтіп жатқан Қоғамдық саясат институтының жұмысын мұқият қарап отырамыз», деді А.Климов.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті халықаралық бөлімінің меңгерушісі Цянь Хуншань екі елдің билеуші партиялары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға сенім білдірді. «Nur Otan партиясы құрылған сәтінен бастап шын мәнінде бірқатар тарихи реформаны іске асырды. Біздің мемлекеттеріміз екіжақты қарым-қатынастарды, оның ішінде партиялық деңгейде дамытуды жалғастыра беретініне сенімдімін», деді ҚКП өкілі.
Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Эфкан Ала: «Қазақстанның аты тұрақтылықпен астасып жатыр. Әрине, мұнда партияның рөлі зор. Біздің бәріміз елдің экономикалық игіліктеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында қол жеткізілгенін байқап отырмыз. Жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жалғастырылып жатқан реформалар бұдан да зор жетістіктерге бастайтынына сенімдімін», деді Э.Ала.
Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕКПА) Еуропалық консерваторлар мен демократиялық альянс топтарының Бас хатшысы Том Ван Дайк Nur Otan партиясының елдің партиялық-саяси жүйесін қалыптастырудағы рөліне өз бағасын берді. «Партия құрылғаннан бергі 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның саяси ландшафтында нық орнықты. Саяси қызметте әйелдер мен жастарға барынша қолдау көрсетіліп, партиялық тізімдерде 30% квота көзделген. Еуропа Кеңесінің 15 мемлекетінің парламенттерінде гендерлік теңдік деңгейі Қазақстандағыдан төмен деп айта аламын», деді Том Ван Дайк.
АҚШ Өкілдер палатасының экс-мүшесі, Республикашылар партиясының өкілі Курт Уэлдон саяси партиялардың және басқа да қоғамдық-саяси ұйымдардың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. «Олардың арасында Қазақстанның ең ірі партиясы – Nur Otan-ға жетекші рөл беріледі», деді К.Уэлдон.
Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон Nur Otan партиясының демократия мен ортақ құндылықтарды дамытудағы жетістіктері бойынша өз әсерімен бөлісті.