Кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласындағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жазба мұралары» атты тақырыптық көшпелі көрме өтті.
Маңызды жиынды ашып пікір білдірген Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаевтың айтуына қарағанда, елорда төрінде көрме өткізудегі басты мақсат Түркістан өлкесінің тарихи құндылықтары мен рухани-мәдени келбетін астаналық ағайындарға таныстырумен қатар, мекемеаралық ынтымақтастық орнату екен.
Бұл реткі көрме экспозициясына музей-қорықтың негізгі қорынан алынған 60-қа жуық экспонат әкелінсе, олардың 37-сі жазба ескерткіштер де, қалғандары Құран тәпсірлері мен қасиетті кітапты көркем безендірген картиналық үлгілер, сондай-ақ күрсі, таспих, шырағдан секілді заттық мұралар екен.
Көрме сөресіне қойылған жәдігерлерді жеке-жеке таныстырар болсақ, ХVІІІ-ХІХ ғғ. тән қолжазба және ХХ ғасырдың басында Қазан баспасынан жарық көрген қасиетті құрандар, 1910 жылы араб-парсы тілінде Қазан баспасынан шыққан тәпсірлер, сахих әл-Бухаридің араб тілінде Ыстанбұлдың Дар әл-Халифат әл-Ғалия Ғамира баспаханасында 1897 жылы басылған «Мұхаммед (с.а.у.) хадистері», 1906 жылы Қазан қаласында «Ағайынды Каримовтер» баспаханасынан шыққан түркі тілінде жазылған «Мың бір хадис» кітабы, Қожа Ахмет Ясауидің 1845 жылдары көшірілген қолжазба «Диуани хикмет» кітабы, «Диуани хикмет» кітабының Қазан баспасынан шыққан нұсқалары, ғұлама Құл Азимнің «Хикмет» кітабы, С.Бақырғанидің ХVІІІ ғасырда көшірілген қолжазба «Диуан» кітабы, әулие Биделдің «Диуан» кітабының қолжазбасы, Қожа Хафиздің 1910 жылы Қазан баспасынан шыққан «Диуан» кітабы, Софы Аллаярдың парсы тілінде жазылып, Ташкент баспасынан шыққан «Мәсләк әл-Муттакин» кітабы, 1907 жылы түркі тілінде Бұқара баспасынан шыққан «Діни өлеңдер жинағы» кітабы, Әлішер Науаидің Ташкент баспасынан шыққан «Ғазал», «Диуан» атты кітаптары, имам Мағрудидің қолжазба «Қисасы», Шайық Худайдат Таш-Мұхаммед әл-Бухаридің ХVІІІ ғасырда жазылған «Бустан уль-Мухиббин» кітабы, т.б. құнды дүниелерді көпшілік тамашалады. Сонымен қатар Құран Кәрім кітабының аяттары, насх және сульс үлгісімен жазылған картиналары көрермен назарына ұсынылады.
Мәдени шараны түйіндеген Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының басшысы Жандос Болдықов: «Аталған көрме елордалықтар үшін рухани қазына болары анық. Өйткені ежелгі рухани қазына – ежелгі қолжазба кітаптардың халыққа берері мол. Бұл көрме осы жылдың аяғына дейін бір айға жуық келушілерге қызмет көрсетеді. Жақсыға жаны құмар көрермендерді көрмені тамашалауға шақырамыз», деді.