Ақтөбе облысында елді мекендерді кешенді түрде дамытуға арналған «Абаттандырылған ауыл» қанатқақты жобасы қолға алынды. Бұл – ел Үкіметі қолға алған «Ауыл – ел бесігі» стратегиялық жобасының өңірдегі жалғасы болып қана қоймай, бәсекеге қабілетті елді мекендердің қатарын көбейту мақсатында қолға алынған тың бастама.
Қанатқақты жоба операторы – облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы абаттандырылатын елді мекендердің тізімін анықтау мақсатында Алға ауданындағы Үшқұдық елді мекенінде ауыл әкімдерінің қатысуымен жиын өткізді. Қанатқақты жобадағы ең таңдаулы ауыл санатына кіру үшін қойылатын басты өлшемдер – тұрғындар санының тұрақтылығы мен бала туу көрсеткішінің жоғары болуы және республикалық не облыстық маңызы бар тас жолдарға жақын орналасуы. Көпшілік дауыспен таңдалған сегіз ауылдың қатарын Алға ауданының Үшқұдық және Мұғалжар ауданының Жағабұлақ елді мекендері бастап тұр. Әрине, өңірдің озық ауылы санатына лайықты деп табылған сегіз елді мекеннің әрқайсысының даму болашағы жоғары, құтты қонысқа айналуы үшін бірнеше жыл керек. Бұл жерде ауыл адамдарының белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Тұрғындары енжар, жалқау, салақ, үй-жайын ұқыптап ұстамайтын болса, қанша жерден қаржы бөлінсе де, ауылдың шырайы кірмейді. Әзірге белгілісі, қанатқақты жобаға іліккен әрбір ауылға екі жылға жоспарланған Жол картасы әзірленіп, іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге аспақшы. Ең әуелі, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға жетіспейтін инфрақұрылымдар салынады. Нәтижесінде, екі жылдан кейін заманауи мектебі мен балабақшасы, денешынықтыру-спорттық кешені, интернет байланысы қосылған клубы мен кітапханасы, медициналық амбулаториясы бар, жасыл желекпен көмкерілген, тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік жақсы жолға қойылған жарқыраған сегіз ауыл бой түзейді деген үміт бар. Айта кету керек, «Абаттандырылған ауыл» жобасына енді ғана енген ауылдардың көшелері алдыңғы жылдан бастап облыстық бюджет қаржысына жөнделе бастады.
Елді мекендерді көркейту мақсатында Үкімет бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасының мүмкіндіктерін осы кезге дейін тиімді пайдаланып келе жатқан елді мекендердің бірі – Үшқұдық тұрғындары. Өмірі жөндеу көрмеген, 1980 жылы салынған екі қабатты орта мектеп ғимаратына өткен жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Жылу жүйесі ауыстырылып, спорт залы жаңаланды, пәндік кабинеттері толық жабдықталып, кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты. Кіреберіс тасжолдың бойында орналасқан іші-сырты жаңаланған білім ордасы бүгінде ауылдың сәнін ашып тұр.
Үшқұдық ауылының тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игіліктерін үш жылдан бері көріп келеді. Жұмыссыздарға арналған ең ұтымды жоба – «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыған ауылдың бірнеше тұрғыны қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсіптерін ашқан. Үшқұдық ауылдық округінің әкімі Берік Ақдәулетовтің айтуынша, жаппай кәсіпкерлікке оқыту бағдарламасы арқылы ауылда шаштараз, сән салоны, құрылыс дүкені ашылып, көкөніс, құс өсіретін, сүтті ешкі тұқымдарын көбейтумен айналысатын шаруашылықтар құрылған. Мәселен, былтыр 200-ге жуық қазақтың ақбас сиырын сатып алған «Петровка» шаруа қожалығының иесі Үшқұдықтың 5 адамына жұмыс тауып беріп отыр.
Үшқұдық ауылының қыз-келіншектері кәсіпкерлікпен айналысуға өте ықыласты десек, солардың алдыңғы қатарында Елена Куртабаева тұр. Ол 2018 жылдың соңында наубайхана ашып, қазір түрлі нан өнімдерін пісіріп сатады. Енді Елена наубайханасының жанынан кондитерлік тағамдар пісіретін қосымша цех ашып, ауылдың екі адамына жұмыс тауып бермек. Кәсіпкер келіншек елімізде ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікпен айналысуына мемлекеттік бағдарламалардың көмегі көп болды деген пікірде.
Жиында ауыл кәсіпкерлігінің даму перспективалары жөнінде баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов осы жылы Ақтөбе өңірінде 2 300 жоба іске асырылғанын баяндады. Оның 1 мыңы аудан орталықтарында, ал 400 жоба шағын елді мекендерде жүзеге асты. «Кәсіпкерлік басқармасы өңірдегі «Атамекен» палатасының мамандарымен бірлесе отырып, елді мекендердегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының даму қарқынына тұрақты талдау жасайды. Тоқсан сайын мониторинг жүргізудің нәтижесінде жеке кәсіпкерлер саны өте аз, жұмыссыз тұрғындары көп елді мекендер анықталып, 12 ауданның кәсіпкерлік бөлімдері мамандарымен бірлесе отырып, кәсіпкерліктің дамуын тежейтін себептер сараланады. Бір қуантарлығы, Ақтөбе облысында «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниетті азаматтар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, биыл өңірде бизнес жобаларын сәтті қорғаған 55 кәсіпкер 3 млрд теңгеге несие алса, осы соманың 11 млрд теңгесін мемлекет субсидиялады. Қаржы ресурсына қол жеткізуде мемлекеттің кепіл болуы іс бастаған тұрғындар үшін өте маңызды қолдау. Субсидиялау көлемінің артуына байланысты несие ресурстарына қол жеткізуге ықыласты кәсіпкерлер саны артқанын мына мысалдан көруге болады. Мәселен, «БЖК-2025» аясында өңір кәсіпкерлері 2020 жылы 3 млрд теңге сомасында жеңілдетілген несие алса, 2021 жылы оның көлемі 9 млрд теңгеге ұлғайды», деді Н.Тілеумұратов.
Қысқа мерзім ішінде абаттандырылатын ауылдар қатарына Алға ауданының Үшқұдық ауылынан өзге Мұғалжар ауданының Жағабұлақ және Жарлы, Ырғыз ауданынан Құрылыс елді мекендері де кірді. Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақта биыл бес көшеге асфальт жамылғысы төселді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржының тиімді жұмсалып, ауыл көшелерінің сапалы түрде жөнделуіне Жағабұлақ ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Боқашевтың тынымсыз жүгірісі де себеп болды. Шынында да ауылды абаттандыру жұмыстарының тезірек іске асуына әкімнің белсенділігі өте қажет. Әкімі қандай болса, ауылы да сондай болады демекші, бір жылда бес көшесі бірдей жөнделген Жағабұлақ ауылының орталығындағы орта мектеп ғимаратына қарама-қарсы ангар үлгісіндегі спорт кешені салынып жатыр. Құрылыс алдағы жылдың сәуірінде аяқталмақ.
Үшқұдықтағы ауыл әкімдерінің жиынын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов елді мекендерді дамыту мал жайылымы мәселесін шешуден басталуы керектігіне назар аударды. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміздің қай ауылында болсын жайылым мәселесі күйіп тұр. Заң бойынша кез келген ауылдың айналасында радиусы 13 шақырымға дейін бірде бір шаруа қожалығының малы жайылмауы тиіс. Бірақ осы талап көптеген ауылда сақтала бермейді. Сол себепті де мал жайылымы дауын тиімді шешу ауыл әкімдерінің тікелей құзыретіндегі шаруаға айналды.
«Қазіргі кезде Ақтөбе облысындағы төрт түліктің 60 пайызын ауыл адамдарының қорасындағы жеке малы құрайды. Келесі жылы ауылдың мал жайылымын кеңейту мен суармалы шаруашылықтар санын көбейтуді қолға аламыз. Өйткені биылғы қуаңшылық қысы қатты, жазы аптап ыстық болатын біздің өңірде мал азығын өсірудің тиімді тәсілдерін енгізу мен тезірек ылғал сақтау технологиясына көшудің қажеттілігін көрсетті. Келесі көктемнен бастап мал азығы үшін көпжылдық, шөлге төзімді өсімдіктерді өсіруді қолға алып, оның ішінде жоңышқаға басымдық бермекпіз. Осы жағынан алғанда бір маусымда бірнеше рет өнім алуға болатын жоңышқа өсіруден еліміздің оңтүстік өңірлерінің тәжірибесі мол.
«Абаттандырылған ауыл» жобасында тек әлеуметтік нысандар құрылысын салып қана қоймай, мал басын көбейтудің жүйеленген тәсілдерін қолға алып, мал азығы үшін құнарлы көпжылдық және біржылдық өсімдіктер егіп, шаруа қожалықтарын тұқыммен қамтамасыз етуді жолға қоямыз», деп қорытындылады Жақсығали Иманқұлов.
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы,
Үшқұдық ауылы