Алматы қаласы соңғы апталарда «жасыл аймаққа» өтіп, ковид жұқтырғандар саны азайғаны осы еді, «омикрон» штамының аты естілді. Осыған орай қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова жаңа штамм дерттің қайта өршуіне әкелуі мүмкіндігіне байланысты той-томалақ, көпшілік орындарға баруды тыя тұруды ескертті.
Ол мегаполистің «жасыл аймақта» орналасқанына қарамастан, соңғы аптада коронавирус инфекциясының 641 жағдайы тіркелгенін мәлімдеді. Әлемде эпидемиялық жағдай нашарлап, қатаң карантин режімі қайта енгізілгенін, Оңтүстік Африкада қауіпті «омикрон» мутациясының пайда болғаны туралы ДДҰ мәліметтерін алға тартты. «Омикрон» – патогенді, жұқпалылығы «Дельта» нұсқасынан асып түседі және ағзадағы антиденелерді айналып өтуге қабілетті.
– Сондықтан халықты, әсіресе қарттарды, созылмалы аурулары барларды, жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді вакциналауды жеделдету қажет. Алматы тұрғындары елде «омикрон» штамының пайда болуына және таралуына жол бермеу үшін, әсіресе демалыс және мереке күндері адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болуға тырысқандары жөн, – деді Ә.Қалықова.
Маман «омикронды» жұқтырған оқиғалардың Африканың 8 елінде (ОАР, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Эсватини, Танзания), сондай-ақ Бельгияда, Израильде, Гонконгта, Германияда, Чехияда және Ұлыбританияда тіркелгенін атады.
«Омикрон» алдыңғы нұсқалардан көптеген жаңа мутациялармен ерекшеленеді. Оның Қазақстанға кіруіне жол бермеу мақсатында мекемеаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап Ботсвана, ОАР, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Малави, Мадагаскар, Эсвитини, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға кіруін шектеу туралы шешім қабылдап отыр. «Омикронға» қатысты КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге оқшаулануға тиіс. Мысырмен әуе қатынасын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов апта сайын қалалық стационарлардың, емханалар мен дәріханалардың дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен (ММБ) және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізетінділігін мәлімдеді.
Бүгінгі таңда стационарларда 2 209 мың дәрі-дәрмек бар. Бұдан басқа, 736 мың дәрілік заттар жеткізіледі. Қала емханаларында 299 мың дәрілік заттар бар, қосымша 199 мың дәрілік заттар түсуі керек. Әзірге коронавирус инфекциясын емдеуде сұранысқа ие дәрі-дәрмектер барлық дәріханадан табылады. Қамтамасыз ету қоры 85-90%-ды құрайды, қоймаларда 1,3 млн сұранысқа ие препарат бар.
Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен 2020 жылғы шілде мен 2021 жылғы қыркүйек аралығында Алматыға жоспарланған 40 млн дәрілік заттар мен ММБ-дан 58,8 млн әкелінді, 43,6 млн іске асырылды. Бұл ретте 8 млн мөлшерінде төмендетілмейтін қалдық сақталды. Айта кету керек, қаланың медициналық ұйымдары, дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың ірі көтерме жеткізушілері, сондай-ақ қаланың бөлшек сауда желілері 2020 жылғы тәжірибені ескере отырып, сұраныстың ықтимал өсуіне алдын ала дайындалып, қоймаларында қор жасақтап жатқан жайы бар.
Дәрілік заттар және ММБ тұрақтандыру қоры жұмысының оң тәжірибесін, тұрғындарды вакциналау деңгейін және қаланың фармацевтикалық компанияларында Дәрілік заттар және ММБ қорларының болуын ескере отырып, Алматы әкімдігі айналым кестесі бойынша 3,75 млн бірлік мөлшерінде төмендетілмейтін қорды сақтай отырып, кемінде 9,2 млн бірлік Дәрілік заттар және ММБ жеткізу үшін 2,77 млрд теңге бөлді. Осылайша, қалада екі айлық беріктік қоры сақталады, бұл ДСМ талаптарына сәйкес келеді.
Өз кезегінде Ә.Қалықова ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін бүгінгі 56,5%-дық көрсеткіш жеткіліксіз деп есептейді, сондықтан вакциналау өте маңызды.
– Бүгінде біз ұжымдық иммунитет деңгейінің 56,5%-ына жеттік, ол вакциналанғандардың 48,4%-ынан және ауырып жазылған адамдардың 8,1%-ынан тұрады. Бұл ретте вакциналаудан кейін сырқаттанғандардың үлес салмағы егу науқаны басталғаннан бері небәрі 0,3%-ды – 3 151 адамды құрады. Ал індеттің қайта бас көтеруіне жол бермеу үшін вакциналау арқылы, оның ішінде 9 ай немесе 6 ай бұрын екпе алғандарға екпе қайталануы мүмкін, – дейді Ә.Қалықова.
Вирус жұқтырғандардың ішінде жұмысы бар және жұмыс істемейтін азаматтардың үлес салмағы – 26,1%, зейнеткерлер – 21,2%, ұйымдар, ЖШС, ЖК қызметкерлері – 20,3%, оқушылар – 13,1%. Әзірге Алматыда Pfizer компаниясының Comirnaty препаратымен 13 248 адам вакциналанды, оның ішінде жүкті әйелдер – 795, бала емізетін әйелдер – 2 803, балалар мен жасөспірімдер – 9 650.
АЛМАТЫ