Әйгілі Transfermarkt басылымы футболдан Қазақстан чемпионатында доп тебетін футболшылардың трансферлік құнын жариялады. Жыл басындағы рейтингте көш басында тұрған «Қайраттың» польшалық легионері Яцек Гуральски 500 мың еуроға арзандап, екінші орынға түсіп қалды. Оның қазіргі бағасы – 1,8 миллион еуро.
Немістің әйгілі сайтындағы дерек бойынша осы маусымда «Астана» сапында сәтті өнер көрсеткен армениялық Тигран Барсегян ел біріншілігінің ең қымбат футболшысы атанды. Қазіргі таңда оның трансферлік құны – 2,5 миллион еуро. Чемпионат басында ол 2 миллион еуромен үшінші орынға табан тіреген еді. Қымбат футболшылардың үштігін «Қайраттың» қорғаушысы Нұрәлі Әліп пен «Тобылдың» шабуылшысы Игорь Сергеев (Өзбекстан) түйіндеп тұр. Олардың трансфердегі бағасы – 1,7 миллион еуро. ҚПЛ-дің биылғы сұрмергендер тізімінде 11 голмен 3-орын алған И.Сергеевтің бағасы жыл басынан бері 200 мың еуроға артқан.
Кейінгі орындарға мына футболшылар жайғасқан: Раде Дугалич («Қайрат») – 1,8 млн еуро (-200 мың), Хосе Канте («Қайрат») – 1,5 млн еуро (+500), Дино Миканович («Қайрат») – 1,7 млн еуро (-600), Абзал Бейсебеков («Астана») – 1,4 млн еуро, Небойша Косович («Қайрат») – 1,3 млн еуро (+300), Алекса Аманович («Тобыл») – 1,3 млн еуро.