Бүгін Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің кәсіпкер әйелдері пікірсайыс клубының инаугурациялық отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған іс-шара әйелдердің экономикалық өсуін және мемлекеттердің әл-ауқатына қосатын үлесін арттыруға арналған.
Клуб отырысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның көшбасшы әйелдері, саясаткерлері, қаржы институттарының өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясының атынан онлайн форматта ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова сөз сөйледі.
Ұлттық комиссия басшысы елімізде кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ шағын және орта бизнестегі әйелдердің позицияларын одан әрі нығайтуға ықпал ететін трендтерді белгіледі.
«Пандемия бизнесті жаңа «ойын ережелерін» қабылдауға мәжбүр етті. Негізгі трендтердің бірі қашықтан жұмыс форматы болды. Тәжірибе көрсеткендей, көшбасшылар арасына тез арада жаңа форматта бейімделіп және тұрғылықты жеріне қарамастан білікті мамандарды жұмысқа тарта алатын компаниялар шықты. Тағы бір маңызды тренд – дербестендіру. Жоғары бәсекелестік әлеуетті клиенттерге жеке көзқарасты талап етеді, өз кезегінде бұл талдаушыларға және арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуге сұраныстың артуына алып келеді», деп Ләззат Рамазанова атап өтті.
Ұлттық комиссия төрағасы әйелдер бизнесі үшін электрондық сауда алаңдарының дамуы маңызды бағыт деп атап өтті.
«Пандемияның жарты жылында онлайн-сауда нарығы алдыңғы алты жылға қарағанда артты және өсуін жалғастыруда. Өте қысқа мерзім ішінде адамдар интернет арқылы сауда жасауға дағдыланды, және де бизнестің өзі мұның қаншалықты тиімді екенін түсінді», деп Ләззат Рамазанова атап өтті.
Сондай-ақ оның айтуынша, алдағы жылдары әлеуметтік кәсіпкерліктің біртіндеп дамуына байланысты эко-бағыт белсенді дами бастайды.
«Қазақстанда компаниялардың жаңа HR-бренді мен имиджін қалыптастыруға арналған арнайы цифрлық эко-платформалар пайда болды. Таяудағы бес жылда біз social-impact-стартаптардың белсенді дамуын көре аламыз деп санаймын. Мұның бәрі - әйелдерге өз іскерлік жолын нық иеленуге және нарықта бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін бағыттардың бір бөлігі ғана», деп Ләззат Рамазанова атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, пікірталас клубын құру әйелдер кәсіпкерлігі саласында тұрақты пікір алмасуға және үздік тәжірибемен алмасуға, бизнесті дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, өңірлік саудаға, инвестиция тартуға және Орталық Азия елдерінің кәсіпкер әйелдері арасында іскерлік байланыстар орнатуға ықпал етеді. Сондай-ақ, Клуб инновациялық бизнес-модельдерге өзара оқытуға, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін «ақылды» және практикалық шешімдерді қолдауға ықпал ететін болады.