Қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан жылдың бірінші әлем кубогы кезеңінде жүлделі орыннан көрініп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Финляндияның Рука тау шаңғысы курортында ұйымдастырылған фристайл-акробатикадан биылғы әлем кубогы қазақстандық спортшылар үшін табысты басталды. Спорттың дәл осы түрінен екі дүркін қысқы Универсиаданың қола жүлдегері, былтыр Алматыда өткен әлем кубогының соңғы кезеңдерінде де ел қоржынына қола медаль салған Жанбота Алдабергенова бұл жолы да үздіктер қатарынан көрінді. Алғашқы кезеңінде әлемнің мықты спортшыларымен тең дәрежеде өнер көрсеткен отандасымыз финалда 80,04 ұпай жинап, жарысты мерейлі екінші орынмен аяқтады. Бірінші кезеңнің бас жүлдесін қытайлық Кун Фаньюй жеңіп алса, қола жүлде тағы бір қытайлық спортшы Шао Кьюге бұйырды.
Бір айта кетерлігі, Финляндияның курортты аймағындағы жарыстар Жанбота Алдабергенова үшін үнемі табысты аяқталады. Мәселен, ол 2019 жылы дәл осы Рукада өткен Еуропа ашық кубогында бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алған еді.