Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жатқан елорданың «Барысы» сырт айдындағы ойындар сериясын жеңіспен бастады. Нижнекамскіге сапар шеккен жерлестеріміз жергілікті «Нефтехимиктен» басым түсті.
«Нефтехим Арена» спорт кешенінде өткен кездесудің бірінші таймында ойыншылар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Екінші 20-минутта аренаға жиналған жанкүйерлер үш шайбаның куәсі болды. Матчтың 30-минутында айдын иелерінен Сергей Купцов есепті ашса, арада үш минут өткенде Павел Порядин «Нефтехимиктің» басымдығын нығайта түсті. Дегенмен кезең соңында «Барыс» ойыншылары есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Шайба авторы – Роман Старченко.
Шешуші кезеңде жерлестеріміз жеңіс үшін барын салды. 48-минутта Кирилл Савицкий қарсылас қақпашысының қателігін тиімді пайдаланып, таблодағы көрсеткішті 2:2-ге жеткізсе, сәлден кейін Кертис Волк елордалықтарды есепте алға шығарды. Ал кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда Томаш Юрчо шайбаны бос қалған қақпаға дәл бағыттап, ойынның нүктесін қойды – 2:4.