Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын құныға оқып шықтық. Мұны Тұңғыш Президенттің ауқымды ой-толғауы дегеніміз дұрыс шығар. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында азаттықтың қадірін әрбір азамат ұғыну үшін, сезіну үшін осындай мақаланың маңызы өте зор. Әсіресе, оны тәуелсіздіктің басы-қасында болған, негізгі саяси шешімдер қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың жазғаны өте орынды.
Жалпы, кез келген мемлекет, ұлт алға қадам басуы үшін ең алдымен жүріп өткен жолына назар салу қажет. Тарихқа бойлап, не нәрсе қолдан келді, қандай нәтижелер бар соны сараптау керек. Өткенге көз жүгіртіп, қазіргіні таразыламай, оған шынайы, адал бағасын бермей болашаққа бой түзеу қиын.
Бұл тұрғыдан алғанда Елбасының мақаласы шынайы шықты. Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев XX ғасырда болған оқиғаларды, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісін, 1920-30 жылдары болған, қазақтың жартысын жалмаған екі бірдей ашаршылықты, дүниежүзілік соғыстарды, одан кейінгі қиын сәттерге көз жүгірте отырып, солардың себептеріне, алғышарттарына үңіліп, қарапайым азамат ретінде, осы елдің өкілі ретінде оны жеке басының сезімі арқылы, отбасының тарихы арқылы жеткізгені ерекше әсер етеді.
Ұлт-азаттық көтеріліске оның да туыстары атсалысқаны, үлкен ағалары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, Елбасының өзі де қиын сәттерді басынан өткергені, Семей полигоны, тың өлкелерді игеру секілді мәселелерге қатысты деректер де мақаланың шынайылығын аша түседі. Соның бәрін өзінің жеке азаматтық көзқарасы арқылы жеткізуге тырысқаны да осы оқиғаларды ішкі жан-дүниесінен қалай өткергені тұрғысынан жеткізгені де үлкен әсер етеді.
Жалпы, мақалада тұжырымдалған негізгі ой – осы тәуелсіздікке қол жеткізу өте ауыр, қиын жолмен жүзеге асқаны. Қазіргі таңда әлемде 2000-ға жуық халық бар. Соның небәрі 192-сі ғана өз мемлекетін құрған. Қалғанының өз мемлекеттілігі жоқ, өз тағдырын өзі шеше алмайды. Егемен ел емес. Сондықтан тәуелсіздікті қадірлеп, қастерлеу аса маңызды. Мұны мақалада тарихи тұрғыдан да айтып өткен. Бұл біріншіден.
Екіншісі, осы тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстан қандай жолды жүріп өтті. Бұл да оңай болған жоқ. Көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік, идеологиялық дағдарысты еңсердік. Әрине, қателіктер болған шығар. Бірақ салыстырмалы түрде келгенде Қазақстанның жетістігі жетерлік. Басқа елдер секілді аумақтық тұтастығынан айрылып қалмағаны, үлкен қантөгіске бармағаны, түрлі өте қиын сәттерге жол бермегені – жасалған ерен еңбектің нәтижесі.
Жоқтан ештеңе жасала қалмайды. Тәуелсіздік өзінен-өзі бола салған нәрсе емес. Бұл да ұстамды, байсалды саясат жүргізудің нәтижесі. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау өз алдына. Ядролық қарудан бас тарту секілді түрлі түйткілді мәселелерді шешу, Қытай мен Ресей секілді көршілес елдермен тату қарым-қатынас орнату, шекара секілді сезімтал мәселелерде ұпайымызды жіберіп алмай, оңтайлы шешкеніміз, салыстырмалы түрде Қазақ елінің экономикалық-әлеуметтік жағдайының қаншалықты жақсарғаны, ТМД елдері ішінде жетекші нәтижелерді көрсетіп отырғаны – мұның бәрі төккен тердің ақысы.
Сондықтан осындай мәселелерді бағамдап, қадірлей білу тұрғысынан мақала зор маңызға ие. Айналып келгенде, тәуелсіздікті біліп, түсіну, сезіну біздің басты құндылығымыз. Азаттықты сақтап қалудың бірден-бір жолы – оны сезіну, қадірін білу. Мақаланың соңында айтып өткендей, тәуелсіздік бақыт құсы секілді. Оны бағалаған, қадірін білген ғана өзінің қолында ұстай алады.
Менің ойымша, мақала белгілі бір дәрежеде қазаққа, соның ішінде жас буынға айтылған аманат, өсиет іспетті. Елбасының ой тұжырымы қай мәселеге келгенде ұсақтанып қалмауымыз керек екенін көрсетеді. Қазақтың қазіргі берекесінің, бірлігінің, тұрақтылығының, жарқын болашағының кепілі – ұйымшылдық, бірлік, ортақ тағдырды сезіну, түсіну. Ал мұның шырқау шегінде тұрған тәуелсіздік пен егемендік. Сондықтан менің ойымша, 30 жылдық тұсында осындай мақаланың жариялануы өте қажет. Қазіргі жағдайға қалай келдік, қандай қиын сәттерден өттік, тарихымыз қандай болды? Соларға ой жіберу іспетті.
Тәуелсіздік алған тұста қазақ халқының үлесі 40 пайызға жете-қабыл еді. Қазір құдайға шүкір, 70 пайыздан асты. Бұл да жақсы көрсеткіштің бірі. Сондықтан қол жеткізген жетістіктерді оң бағалаған жөн.
Расул ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы