• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2021

Отар ауылындағы оңды тірлік

675 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының әкімі Берді­бек Сапарбаев өткен жылы Қордай ауданының Отар ауылында болып, тұрғындармен кездескен болатын. Мұнда жергілікті жұрт­шы­лық көптеген мәселемен қатар, ауылға Мәдениет үйі мен спорт кешенінің қажеттілігі туралы айтқан еді. Сондай-ақ ауылдықтар облыс басшысынан газ мәселесін ше­шіп беруді де сұраған. Бұл ретте Б.Сапарбаев тұрғындардың өтініші жерде қалмайтынын айтып, бұл ба­ғыттағы жұмыстар жедел қолға алынатынын жеткізген. Нәтижесінде, Отар ауылына газ тартылып, спорт ке­шені ашылды.

­Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай Отар ауылында 180 орын­дық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкі­мі Б.Сапарбаев қатысты. Әкім ауыл тұр­ғын­дарын құттықтап, бұл бағыттағы жұмыс­тардың жалғаса беретінін жеткізді.

«Бүгін біз үшін көптен күткен қуа­нышты күн. Қырық-елу жыл бойы ауы­лымызға газ кірсе деп армандап келген едік. Бұл мәселе бойынша бармаған же­ріміз жоқ. Ақыры облыс басшысы мәсе­лемізді өз назарына алып, ауылға көгілдір отын тартып берді. Өзім жиырма жыл ауыл ақсақалдарының төрағасы болдым. Көптен бері ауылға спорт кешені, мә­дениет үйі қажет екенін мәселе ретінде көтеріп келдік. Бұл өтініштеріміз де назардан тыс қалмай, орындалып отыр. Осы үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», дейді Қордай ауданының Құрметті азаматы, еңбек арда­гері Әбдіқасым Иманқұлов.

Бұдан кейін Б.Сапарбаев жаңа ғима­ратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмы­сымен танысты. Айта кетсек, ғима­раттың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айын­да басталып, қазіргі таңда жұмыстар толы­ғымен аяқталған. Нысанның мердігері – «Байсын-А» ЖШС.

 Екі қабатты зәулім ғимаратта вокал, көркемсөз, домбыра, хореография, қол­өнер, әжелер және аталар ансамблі секілді үйірмелер жұмыс істейді. Мәдениет үйінде 14 қызметкер еңбек етуде. Оған қоса 12 мың дана кітап қоры бар.

«Біз секілді қарияларға газдың кел­гені үлкен қамқорлық болды. Ал мәде­ниет үйі ауылымыздың жалынды, өнер­лі жастары үшін керемет тарту. Өтініші­міз­ді тыңдап, еңселі нысанның бой кө­теруі­не атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз», дейді ауыл тұрғыны Әлімбүбі Иманқұлова.

Өз кезегінде Отар ауылының өзге де тұрғындары бұл іске риза екендіктерін жеткізді. Ол үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және ауылды дамыту мақсатында жұмыс істеп жүрген барлық азаматтарға алғыс айтты.

 

 

Жамбыл облысы