• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2021

Иесі жоқ көл жетім

4027 рет
көрсетілді

Сулы, нулы Көкшетау мен кең көсілген Қорғалжын аумағында жалпы саны мыңнан астам үлкенді-кішілі көл бар. Осынау су айдындарының 531-інде балық шаруашылығын дамытуға әбден болады. Бүгінгі күні 360 көлге ие табылып, шаруасын біршама алға бастырып отырған жайы бар.

Көкшетау десе көз алдыңа арудың сәукелесіне таққан сексен маржан іспетті сексен көлдің елестері бар. Шын­туайтында, әкімшілік-аумақтық өзгеріске түспей тұрған кездің өзінде 1959 жылғы «Тың аймағындағы жерүсті су қорла­ры» тақырыбындағы монографияда бұ­рын­ғы Көкшетау облысының аумағын­да 1 515 көл бар деп тайға таңба басқан етіп жазылған. Оның ішінде 1 320 көл тұщы сулы, ақбас толқындары аспанға атып жатқан шалқар. Бүгінде заманында балығы тайдай тулаған осынау көлдер­дің қаншасы «кәрі» көлге айналғанын тап ­басып айту қиын.

Қазір өңірдегі 360 көл балық шаруа­шы­лығын дамыту қажеттілігінен талапты кәсіпкерлерге заңнамаға сәйкес конкурс арқылы тапсырылып берілген.

– Көлге де ие керек екендігі белгілі, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев, – көл тартқан қасірет сол иесіздіктің салдарынан. Иесі жоқ көлге браконьерлер әуес. Қараусыз қалғандықтан су жолдары жабылып, бұлақ көзі бітеліп, қамыс басып кетеді. Ел егемендігін алғаннан бері осы бағытта талай шаруа тындырылды. Қазіргі заңнама бойынша 5 жылдан 49 жылға дейін жалға беріледі.

Инспекция басшысының айтуы­на қарағанда, су айдынын жалға алушы­лардың міндеті де аз емес. Көлді ұзақ мер­­­зімге жалға алушы міндеттеме аясын­да балық шаруашылығын дамыту жос­парын түзуі керек. Алдымен көл суын сараптамадан өткізіп, зерттеу жұмыс­та­рын жүргізеді. Сала мамандарымен ке­лісімшарт жасалады. Көлдегі балықтың санағын жүргізіп, кешенді зерттеу қолға алынады. Қыстың күні, әсіресе, тайыз көлдердің мұзын ойып, балыққа қажетті оттегін жіберу қажет. Жазда қамыстан тазарту міндет.

Есесіне мемлекет тарапынан көрсеті­­ліп жатқан қамқорлық ұшан-теңіз. Атап айтатын болсақ, бес түрлі субсидия бері­леді. Балыққа қажетті азықты сатып ал­ған шығынның 30 пайызын мемлекет өтейді. Осы арада кәсіпкерлерге құлаққа­ғыс ететін бір жай бар. Жергілікті жерде қолға алынбай жатқан шаруа осы. Сұранысқа ие, табысты іс. Қазір жергілікті жерде мұндай өнім аз болғандықтан, Ресейге иек артып отырмыз. Рас, өзімізде де бар, мәселен, Жақсы ауданының элевато­рын­да өндіріледі. Дегенмен бұл жеткілік­сіз. Ауыл шаруашылығы құрылымдары қолға алса, екі жаққа бірдей пайдалы болмақ. Табиғат пайдаланушылар балық шабақтарын сатып алса, ғылыми мекемелермен жұмыс істесе, балық ауруын емдеуге дәрі-дәрмектер пайдаланса, өз су айдындарындағы балықтардың ана­лы­ғынан тұқым алса, жұмсалған қара­жаттың 50 пайызы мемлекет тарапынан қай­тарылады. Бәлкім, бұл жайды оқыр­манның көбі біле бермеуі мүмкін. Сондықтан тарата айтып отырмыз.

Көлдің қамысын шабатын, табанын­дағы бітеліп қалған бұлақ көзін ашатын, қар суы ағатын жылғаларды тазартатын арнайы техника керек. Инспекция бас­шы­сының айтуына қарағанда, осындай қадау-қадау мәселелерге субсидия тө­леу жайы қазір министрлік тарапынан қарастырылу үстінде.

Табиғат пайдаланушылары арасында жалға алған көл төңірегін мұнтаз­дай етіп тазалап, өзекшелер мен жылғалар­ды аршып, бұрын жабылып қалған бұ­лақ көздерін ашып, табиғатқа жанашыр­­лық жасап отырғандар аз емес. Олар­дың қатарынан Бурабай баурайындағы бірнеше көлді жалға алған «Әрекет 2030» серіктестігі, Зеренді ауданында­ғы Солдаткөл көлін жалға алған жеке кәсіпкер Аллаберген Тәшеновті айта кетуге болады. Керісінше, ұзақ мерзімге жалға алғанымен, шыбық басын сын­дыр­мағандар да кездесетіні белгілі. Соң­ғы бес жылдың ішінде өз міндеттерін дұ­рыс орындамаған жиырмадан астам та­би­ғат пайдаланушыдан көл сот арқы­лы қайтарылып алынған.

Көкшетау көлдерінде қазір балық­тың екі түрін өсіруге мүмкіндік бар. Біріншісі, рипус, екіншісі ақ балықтар. Рипус балығының тұқымын Зеренді тұқымбағынан алуға болады. Нұр-Сұл­тан қаласының іргесіндегі Майбалық, Қара­ғанды, Солтүстік Қазақстан облыс­тарындағы тұқымбақтардан жеткізген­­нің өзінде тауарлы балық шаруашылығы­­мен айналысатын 57 ұжымның қажеттілі­­гін өтей алмайды. Демек, негізгі күш тү­сіп отырған Зеренді тұқымбағын қайта жаңғырту күн тәртібіндегі мәселе болып қала береді. Еліміз бойынша жылына 270 мың тонна балық өндірілсе, оның 10 тоннасы ғана Ақмола облысының үлесінде екен. Сондықтан, бұл орайда мықтап ойлануға тура келеді. Сөз арасында балық шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның бар екенін айта кетелік. Осы бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін өндірілетін балық көлемі 10 мың тонна тауарлы балыққа жетуі керек. Бұл өте ауқымды іс. Биыл өңірдегі барлық табиғат пайдаланушылар 143 тоннадан астам балық өсіріп отыр. Келесі жылы бұл көрсеткіш 952 тоннаға жетеді деген үміт бар. Жыл сайын қарқын алса, мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидияны тиімді пайдаланса, одан кейінгі жылдары өнім көлемін 2,5 мың тоннаға жеткізу мүмкін деп есептелген. Қазір осы міндет үдесінен шығу үшін жүйелі жұмыс атқарылуда. Тауарлы балықтар ішінде аса қымбат бағалы форель балығын өсіру тәжірибесі қалыптасуда. Степногорск қаласының жанындағы «Каменный карьер» деп аталатын су айдынында терең, салқын суды жақсы көретін балықтың осы түрі өсіріліп, жыл сайын 20 тоннадан астам өнім өндірілуде.

Балық шаруашылығын дамыту азық-түлік молшылығын жасаумен қа­тар, жаңа жұмыс орындарын ашуға да сеп­тігін тигізеді. Мәселен, табиғат пайда­ланушылар өздері жалға алған көлге қорық­шы ұстауға міндетті. Оның киім-кешегі, техникасы, байланыс құралдары табиғат пайдаланушының тарапынан. Оған балық аулаушыларды қоссаңыз, бір көлді дұрыстап пайдалану арқылы бірнеше адамды жұмыспен қамтуға әбден болады.

Жергілікті балық молайса, алыс-жа­қын шетелдерден жеткізіліп жатқан балық өнім­дерімен бәсекелестік пайда бо­лып, бұл тағамның түрі қолжетімді бо­лар еді. Бұл үшін санын көбейтіп, сапа­сын арттыру қажет. Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсынысына қара­ғанда, әр адам жылына 14 килоға жуық балық өнімдерін тұтыну қажет болса, өңір тұрғындарының көрсеткіші 4,5 килодан аспайды. Демек, бұл орайда­ғы олқылықтың орны менмұндалап ­тұр. Өндірістік көлдерден қазір жылына 1 мың тоннаға жуық балық өндірілуде.

– Балық санын көбейтудің бір жолы интенсивті бағыт, – дейді инспекция басшысы Нығмет Амангелдіұлы, – табиғат пайдаланушылар көлдегі ұсақ балықтан арылып, тек халықтың қажетіне орай тауарлы балық өсіргені жөн. Әйтпесе, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, кәдеге жарамайтын құнсыз балық азыққа ортақ болады.

Инспекция басшысының айтуына қа­рағанда, төл табиғатқа жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Инспекцияның мате­риалдық-техникалық базасы жыл сайын жақ­сарып келеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жол таңдамайтын 4 автокөлік, 2 қайық берілген. Осындай қамқорлық арқылы баға жетпес байлық­ты уақтылы қадағалау, браконьерлер­дің жолын кесу мүмкіндігі арта түспек.

Шиырып айтқанда, шаруа шаш етектен. Ақ дастарқанды балық өнімдері­мен байыта түсудің мүмкіндігі де зор. Әр жыл сайын өңірдегі оннан астам көл түбегейлі зерттеліп, балық өсіру мүмкіндігі болса, тізімге қосылады екен. Табиғи байлық мелдектеп тұр. Тек соны іске жарататын, бар дүниенің бағасын білетін ие керек.