«Міне, енді біздің жұмыс орнымыздың қапталындағы үйдің қабырғасында Бейсен достың бейнесі жымиып, бізге қарап тұратын болды. Өзі жиі айтатын «Қарекет ет, батырым» деген сөзі де тасқа басылды. Жалпы жұрт жүрегінде Бейсеннің бейнесі мәңгілік сақталады. Елдің ерге құрметі, тағзымы осындай игі істерден көрініс табуда...».
Бұл – Бейсен Құранбектің үзеңгілес жолдасы, Jetisu телеарнасының бүгінгі директоры Серік Сарыбайдың былтыр айтқан сөзі еді. Шынымен де қазір Талдықорған қаласының Балапанов көшесіндегі биік үйдің қабырғасына салынған Бейсен Құранбектің бейнесі жұртшылық жиі келіп, қазақтың қабырғалы журналисінің рухына тағзым етер орынға айналған. Осылайша, граффити жанрында бейнеленген мурал Jetisu телеарнасының ғимаратына қарама-қарсы қоныс тепкен үйдің қасбетінде «мен мұндалап» тұр. Мурал фотосуретші Жеңіс Ысқабайдың суреті негізінде жасалған екен. Тұтас қабырғаны алып тұрған Бейсеннің бейнесін суретші Бекболат Кеңесов салып шыққан. Сурет астына «Қарекет ет, батырым!» деп жазылған. Ал есімі елге әйгілі журналистің жарқын бейнесін жұрт назарына ұсыну идеясын «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі бастаған болатын. Істің нәтижелі болуына облыстық ішкі саясат басқармасы барынша үлес қосыпты.
Мұндай игі істер жетісулықтар үшін «Бейсентану» ұғымын қалыптастырғаны анық. Оның бір дәлелі ретінде былтыр басталған Бейсен Құранбек атындағы дарынды балалар олимпиадасын айтуға болады. Бұл шара дәстүрге айналып, биыл да жалғасын тапты.
– Бейсекең басшылық қызмет атқарған Jetisu телеарнасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, былтырдан бері ұстаздар мен оқушылар арасында жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында олимпиада ұйымдастыруда. Үрдіс биыл да жалғасын тапты. Олимпиаданың ашылу салтанатында Бейсен Құранбек атындағы оқушылар арасындағы 2020 жылғы олимпиаданың 1-орын иегері, Кербұлақ ауданы, Күреңбел қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Алуа Байтілеуова қаламгер ағасына арнаған өлеңін оқыды. Бір-бірін толықтырған, жарасымды шара болды. Оның үстіне, олимпиада жеңімпаздарын марапаттауды Бейсекеңнің туған күні, 9 желтоқсанға орайластырдық. Жалпы, осы мезетті жыл бойғы «Бейсентану» бағытында істелген жұмыстарды қорытындылайтын сәт етіп, ел жадына сіңірсек деген ойымыз бар, – дейді Jetisu телеарнасының директоры Серік Сарыбай.
Мұнан бөлек, телеарна журналистері бастама көтеріп, Бейсен Құранбектің тренингтерін ілгерілету мақсатында журналистік курс өткізді. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен оқу-әдістемелік бағыттағы іске 11 спикер қатысып, тележурналистика, газет, радио, интернет, сайт, шетел журналистикасы сияқты тақырыптарда дәріс оқыды. Арнайы курсқа жас журналистер, студенттер және журналист мамандығын таңдаған 11-сынып оқушыларынан іріктелген 50 адам қатысқан екен.
«Бейсентану» ісінің жандануына еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Жігер» телевизиялық байқауы үлкен үлесін қосып отыр. Байқау аясында тағайындалған Бейсен Құранбек атындағы арнайы жүлде биыл Jetisu телеарнасының тілшісі Сәния Байтарованың қанжығасына байланған болатын.
Бейсен аға көзі тірісінде бізге үнемі: «Кез келген хабарды дайындағанда өздеріңе: «Бұл ақпарат көрерменге қандай пайда береді?» деген сұрақ қойыңдар», деп айтатын. Мектеп қабырғасында жүргенде журналист хабарды жүргізіп, жарқырап жүретін жұлдыз деп ойладық. Ал шындап келгенде, журналист – адам жанының емшісі. Өзім Бейсен ағадан ең алдымен адам болуды үйрендім. «Адам ренжіген сайын кеудесіне тас жинала береді, ол тасты өмір бойы арқалап жүрген қандай, қиын. Дұрысы ешкімге ренжімей, айналаңа махаббатпен қарау», деп еді аға. Мен сол қағиданы ұстап, үйреніп жүрмін. Бейсен аға облыс орталығына Серік Әбікенұлы мен Досан Қызайбекұлы сынды мықты мамандарды алып келді. Сол арқылы Жетісу жерінде тележурналистиканың мықты мектебін қалыптастырды. Біздің арна сол кісілердің арқасында республикалық арналармен иық тірестіре алатын дәрежеге жетті.Жалпы, «Жігер» сыйлығының менің өмірімде алар орны ерекше. Бұл мен үшін ең жоғары марапат. Бұл жүлде менің көрермен және ұстаздарымның алдындағы жауапкершілігімді еселей түсті», дейді жас журналист Сәния.
Жалпы, Бейсен Құранбек есімін ұлт жадында мәңгілік сақтауға бағытталған істің бір жүгін ол жайында жарық көрген кітаптар көтеріп тұр деуге болады. Былтыр оқырман қолына «Біздің Бейсен» деген атпен естелік жинағы жарық көрген болатын. Осы жинақты құрастырып шығарған жазушы Есболат Айдабосын былай дейді:
– 2020 жылдың 18 мамырында Бейсен ағамыз дүние салды. «Бейсентану» тап сол күннен басталып кетті десек қателеспеген болар едік. Марқұмның жаназасында күллі қазақ күңіренгендей күй кешкеніміз рас. Әлеуметтік желі ағамызды жоқтаған жазбаларға толып кетсе, мерзімді ақпарат құралдарында естеліктер айтылып, жазылып жатты. Біз сол тұста осы дүниелер күндердің күні қажетке жарар деген ниетпен барлық жазбаны жиып-теріп, бертінде «Біздің Бейсен» кітабын құрастырдық. Ол еңбекке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтқан жеделхаты, министрлер, әкімдер, депутаттар, журналистер, дос-жаран, таныс-білістің бәрінің жазған естеліктері топтастырылды. Сонан беріде мектептерде, университеттерде, бұқаралық ақпарат құралдарында Бейсен Құранбек есімін ұлықтауды көздейтін түрлі мәдени-ғылыми жобалар қолға алынып, байқаулар ұйымдастырылып келеді. Болашақта бұл іс тоқтамайды деп сенеміз. Біздің мақсат – сол шаруаға атсалысып жатқан зерделі жастарға қолғабыс қылу.
Ал биыл Есболаттың мұрындық болуымен Бейсен Құранбек қаламынан туған мақалалар мен сұхбаттар жеке кітап болып басылып шықты. «Парасат биігі» аталған еңбек журналистің жылдар бойғы еңбегінің жинақталған нұсқасы ғана емес, оны сағынған қалың көпшіліктің сағынышын басатын еңбекке айналғаны анық.
– Мен үшін Бейсен ағамның жөні бөлек, ол мінездің энциклопедиясы секілді құбылыс еді. Оның тұла бойы – адамды жақсылыққа жетелейтін қасиеттердің қоймасы. Байыппен қарасаң бір басынан бәрін табасың. Шешім қабылдап, мінез танытар жерде – батыл, «суық» ақылға салар сәтте – сабырлы, ұлықтар мен бай-бағланның алдында бүгежектеп жасқанбайтын өжет, өзінен атақ-дәреже, мансабы төмен жұртпен сөйлесе қалса – кеуде кермес қарапайым, жаурағанға пана болған қамқор, қиналғанның қажетін ашар жомарт, сөйлесе – шешен, іс бастаса – көсем. Баланың да, дананың да тілін табады, айтқанын тыңдата алады, өзі де өзгені тыңдай біледі. Қысқасы, данышпан Абай айтқан толық адам: нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың иесі еді. Сол себепті Бейсен ағама «Парасат» деп ат қойып алған едім. Аға дүние салған соң жарық көрген кітабын осы атаумен «Парасат биігі» деп атадық. Себебі адам парасатты болып тумайды. Өсе келе, жүре бара қалыптасады. Кез келген биікке жету үшін етектегі сай мен шұңқырдан, төскейдегі жыра-жықпылдан, қия-қырқадан өту керек. Бейсен ағамыз да парасат биігіне жетер жолда талайды өткерді, талай мінезді көрді, жақсыдан тәлім алып, өнеге жиды, жаманнан жиренді. Бұл кітап сол жолдан аз да болсын мағлұмат береді. Сонау тоқсаныншы жылдары «Спорт» газетінде жарияланған мақала-репортаждары, азамат болып қалыптасқан тұста қағазға түсірген ой-толғамдары, әр жылдары баспасөз бетінде жарияланған сұхбаттары топтастырылды, - дейді тағы Бейсен Құранбектің ізбасары, жазушы-журналист Есболат Айдабосын.